Ауа райы
Астана -12 °С
Алматы -3 °С
валюта бағамы
USD 386.19
EUR 427.71
RUB 6.07
CNY 54.87

Көлсай көлдерінен медуза табылды

2019 жылдың 5 шілде 2019 14:00

АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - ҚР АШМ Орман шаруашылығы мен жануарлар әлемі комитетінің баспасөз хатшысы Сәкен Ділдахмет Facebook парақшасында Көлсай көлдерінен медуза табылғанын жариялады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Оның айтуынша, ерекше күзетілетін территорияларда «Балық шаруашылығы ғылыми-өндірістік орталығы» ЖШС мамандары Орта және Төмен Көлсайдағы фаунаны 2016-2019 жыл аралығында зерттеп келеді.

Атап айтқанда, гидробиология мен гидроаналитика зертханасының қызметкерлері көл түбіндегі микроорганизмдерді бақылауға алған.

«Орта Көлсай суынан тұщы суда өмір сүретін медуза табылғанда таң қалдық. Біздің су қоймаларында бұл жәндіктер өте сирек кездеседі. Алайда соңғы жылдары тұщы суда өмір сүретін жылу сүйгіш медузалардың барлығы жиі айтылып келеді. Бұндай тіршілік иесі Шымкент жанындағы Тоғыз көлінен де табылған», - деді Сәкен Ділдахмет.

Мамандардың пікірінше, Limnocnida tanganyicae және Craspedacusta sowerbii медузаларының суда пайда болуына су температурасының жайлылығы ықпал етеді.

«Көлсайда жазда су температурасы 15-16 градустан аспайды. Бұл медузалар үшін ең шекті температура болып табылады. Олардың Көлсай көлдеріне қалай түскені белгісіз. Бұл медузаны көлге туристердің бірі алып келген болар. Немесе бір құс әкелген болар. Төменгі температурада медузалардың көбеюі ақылға сыймайды. Себебі, Көлсай көлдерінен медузалар қайталап табылып жатқан жоқ», - деді ол.

Алайда мамандар осы ерекше күзетілетін аймақтың фаунасын барынша бақылауға алу керектігін ескертеді.

Автор Гүлмира Ғосманәли
Басты сөздер: Экология, Алматы,
Жоғары қарай