Ауа райы
Астана 12 °С
Алматы 19 °С
валюта бағамы
USD 389.52
EUR 429.21
RUB 6.07
CNY 54.94

Қостанайда аң аулау алқаптары үшін конкурс онлайн түрде өткізілмек

2019 жылдың 3 мамыр 2019 21:46

ҚОСТАНАЙ. ҚазАқпарат - ҚР Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің облыстық департаменті мемлекеттік қызметтерді оңтайландыру және цифрландыруға көшу туралы кеңес өткізді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Осы жылдың сәуір айынан бастап «Қостанай - адалдық алаңы» жобалық кеңсесі жергілікті атқарушы органдармен бірге мемлекеттік қызметтер бойынша сараптама жұмыстарын жүргізеді. Бұл жолғы талдау 3 салада жүргізілді. Олар - автомобиль көлігі, сәулет және қала құрылысы, табиғи ресурстар. Мамандар талдау жасауға 30 қызмет түрін таңдап алды.

«2019 жылдың бірінші тоқсанында тұрғындарға 476 мың мемлекеттік қызмет көрсетілді. Аталған салалардың әрқайсысында мемлекеттік қызметтерді алу кезінде кемшіліктер анықталды. Соның бірі - инженерлік желілерге қосылу. Мұны кәсіпкерлер тұрақты түрде көтеріп, дабыл қағып келеді. Бұл мәселені шешуге аудан-қалалардың әкімдері атсалысуы тиіс», - деді департаменттің басқарма басшысы Гүлнар Шағырова.

Жиында конкурс өткізу және лимиттер мен квоталарды бөлудің ашықтығы туралы сөз болды. Заң бойынша, жеке немесе заңды тұлғалар өздеріне бекітіп берілген алқаптарда немесе су айдындарында аңшылық немесе балық шаруашылықтарын жүргізуге құқылы. Олар рұқсат қағазын алу үшін табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасына жүгінуі тиіс. Тиісінше, алқаптарды бекіту туралы шешім конкурс қорытындысы негізінде қабылданады.

«Бұл ретте конкурс ескірген тәсілмен өткізіледі. Ұйымдастырушылар қағаз конверттер арқылы дауыстарды есептейді және салыстырмалы кестелерді қолмен толтырады. Бұл дұрыс емес. Айтарлықтай уақыт жұмсаумен қатар, сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылықтарының қаупі байқалады. Аңшы немесе балықшылар тамыр-таныстары арқылы алқаптарға ие болуы мүмкін. Бүгінде «электрондық мемлекеттік сатып алу», «Е-минфин» сияқты заманауи платформалардың барын еске саламыз. Мемлекеттік мекемелер конкурстарды онлайн өткізуі керек. Мұның бюджет қаражатын тиімді пайдалану, процестің ашықтығы, бәсекелестіктің тең шарттары, қағаз құжат айналымын қысқарту, жинақталған ақпаратқа жылдам қол жеткізу сияқты мүмкіндіктері бар», - деді Г.Шағырова.

Ақпараттық технологияларды кеңінен енгізуге қарамастан, су жануарларын аулауды есепке алу әлі күнге дейін қағаз журналдарда жүргізілетіні айтылды.

Айта кетейік, 2019 жылы мемлекеттік қызметтің 80% электронды форматқа ауысады.

Жоғары қарай