Ауа райы
Астана 6 °С
Алматы 9 °С
валюта бағамы
USD 389.86
EUR 435.32
RUB 6.12
CNY 55.12

Қостанай облысында аудан әкімінің орынбасары туысын жұмысқа алған

2019 жылдың 1 сәуір 2019 22:12

ҚОСТАНАЙ. ҚазАқпарат - Мемлекеттік қызметшілер арасында мүдделер қақтығысы туындауының алдын алу мақсатында жергілікті атқарушы органдарда арнайы талдау жүргізілді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі мамандары Қостанай облысының бірқатар мекеме-ұйымдарына тексеру жүргізген. Нәтижесінде, кей аудандарда жақын туыстардың бірге қызмет істеп жүргені анықталды.

«Қостанай облысында мемлекеттік қызметте мүдде қайшылығының алдын алу жұмыстары 2016 жылдан бастап жүйелі түрде жүргізіліп келеді. Жақын туыстардың, жекжаттардың бірлескен жұмысы мүдделер қақтығысына әкеледі. Туыстық байланыс арқылы жұмысқа қабылдану фактілері Денисов және Федоров аудандарында тіркелген. Мысалы, Денисов ауданы әкімінің орынбасары жүргізуші ретінде өзінің туысын жұмысқа алған. Ол адам материалдық шығындарға жауапты саналады. Жанармай алуға, қызметтік автокөліктің қосалқы бөліктеріне өтінім береді. Мүдделер қақтығысын болдырмау мақсатында жүргізуші өз еркімен жұмыстан кетті», - делінген ведомствоның хабарламасында.

Департаментте атап өткендей, таныс-тамыр арқылы жұмысқа орналасу әрекеттері қызмет сапасына теріс әсер етеді. Сонымен қатар, жауапты мемлекеттік лауазымды атқаратын адамдарға, мемлекеттік функцияларды орындауға уәкілеттік берілген адамдарға теңестірілген адамдарға, егер мүдделер қақтығысы орын алған болса, лауазымдық міндеттерін жүзеге асыруға тыйым салынады.

Жоғары қарай