Ауа райы
Астана -3 °С
Алматы -3 °С
валюта бағамы
USD 384.97
EUR 427.12
RUB 6.04
CNY 54.75

Көлсай мен Шарында экологиялық туризмнің ілкі жобасы жүзеге асады

2019 жылдың 14 тамыз 2019 18:27

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Қазақстанның үш ұлттық табиғи паркінде экологиялық туризмді дамытуға арналған ілкі жоба жүзеге асады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

ҚР Экология, геология және табиғи ресурстар министрі Мағзұм Мырзағалиев пен Мәдениет және спорт министрі Ақтоты Райымқұлова Көлсай, Шарын және Іле Алатауы аумағында экологиялық туризмді дамытуға бағытталған бірлескен жұмыс туралы келісімге қол қою рәсіміне қатысты. Келісім Kazakh Tourism ұлттық компаниясы мен «Шарын», «Іле Алатауы», «Көлсай көлдері» мемлекеттік табиғи парктері арасында жасалды.




Келісім бойынша экологиялық туризмді дамытудың жаңа үлгісі әуелі осы үш паркте жүзеге асып, жақсы нәтиже беріп жатса, қалған 10 паркке де енгізілмек. Соның арқасында тараптар 2025 жылға елдегі ұлттық парктерге демалуға келетін туристер санын 1,3 млн адамнан 3,4 млн-ға жеткізбекші. Бірлескен жобалар аясында 20 мың қосымша жұмыс орны ашылып, салаға 5-7 жылдың ішінде 100 млрд теңге инвестиция тартылмақ.

«Экологиялық туризм бойынша ұлттық табиғи парктердің әлеуеті орасан. Олар ерекше күзетілетін аумаққа жатады. Мұндағы экожүйені сақтай отырып, ұлттық парктер аумағын экологиялық ағарту, ғылыми, туристік, рекреакциялық, шектеулі шаруашылық мақсаттарға пайдалану ісін реттеу – басты міндеттің бірі. Елімізде 13 ұлттық табиғи парк болса, бүгін сол нысандардың жаңа тарихы басталды деп айтуға толық негіз бар», - деді ҚР Экология, геология және табиғи ресурстар министрі Мағзұм Мырзағалиев.




Мәдениет және спорт министрі Ақтоты Райымқұлова келісімнің туризмді тұрақты дамытуға жол ашатынын атап өтті.

«Бірлескен жобалар аталмыш үш парк аумағында туризмді тұрақты дамытуға әлемдік үздік тәжірибелерді қолдану арқылы басқарудың жаңа моделін ұсынғалы отыр. Бұл модель нәтижелі іске асқан жағдайда ел аумағындағы басқа ұлттық саябақтарға енгізіледі», - деді Ақтоты Райымқұлова.




Жоғары қарай