Ауа райы
Астана -9 °С
Алматы -2 °С
валюта бағамы
USD 385.55
EUR 426.57
RUB 6.05
CNY 54.77

Қостанай облысының әлеуметтік нысандары қысқы маусымға дайын

2019 жылдың 16 қыркүйек 2019 15:58

ҚОСТАНАЙ. ҚазАқпарат – Облыс әкімі Архимед Мұхамбетовтің төрағалық етуімен өткен селекторлық кеңесте өңірдік алдағы жылу маусымына дайындығы талқыланды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Облыстық энергетика және тұрмыстық-коммуналдық шаруашылық басқармасының басшысы Алмат Исенбаевтың айтуынша, жаңа жылу маусымына дайындық аясында жоспарланған міндеттердің барлығы жүзеге асырылған. Қазір өңірде 736 дербес жылу жүйесі мен 105 қазандық жылу таратуға сақадай сай тұр. Жылу маусымына дайындық барысында 18,4 шақырым жылу жүйесі және 95,7 шақырым су құбыры жөндеуден өткен. Кейбір елді мекендерде жылу құбырларының біразы егістік алқаптары арқылы өтеді. Оларға күзгі жиын-терін жұмыстары аяқталған соң жөндеу жүргізіледі.

«Облыстағы әлеуметтік нысандар мен тұрғын-үйлер де күз-қыс маусымына толығымен дайын. Биыл әлеуметтік нысандарға жылу тарататын 125 қазандық жөндеуден өткен. Жалпы, өңірде 377,6 мың тонна көмір қоры бар. Жылу маусымы аяқталғанша барлығы 485,1 мың тонна көмір жағылады деп күтілуде», - деді басқарма басшысы.

Облыс әкімі Жангелдин, Қамысты, Қарасу, Меңдіқара, Бейімбет Майлин, Науырзым аудандарының әкімдеріне бюджеттік мекемелерге көмір жеткізуді жеделдетуді тапсырды.

«Қысқы отын қорын дайындау барысына, әсіресе, шалғай аудандар мұқият қарауы керек. 7 немесе 10 күнге жететін көмір жинап қойдық деген әңгіме болмасын. Көмір қоры кем дегенде 1 айға жететін болсын. Қыста ауа райы бұзылып, жол жабылып қалып жатса, коммуналдық мекеме қызметкерлеріне ауыр тиеді. Сондықтан көмір қорын мол қамдап алу керек. Аудан әкімдеріне қазірден бастап ескертемін. Бұған тікелей жауап бересіздер. Аудандар мен ауылдарда көмір жеткілікті болуы керек», - деді облыс әкімі Архимед Мұхамбетов.

Сонымен қатар Арқалық қаласына мазут жеткізу барысы да жоспарлы түрде жүзеге асырылып жатыр. Арқалықта былтырғы маусымнан қалған 1,84 мың тонна мазут бар. Қалған мазут қазан айынан бастап алдағы жылдың ақпанына дейін жоспарлы түрде жеткізіледі.

Жиында жылу ақысының уақытылы төленбеу себептері де сөз болды. Бүгінде тұрғындардың жылу компанияларына берешегі 244 млн теңгеге жеткен. Облыс әкімі берешектің бүгінге дейін 30% ғана өтелгенін, бұл коммуналдық мекемелердің жұмысына кері ықпал ететінін айтты. Тиісінше, жауапты орган басшыларына қарызды өндіру шараларын қатаңдатуды тапсырды.


Жоғары қарай