Ауа райы
Нұр-Сұлтан 11 °С
Алматы 24 °С
валюта бағамы
USD 383.43
EUR 429.83
RUB 5.96
CNY 55.39

Қостанай облысында 5,3 млн гектарға егін егіледі

2019 жылдың 19 мамыр 2019 02:16 786

ҚОСТАНАЙ. ҚазАқпарат - Биыл Қостанайда 5,3 млн гектар егіс алаңына дән егіледі, деп хабарлайды ҚазАқпарат облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының бас маманы Нұрсұлтан Қабделовке сілтеме жасап.

Көктемгі дала жұмыстарын оңтайлы мерзімде аяқтау үшін егіс алқаптарында дән себу жұмыстары қызу жүріп жатыр. Биыл майлы дақылдар алқабы 46 мың гектарға ұлғайтылды. Алқаптарды әртараптандырудың нарық қажеттілігі екенін шаруалар жақсы біледі. Сондықтан, рапс, зығыр, күнбағыс егуге басымдық берілген. Ауыл шаруашылығы басқармасындағылардың сөзінше, дән себу жұмыстарына 23 мың трактор, өнімділігі жоғары 900 техника тартылған.

«Егіс алқаптарын әртараптандыру жұмыстары жылма-жыл қарқын алып келеді. Нәтижесінде 475 мың гектарға майлы дақылдар егіледі. Сонымен қатар мал азығына арналған шабын жерлер 50 мың гектарға ұлғайды. Былтыр 215 мың гектардан шөп түйілген болатын», - деді  Нұрсұлтан Қабделов.

Жалпы, осы жылы егіс алаңының аумағы шамамен 5,3 млн гектарға тең. Оның 70% жуығы бидайға тиесілі.  Көкөніс пен картоп алқабы да ұлғайтылады.  Бүгінде егіс алқаптарының біразы игерілді.

Егіс науқанына 23 мың трактор, 22 мың дән сепкіш, 913 жоғары өнімді егін егу кешендері  тартылған. Көктемгі дала жұмыстарын агротехникалық талаптарға сай жүргізу үшін шаруаларға мемлекет тарапынан жәрдем жасалды. Арзандатылған бағамен 71 мың тонна жанар-жағармай  бөлінбек. Бір литрдің бағасы - 183 теңге.

«Қазірге дейін облысқа 46 мың тонна дизель отыны жеткізілді.  Дәнді оңтайлы мерзімде себу - мол өнім алудың кепілі. Былтыр 680 мың тонна бидай сыртқы нарыққа жөнелтілді. Негізгі экспорталатын мемлекеттер тізімінде Ресей, Өзбекстан, Қырғызстан, Ауғанстан, Иран елдері бар», - дейді Н.Қабделов.

2018 жылы  аймақ аграрийлері ел қамбасына  5 млн гектар астық құйған болатын. Диқандар қауымы биыл да егіннің бітік шығатынына бек сенімді.

 

 

Жоғары қарай