Ауа райы
Астана -6 °С
Алматы -2 °С
валюта бағамы
USD 389.34
EUR 428.78
RUB 6.05
CNY 55.45

Қостанай облысында егін орағы аяқталды

2019 жылдың 17 қазан 2019 22:55

ҚОСТАНАЙ. ҚазАқпарат – Қостанай облысының диқандары қамбаға 3 млн 967 мың тонна астық құйды. Бұл туралы облыстық Ауыл шаруашылығы басқармасы мәлімет берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Аймақтағы астық шығымы, орта есеппен, гектарына 7,6 центнердің айналасында болды. Ең озық көрсеткіш – 13,5 цн/га Федоров ауданына тиесілі. Одан кейінгі нәтиже Сарыкөл, Ұзынкөл, Қарасу, Меңдіқара және Қостанай аудандарында. Ал өңірдің оңтүстік аудандарындағы нәтиже көңіл қуантарлықтай емес.

«Бидай жинау аяқталды. Биылғы көрсеткіш былтырға қарағанда екі миллион тоннаға кем. Қамбаға құйылған бидайдың 68 проценті үшінші санатқа жатқызылады. «Азық-түлік келісімшарты корпорациясы» АҚ үшінші санатты бидайдың бағаларын жариялады. Қазір бұл баға 70-76 мыңның айналасында. Дей тұрғанмен, ауыл шаруашылығы тауар өндірушілері астығын сатуға асығар емес. Өйткені, алдағы уақытта баға көтерілуі мүмкін. Астық нарығында баға тұрақсыздығы байқалады. Бағаның қалыптасу кезеңін дөп басып айту қиын», - дейді облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының бас маманы Нұрсұлтан Қабделов.

Қазіргі таңда майлы дақылдарды теру жұмыстары жалғасуда. Зығыр, рапс егілген 510 мың гектар аумақтың 347-сіне орақ түскен. Орташа шығым – гектарына 4,8 га. Бұл да былтырғы көрсеткіштен әлдеқайда төмен. Жазғы аптап ыстықтан облыстағы 74 мың гектар алқап күйіп кеткен. Соның нәтижесінде, жүздеген шаруа сақтандыру төлемақысына қол жеткізді.

Айта кетейік, биылғы орақ науқанының толық нәтижесі қараша айының бас кезінде өтетін дәстүрлі агрожиында қорытындыланады.

Жоғары қарай