Ауа райы
Астана -10 °С
Алматы -2 °С
валюта бағамы
USD 386.19
EUR 427.71
RUB 6.07
CNY 54.87

Қостанай облысына 196,2 млрд теңге инвестиция тартылды – Архимед Мұхамбетов

2019 жылдың 30 қазан 2019 14:49

ҚОСТАНАЙ. ҚазАқпарат – Қостанай қаласында өткен «Nur Otan» партиясы фракциясының отырысында өңірлерді дамыту бағдарламасы талқыланды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Nur Otan» партиясы филиалының төрағасы - облыс әкімі Архимед Мұхамбетов өңірдің әлеуметтік-экономикалық жетістіктері туралы баяндады. Аймақ басшысының айтуынша, үш жыл ішінде ішкі өңірлік өнім халықтың жан басына шаққанда 51,5% артты. Өңдеу өнеркәсібінің көлемі 87,7% артты. Өнеркәсіпте де, ауыл шаруашылығында да еңбек өнімділігі жоғары. Тіпті, өңірде өмір сүру ұзақтығы 2015 жылмен салыстырғанда бір жарым жылға – 72,3 жасқа дейін ұзарған.

«Үшінші тоқсанның қорытындысы бойынша макроэкономикалық көрсеткіштердің басым бөлігі оң динамиканы көрсетеді. Өнеркәсіптік өндірісте 15,1% (862,8 млрд теңге) өсім қамтамасыз етілді. Құрылыс жұмыстарының нақты көлем индексі 105,7% деңгейінде, яғни көлемі 85 млрд теңгеге жетті. Жыл басынан бері 16,2% өсіммен 264,5 мың шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілді. Облысқа 196,2 млрд теңге инвестиция тартылды», - деді облыс әкімі.

Жиын барысында Архимед Мұхамбетов «Үздік әлеуметтік жобалар» республикалық конкурсының аймақтық кезеңінің жеңімпаздарын құттықтап, ақшалай сертификаттармен марапаттады.

Бірінші орынды «Рауан» жастар қоғамдық бірлестігі иеленді. Оған 1 млн теңге табыс етілді. Екінші орынды 700 мың теңгенің сертификатын алған «Umit-Надежда» ҚБ еншіледі. «Қостанай қалалық мүгедектердің ерікті қоғамы» ҚБ 3-ші орын және 500 мың теңге алды. Қарабалық ауданы мен Рудный ерікті мүгедектер қоғамы белсенділік танытқаны үшін 100 мың теңге алды.

«Мүмкіндігі шектеулі адамдарды қолдау саласында жұмыс істейтін қоғамдық бірлестіктерді құттықтаймын. Бұл қаржы сіздерге әрі қарай жұмыс істеуге және өз мақсаттарыңызға жету үшін қажет болады», - деп атап өтті өңір басшысы.

Жиын барысында партияның депутаттық фракцияларына бір ай ішінде қалалар мен аудандарда облыс аумақтарын дамытудың 2016-2020 жылдарға арналған бағдарламасын іске асыру мәселелерін қарастыру жүктелді. Сондай-ақ бағдарламаның оң аспектілерін жариялау үшін медиажоспар мен спикерлер дайындау, қоғамдық мониторингті күшейту, депутаттарға аумақтарды дамыту жобасын қалыптастыру бойынша ұсыныстарды жинау және талдау қажеттігі тапсырылды.

Жоғары қарай