Ауа райы
Астана -11 °С
Алматы -6 °С
валюта бағамы
USD 371.56
EUR 422.43
RUB 5.56
CNY 53.51

Көмір бағасын көтергендер миллиондап айыппұл төлейді

2018 жылдың 13 шілде 2018 02:53 78

КӨКШЕТАУ. ҚазАқпарат- Көкшетауда көмір бағасын негізсіз көтерген бірқатар кəсіпкерлер əкімшілік жауапкершілікке тартылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі соттың баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

ҚР Ұлттық экономика министрлігінің Табиғи монополияларды реттеу, бәсекелестікті және тұтынушылардың құқықтарын қорғау комитетінің Ақмола облыстық департаменті тарапынан тексеріс жүргізілді.

Онда «Косыгин» ЖК, «Жолдықов» ЖК, «Қазақстанның бөлшек көмір желісі» ЖШС, «ИВВИ» ЖШС, «СеверЭнергоУголь Снаб» ЖШС өзара келісе отырып, 2017 жылдың наурыз-сəуір, тамыз-қазан айларында Көкшетауда көмір бағасын еш негізсіз көтергені жəне ұстап тұрғаны анықталды.

Осылайша, олар ҚРƏҚбК 159 бабының 2 бөлігіне сəйкес заң бұзушылық жасаған.

Сол кезеңде тұрғындар тарапынан көмірдің тапшылығы туралы көптеген шағым түскен. Көмір сататын орындарда көмірдің тапшылығын пайдаланып, көтерме сауда-саттық жасаушылар оның бағасын еш негізсіз көтерген.

«Құзыретті органдар нарық субъектілері ұсынған материалдарды зерттей келе, тексеріс жүргізілген мерзімде жеткізіп берушілер тарапынан көмір бағасында өзгеріс болмағанын анықтады. Бұған қоса,  салық жəне ҚР өзге де заңнамасында, тұтыну динамикасында, табиғи монополиялар субъектілерінің қызмет көрсету тарифінде, өндірісте қолданылатын тауарлар жəне шикізат бағасында өзгерістер болған жоқ,  сондай-ақ, айтылған мерзімде  тауар сату да жүргізілмеген», -деп көрсетілген қаулыда.

Осыған орай, қарағандылық «Косыгин» ЖК-ге 3,416 миллион теңге айыппұл салынды. Заңсыз түскен табыс 23,3 миллион теңге ақшасы мемлекетке кіріс ретінде тәркіленді.

Сонымен қатар, астаналық «СеверЭнергоУголь Снаб» ЖШС-на 2,9  миллион теңге көлемінде айыппұл салынды.

Бұлардың да заңсыз тапқан 27,8 миллион теңге ақшасы мемлекетке кіріс ретінде тәркіленді.

 

 

Автор: Аслан Оспанов
Басты сөздер: Сот, Қоғам, Ақмола облысы,
Жоғары қарай