Ауа райы
Астана 10 °С
Алматы 15 °С
валюта бағамы
USD 389.62
EUR 429.98
RUB 6.06
CNY 55.08

Ағылшын ақыны «Құлагер» поэмасын қалай аударды

2019 жылдың 2 сәуір 2019 22:00

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Ілияс Жансүгіровтың «Құлагер» поэмасын ағылшын тіліне аударған ұлыбританиялық ақын, аудармашы Белинда Кук аударма ерекшеліктері туралы айтып берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Менің алғашқы аудармаларым Осип Мандельштам мен америкалық ақын Роберт Лоуеллді зерттеуге байланысты болды. Мандельштамды зерттеуге көмектескен Ольга Карлайл Мандельштамды орыс тілінен ағылшын тіліне жолма-жол аударма жасаған. Бұл Сталин қайтыс болғаннан кейінгі кезең. Кейін Ольганың көмегімен мен азаматтық соғыс кезінде Ресейді тастап кеткен эмигрант ақындардың дүниесіне кірістім. Бұл - құпиялық, белгісіздікке деген құмарлық, тағдыр неліктен дәл осы адамдармен байланыстырды деген сұрақ еді. Мен Қазақстанның ұжымдастыру кезеңіндегі және Ресейге қосылу уақытындағы қиындықтары туралы көп білмейтінмін. Тек Қазақстанда болып, «Құлагер» поэмасын оқығанда ғана сол кезде болған барлық қорқынышты сезіндім. Менде статистикалық мәліметтер болды, бірақ осы оқиғалардың артында жатқан адамзаттың қайғысының қаншалықты терең екенін түсінбедім. Қазақстаннан оралған соң «Ұлы жұт» және «Үнсіз дала» кітаптарын оқыдым. Бұл екі кітап маған көшпенділер мәдениетін толық жойылған кездегі қазақ халқының қайғысы туралы толық түсінік берді», - дейді аудармашы Белинда Кук.

Сондықтан, «Құлагермен» жұмыс істеу аудармашы үшін өте маңызды болған.

«Мен жолма-жол аударуға мәжбүр болдым, ол маған ыңғайсыздық туғызды, бүкіл тарихты көруге мүмкіндік бермеді. Сондықтан Жанар (Ілияс Жансүгіровтың ұрпағы Жанар Жандосова - ред.) мені Қазақстанға шақырды. Бұл сапарда менің айналамдағылардың барлығы поэмаға терең бойлауға көмектесті. Жанар мен оның отбасы поэманың тарихи және мәдени қырларын зерттеуге мүмкіндік берді. Бейтаныс тілден аудару тәжірибесі қалай ерекшеленетінін енді мен түсінемін. Негізі адамға жолма-жол аударма арқылы ортақ түсінік беретін адам керек. Содан кейін барлық нәрсе өз орнына түсуі үшін сізге мәдениеттің барлық аспектілеріндегі мамандармен көп қарым-қатынас жасау керек болады», - деді аудармашы.

Кітапта шетелдіктерге таңсық қазақ сөздерін түсіндіретін қосымша бар. Бұл терминдер географияны, рулық қауымдардың дәстүрлерін, жерлеу рәсімін және оның артындағы тарихты түсіну үшін өте қажет.

«Тарих саласындағы сарапшы Зифа Әуезова ағылшынтілді оқырмандарға поэманың неліктен қиын секілді естілетінін түсіндіріп берді: тілдің тығыздығы, синонимдердің көптігі және бір ұғымды әр түрлі сөздермен қайталау экзотикалық және гротескілік әсер туғызуы мүмкін. Бұл көне әрі бай тілмен өскен қазақ үшін қалыпты стиль болып көрінсе, шетелдік оқырмандар үшін ауыр тие ме деп қорқамын. Барлық қайталанатын ұйқасты дыбыстарды ағылшын тілінде қайталау мүмкін емес. «Құлагердің» тілі қазіргі заманға сай емес, ал біз заманауи дыбыстауға ұмтылдық. «Құлагерді» аударғандағы басты міндетім - ағылшынтілді оқырманға эмоционалды түрде әсер ету және қарапайым сөздерді қолдану арқылы сезімді жеткізу болды. Қарапайымдылық бізге тереңірек сезінуге мүмкіндік береді», - дейді Белинда Кук.

Айта кетейік, бүгін ҚР Ұлттық академиялық кітапханасында Ілияс Жансүгіровтің ағылшын тіліне аударылған «Құлагер» кітабы таныстырылды. Бұған дейін «Құлагер» поэмасы орыс және неміс тілдеріне аударылған болатын.

Жоғары қарай