Ауа райы
Нұр-Сұлтан 6 °С
Алматы 12 °С
валюта бағамы
USD 379.36
EUR 424.47
RUB 5.88
CNY 54.95

Қостанайда «Өнер барысы» анықталды

2019 жылдың 21 сәуір 2019 23:47 871

ҚОСТАНАЙ. ҚазАқпарат - Қостанайда екінші рет мәдениет, өнер саласында жүрген азаматтар арасында «Өнер барысы» турнирі өтті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

 Облыстық мәдениет және спорт басқармаларының қолдауымен өткен биыл 30-ға жуық әуесқой палуан тіркелген. Облыстық мәдениет басқармасының басшысы Ерлан Қалмақовтың сөзінше, жарыс екінші жыл қатарынан қайырымдылық мақсатта ұйымдастырылып отыр.

«Бұл жобаға облыстық қазақ драма театрының әртісі Төленді Әлқожа бастамашы болды. Мәдениет басқармасы әртістің бұл ұсынысын қолдады. 1-2 ай дайындалып, мәдениет және өнер қызметкерлерінің күніне орайластырып өткіздік. Осындай ауқымды жарыстың басқа өңірлерде, әсіресе, Нұр-Сұлтан қаласында өткеніне қуаныштымыз. Бұл «Өнер барысының» жаңа деңгейде шыққаны деп білеміз. Ең бастысы, аталған турнир «Рухани жаңғыру» бағдараламасымен мазмұндас», - дейді басқарма басшысы.



Былтырғы жарыстан түскен қаржы Торғай селосының кішкентай тұрғыны Ақерке Жексенбайға көп функциалды есту аппаратын сатып алу үшін жұмсалғанын айта кетейік.

Сонымен, екі топқа бөлініп белдескен палуандар арасында 74 келге дейінгі салмақта Қуаныш Әбілев  бірінші орынды жеңіп алды. Екінші орынды Есбол Жатқанов еншіледі. Үшінші орынға Қанат Ражанов жайғасты. Ал ауыр салмақта белдескен топ арасынан Әділхан Сейілхан суырылып алға шығып, «Өнер барысы» белдігін жеңіп алды. Нұрмұхамед Серікбаев тиісінше екінші орынды еншілесе, Елдар Балаханов жүлде көмбесінің үшінші сатысына көтерілді.



«Осы турнирге қатысу арқылы өнерпаздардың спорттан алшақ емес екенін байқауға болады. Бір жағынан, саламатты өмір салтын насихаттауға үлес қосып келеміз деп ойлаймын. Бастысы, жарысқа қатысу еді. Бағым жанып бірінші орынды иелендім.Бәрінен бұрын жарыстың қайырымдылық мақсатта өткізілгені қуантады», - дейді қостанайлық «Өнер барысы».

Идея авторы Төленді Әлғожиннің айтуынша, бұл турнир дәстүрлі түрде жыл сайын өткізіледі.

Айта кетейік, «Өнер барысы» республикалық турнирінің ауыр салмақтағы бас жүлдесін Сырымбет Бибосынов жеңіп алған еді.

 

 

 

 

Жоғары қарай