Ауа райы
Астана -22 °С
Алматы -1 °С
валюта бағамы
USD 388.07
EUR 427.54
RUB 6.08
CNY 55.36

Көлікті айдап кетіп, ізін суыту үшін оны өртеп жіберген ұры ұсталды

2019 жылдың 18 қазан 2019 11:30

ТҮРКІСТАН. ҚазАқпарат - Шымкент қаласының тұрғыны Төлеби АПБ-не жазған арызында көлігін белгісіз біреулердің айдап кеткенін көрсеткен, деп хабарлайды ҚазАқпарат Полиция департаментінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Ол кешкі уақытта ауыл ішіндегі дәмхананың біріне кіріп шыққан кезінде машинасы орнында жоқ болып шыққан.

Аталған жайт сотқа дейінгі тергеп-тексерудің бірыңғай тізіліміне енгізіліп, ҚР ҚК-нің 200-бабы «Автомобильді немесе өзге де көлік құралдарын ұрлау мақсатынсыз заңсыз иелену» бойынша тіркелді.

Оқиға орнына жеткен полицейлердің анықтауынша, жәбірленуші кафеге кірерде кілтін оталдырғышында қалдырып, есігін құлыптамай кеткен. Содан сатуға алып келген заттарын көрсету үшін дәмханаға кіріп, 15 минуттан соң шыққанында көлігі жоқ болған. Жәбірленушінің айтуынша, автокөліктің ішінде 48 дана иіссу, самсунг маркалы 2 дана ұялы телефон және 10 мың теңге ақшасы болған. Жәбірленушіге келтірілген жалпы шығынның көлемі 1,5 миллионға жуық теңгені құрады. Орын алған қылмысты ашу, күдіктіні ұстау мақсатында төлебилік полицейлер жақын аймақтарды аралап шығып, куәгерлерден сұрастырып, ақпарат жинады. Нәтижесінде күдікті ретінде Төлеби ауданының тұрғыны, бұрында ұрлық жасап сотты болған жас жігіт құрылысы бітпеген үйдің ішінде қолға түсті.

Тергеу барысында, күдіктінің түнгі уақытты және бөгде адамдардың жоқтығын пайдаланып, ашық тұрған автокөлікті айдап кеткендігі анықталды. Сондай-ақ, көлікті өз қажеттілігіне пайдаланып, оның жанармайы таусылған соң ұсталып қалмау үшін өртеп жібергені белгілі болды.

Баукеспенің бұдан өзге Төлеби ауданында 2 тұрғын үйді үптеп кеткені анықталды. Бірінші ұрлыққа түскен тұрғын үйден алтын жүзік пен 8000 теңгелік спорттық аяқ киімді жымқырған. Келесі үйден ерлер сағаты мен ұялы телефонын және жамылғыларды қолды қылғандығы белгілі болды. Ол өз кінәсін толық мойындап отыр. Күдікті қамауға алынды.
Ол ҚР ҚК-нің 188-бабы, 200-бабы, 202-баптарында көзделген қылмыстық құқықбұзушылықты жасаған. Аталмыш 3 бап бойынша іс қозғалды. Қазіргі таңда басқа да істерге қатыстылығы тексерілуде. Тергеу амалдары жүргізілуде.
Жоғары қарай