Ауа райы
Нұр-Сұлтан 14 °С
Алматы 18 °С
валюта бағамы
USD 383.69
EUR 429.08
RUB 5.97
CNY 55.39

Қостанай облысында мұғалімдер жетіспейді

2019 жылдың 27 сәуір 2019 21:42 763

ҚОСТАНАЙ. ҚазАқпарат - Қостанай облысында 200-ге жуық педагог маманы жетіспейді. Бұл туралы А.Байтұрсынов атындағы Қостанай мемлекеттік университетінде облыс әкімі А.Мұхамбетовтің қатысуымен өткен жиында айтылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Жиында мектеп жұмысын жетілдіру, оқу-тәрбие процесінің сапасын арттыру сынды мәселелер сөз етілді. Қазіргі уақытта өңірде шағын жинақты мектептердегі кадрлардың тұрақтамауы проблемаға айналып отыр. Оның басты себебі - кез келген маманға ЖОО-да алған мамандығы бойынша толық жүктемемен жұмыс ұсыну мүмкіндігінің болмауы. Сонымен қатар бірнеше білім беру деңгейлерінің бағдарламаларымен шағын кешенді мектепте жұмыс істеу қиындығы байқалады. Өйткені мұғалім әр жастағы балаларды оқытады.

«Жас мамандарды тұрғын үймен қамтамасыз ету мәселесі де өзекті. Басты міндетіміз - өңір үшін бәсекеге қабілетті педагогикалық кадрларды даярлауға бағытталған академиялық қызметті жетілдіру. Осы мақсатқа жету үшін жоғары білікті педагог кадрларды даярлау үшін жағдай жасау қажет. Әр аудан-қаланың әкімі бұл мәселені жіті қадағалуына алсын», - деді Архимед Мұхамбетов.

Ы.Алтынсарин атындағы Арқалық мемлекеттік педагогикалық институтының ректоры Сейітбек Қуанышбаев жоғарыда аталған проблемаларды шешу жолдарына тоқталды.

«Мектептердің 60%-дан астамы Қостанай облысының Арқалық қаласына жақын орналасқан кенттерге, Жанкелдин және Аманкелді аудандарына тиесілі. Бүгінгі күні педагогикалық кадрларға деген қажеттілік 200-ге жуық маманды құрайды. Бастауыш буын мұғалімдерінің, математика, физика, химия, орта буын ағылшын тілі мұғалімдерінің тапшылығы үнемі байқалады. Мектепке дейінгі білім беру ұйымдарында мамандардың жетіспеушілігі өзекті мәселе болып отыр. Институт жыл сайын 250-ге жуық білім бакалаврларын даярлайтынына қарамастан, ауылдарда мамандардың жетіспеушілігі азаймайды, бұл педагогикалық жүктеменің төмендігіне байланысты. Осыған байланысты, 2018 жылдан бастап институт "Математика-Физика", "Математика-Информатика", "Физика-Информатика" болып қосарлас мамандықтар даярлауға көшті», - деді С.Қуанышбаев

2018-2019 оқу жылы аталмыш институт өзге білім беру мекемелерінде мамандардың жетіспеуіне байланысты жоғары курстардан 66 студентті педагогикалық қызметке орналастырды. Оқу процесі кезінде дуалды оқуға қатысқан студенттер диплом алғаннан кейін мектеп директорларымен келісім-шарт негізінде жұмысқа тұрады.

Архимед Мұхамбетов институт ректорының жұмысына оң бағасын беріп, осы басталған науқанды әрі қарай сәтті жүзеге асыруды тапсырды.

 

 

Жоғары қарай