Ауа райы
Астана -7 °С
Алматы 2 °С
валюта бағамы
USD 375.87
EUR 406.24
RUB 5.84
CNY 53.45

Коронавирус инфекциясы: Қытайдан келген жолаушылар жіті тексерілуде

2020 жылдың 16 қаңтар 2020 11:08

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Қытайда тіркелген коронавирус инфекциясына байланысты Қазақстанның шекаралық және кедендік қызметі бақылауды күшейтті, деп хабарлайды ҚазАқпарат Хабар 24 арнасына сілтеме жасап.

Бас санитар дәрігердің тапсырмасымен жолаушыларға арнайы жадынамалар таратылып, аурудың алдын алу шаралары жүргізілуде.

Әлемде бұрын-соңды болмаған бұл дерттің белгілері қандай? А типті пневмония ауруы Қытайдың Ухань қаласында өткен жылдың соңында тіркелген.

Ал біздің елдегі қоғамдық денсаулық сақтау қызметкерлерінің сөзінше, бұрын-соңды болмаған вирустың белгілері қарапайым тұмауға ұқсайды.

«Бұл ауру бұрын адамдарда тіркелмеген коронавирус. Бұны бөліп алып, лабораторияларда зерттеп жатыр. Бұл аурудың клиникалық көрінісі жалпы респираторлық синдром ауруларымен бірдей. Жеңіл ғана түшкіру жөтелуден басталады. Әрмен қарай дене қызуының көтерілуі, ауыр демалу, пневмония өте ауыр жағдайларда өлімге әкеледі», - дейді ҚР ҚДСО жұқпалы аурулардың алдын алу департаментінің директоры Жұмабек Бекенов.

Мамандар Қытайдағы инфекциялық ауру жануарлар арқылы немесе теңіз өнімдерінен таралды деген пікірде. Соңғы деректерге сай аурудың адамнан адамға жұғу фактілері тіркелмеген Дегенмен, сақтықта қорлық жоқ. Сондықтан шекарада Қытайдан келген жолаушылар жіті тексеруден өтеді.

Әуежайдың санитарлық-карантиндік бақылау қызметі халықаралық рейспен келген әр жолаушыны тепловизор арқылы тексереді. Бұл құрылғы адамның дене қызуын анықтайды. Егер жолаушының қызуы жоғары болса, ол бірден оқшауландырылып медициналық тексеруден өтеді. Жалпы жыл басынан бері Қытайдан Қазақстанға 10 мыңға жуық жолаушы келген.

«Қазіргі таңда Қытай Халық Республикасынан 28 әуе рейсі келеді. Оның 18-і - Алматы қаласына, 10 рейс - Нұр-Сұлтан қаласына келеді. Халықаралық рейстерге шығатын экипаж мүшелеріне жадынамалар таратылды. Барлығын осы аурудың алдын алу жолдарын және осы ауру анықталған кезде жүргізілетін алгоритмдермен таныстырдық», - деп атап өтті ҚР ДСМ Көліктегі тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасын бақылау департаментінің бөлім басшысы Дария Әзімбаева.

Қазақстанда коронавирус инфекциясы тіркелмеген. Алайда, қазір тұмаудың өршіп тұрған кезі. Сәйкесінше, суық тиіп, ақ халаттылардың көмегіне жүгінгендердің саны артқан.

«Тұмаумен ауыратын аурулар маусым кезінде тәулігіне 40 адамға дейін жетеді. Олардың 20-25-сі бізде ауруханаға жатқызылады. Оның көбі - жүкті әйелдер», - дейді көпбейінді медициналық орталықтың инфекция бөлімінің меңгерушісі Гүлжанат Шыршықпаева.


Басты сөздер: Қытай, Нұр-Сұлтан, Медицина,
Жоғары қарай