Ауа райы
Астана 6 °С
Алматы 18 °С
валюта бағамы
USD 389.81
EUR 430.27
RUB 6.06
CNY 54.91

Қос қолы жоқ тараздық кәсіпкер: Талаптансаң жетістікке жетесің

2019 жылдың 21 қыркүйек 2019 11:20

ТАРАЗ. ҚазАқпарат – Жамбылдық Анар Бексұлтанова қос қолы жоқ болса да, екі аяғымен іс тігіп, өзінің жеке кәсібін жүргізіп отыр, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Дүниеге екі қолсыз келген Анар Бексұлтанова бүгінде қыз жасауын тігіп, көпке іскерлігімен, батылдығымен және өжеттілігімен танылып отыр. Ол ең алғаш «Janome» тігін машинасымен құрақ құрап, көрпе тігуді үйреніпті. Әлі күнге сол тігін құралымен жұмыс істеп, еңбек етуде екен.




Бүгінде ол екі қыздың анасы. Аяғымен тігін тігіп, шағын кәсібін дөңгелетіп отырған тігінші өзін де, қыздарын да асырап, бірнеше адамның табыс табуына мүмкіндік жасауда. Оның бұл әрекеті – көпке үлгі.

Осыдан 4 жыл бұрын Анар «Бизнестің жол картасы – 2020» бағдарламасы аясында 3 миллион теңге қайтарымсыз грант ұтып алып, тігін цехын ашқан болатын. Содан бері елден тапсырыс алып қыз жасауын тігуде. Оның айтуынша, қазіргі таңда тапсырыс берушілер өте көп екен. Бір аптада 4-5 қыздың жасауын тігіп беріп отыруда.

Анар кезінде тігін цехын үлкейткісі келетіндігін, мүгедектігіне байланысты екінші деңгейлі банктерден несие ала алмай жүргенін айтып, несие алуға көмектесуін сұраған болатын. Оның қайсарлығы өңір басшысы Асқар Мырзахметовты да бей жай ққалдырмады.

Сол несиеге Анардың қол жеткізгенін өңірімізге Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың жұмыс сапарымен келіп, «Arai Plaza» бизнес орталығында облыстың зиялы қауым, ардагерлер, қоғамдық бірлестіктер, үкіметтік емес ұйымдар мен этно-мәдени бірлестіктердің өкілдерімен және жастармен өткізген кездесуінде білген едік.

Анар Бексұлтанова сол жиында өзінің бұл дүниеге екі қолсыз келгеніне қарамастан, жоғары оқу орнын аяқтап, 20 жыл облыстық музейде жұмыс істегенін айтты.

Бүгінде ол екі қыз тәрбиелеп, жеке кәсіпкерлікті қосымша алып жүр.




«Жұмыс істеймін деген азаматтарға екі қолға бір күрек табылады. Мен аяғыммен іс тігемін, сурет те саламын. Көрмелерге де қатысамын. Үй шаруасымен де айналысамын. Үйімнің бір бөлмесінен тігін цехын аштым. Сол жерде қыз жасауын тігіп отырмын. Осы ісімді бастағанда «Бизнестің жол картасы – 2020» бағдарламасы аясында 3 миллион теңге қайтарымсыз грант жеңіп алып, жеті тігін машинасын алдым. Төрт әйелді жұмыспен қамтыдым. Жақында осы ісімді кеңейту үшін екінші денгейлі банктен тағы да 3 миллион теңге несие алып отырмын», - дейді Анар.

Қазір ол ауласында жаңа ашқалы отырған тігін цехының жұмысы аяқтап, тігін станоктарын орнатуда екен.

Осы бір тағдырдың басқа салғанына қарсы тұрып, кәсіп ашып, өзгелерге жұмыс беріп отырған кәсіпкер жуырда Қазақстан Республикасы Ұлттық экономика министрлігінен Құрмет грамотасымен марапатталыпты. Анар өзінің аз ғана уақытта еңбегі еленіп, осындай марапатқа ие болып жатқанына қуанышты.

«Жұмыс істегісі келетін адамдарға жұмыс табылатындығын, талаптанса жетістікке жетуге болады», - деп қосты Анар.

Оның алдағы мақсаттарының бірі – қыз жасауын сататын дүкен ашу.



Жоғары қарай