Ауа райы
Астана 8 °С
Алматы 14 °С
валюта бағамы
USD 389.98
EUR 434.01
RUB 6.10
CNY 55.04

Қостанай облысының бюджетіне өзгерістер енгізілді

2019 жылдың 24 қаңтар 2019 22:46

ҚОСТАНАЙ. ҚазАқпарат - Қостанай облысының 2019-2021 жылдарға арналған бюджетіне өзгертулер енгізілді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Бүгін өңір басшысы Архимед Мұхамбетовтің қатысуымен аймақтық мәслихаттың кезектен тыс сессиясы өтті. Жиында 2018 жылдың 12 желтоқсанында қабылданған №347 «Қостанай облысының 2019-2021 жылдарға арналған бюджеті» құжатына өзгертулер енгізу жөнінде шешім қабылданды. Облыстық экономика және бюджетті жоспарлау басқармасы басшысының орынбасары Жанна Шаймарданова өткен жылғы бюджеттен артық қалған қаражатты биыл бірқатар салаларға аударуды сұрады. Оның дені медицина саласына жұмылдырылуы тиіс.

«2019 жылы денсаулық сақтау басқармасына 822 млн теңге қажет. Атап айтқанда, дәрігерлердің біліктілігін арттыруға 100 млн, Қостанай қалалық ауруханасына жалпақ детекторлы мобильді хирургиялық жабдық аппаратын сатып алуға 175 млн, Қостанай қалалық ауруханасы, Қостанай қалалық №3 емханасы, Рудный қалалық және Әуликөл, Қарабалық аудандарының ауруханаларына 5 цифрлы рентген аппаратын сатып алуға 396 млн теңге бағыттау сұралады. Ұзынкөл ауданына заманауи медициналық аппарат, облыстық көз ауруханасына лазерлік құрылғы, Қашар селолық ауруханасына 2 жедел жәрдем көлігін сатып алу жоспарланған. Ал Қамысты аудандық ауруханасын күрделі жөндеу үшін бастапқыда 50 млн теңге қажет, - деді басқарма басшысының орынбасары.

Жиында мәдениет, жастар ісі жөніндегі, спорт және дене шынықтыру, үйлестіру және жұмыспен қамту, кәсіпкерлік және индустриалды-инновациялық даму, энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы басқармаларына да қаражат аударылатыны айтылды. Мәселен, мәдениет басқармасына республикалық ғылыми конференциясы, облыстық қызғалдақтар фестивалін өткізу мен киелі нысандарға экскурсия жүргізу үшін 33,1 млн теңге берілді.

«Білім басқармасына қажет 421,1 млн теңгенің 223 миллионы Сарыкөл ауданының Ново-Урицкий орта мектебі мен Арқалық қаласындағы №2 орта мектебін күрделі жөндеу үшін жұмсалады. Мемлекеттік-жекеменшік серіктестік аясында Сарыкөл ауданындағы 18 мектептің жылу қазандықтарын сенімді басқаруға беруге 105,7 млн теңге, Рудный тау-технологиялық, Рудный құрылыс және көлік, Лисаков техникалық колледждерінің материалдық-техникалық базасын жақсартуға 85,5 млн теңге қарастырылады. Ветеринария басқармасына ірі қара малының жұқпалы ауруға шалдықпауының алдын алуға екпе салу үшін 78,2 млн теңге қажет, - деді Жанна Шаймарданова.

Жалпы, былтыр облыс бюджетінің 2 млрд теңгеден астам қаражаты артық қалған. Облыс әкімі Архимед Мұхамбетов айтқандай, ақшаның едуәір бөлігі медицина саласына қарастырылғанын, бюджетке өзгеріс енгізуді қолдайтынын айтты.

«Жоғарыда айтылған заманауи медициналық аппараттарға түсу үшін тұрғындар Астана, көрші Ресейге баруға мәжбүр. Сондай-ақ, аурухана мен білім ордаларына жөндеу жүргізу де заманның талабы. Олар отыз-қырық жыл жөндеу көрмеген нысандар. Ал малдың қандай да бір ауруларға шалдықпауы экономикамыз үшін тиімді. Малдан ауру шықса, оны сырт елдерге шығара алмайтынымыз белгілі. Біз былтыр 1700 тонна ет экспорттадық, биыл он 3000 тоннаға жеткіземіз деп отырмыз», - деді А.Мұхамбетов.

Жоғары қарай