Ауа райы
Астана 6 °С
Алматы 12 °С
валюта бағамы
USD 389.59
EUR 429.06
RUB 6.05
CNY 55.07

Көкшетауда 8 жасар қыз қайырымды жандардың арқасында обырды жеңді

2019 жылдың 13 қаңтар 2019 20:33

КӨКШЕТАУ. ҚазАқпарат - Көкшетау қаласындағы Бейсеновтар отбасында тұратын 8 жасар Жанель Бейсенова қайырымды жандардың арқасында «қан рагы» сырқатын жеңді. Қыз баланың болашақтағы арманы туралы ҚазАқпарат тілшісіне оның анасы Айнагүл айтып берді.

2016 жылдың сəуір айында дəрігерлер Жанель Бейсеноваға миелодиспластикалық синдром (МДС) диагнозын қойған. Рефрактерлік анемия, яғни темір препараттарымен және витаминдермен емдеуге келмейтін қан ауруы. Сол сәттен бастап Бейсеновтер отбасында қиын күндер туды, кішкентай Жанельдің өмірі үшін күрес басталды. Отандық дəрігерлер оны сырқатынан айықтыруға дəрменсіз болады. Астанадағы Ана мен бала орталығындағы емдеу шаралары еш нəтиже бермеген. Сол кезде қаршадай қызды шетелде жасалатын жілік майын ауыстыру отасы ғана құтқара алатыны айтылады. Осыған орай, оның Түркиядағы «Medical Park» емханасында емделуіне мемлекет тарапынан квота бөлінеді. Алайда, емделу тегін болғанымен шетелге баратын жолақысы, отадан кейінгі оңалту шараларына қосымша қаражат қажет еді. Осы кезде мұқтаж отбасына Қазақстан халқы Ақмола Ассамблеясы көмек қолын созған.

«Қазақстан халқы Ақмола Ассамблеясы жанындағы Аналар кеңесі ұйымдастырған қайырымдылық акциясының арқасында Жанель Бейсенованың ата-анасына қажетті қаражат жиналды. Кішкентай Жанельдің басына түскен қиындыққа бейжай қарамай, «Шын жүректен» акциясына облыстық, қалалық, аудандық мемлекеттік құрылымдардың және жеке ұйымдардың, этномәдени бірлестіктердің басшылары, қала тұрғындары қатысты», - дейді Ақмола облысы әкімінің жанындағы «Қоғамдық келісім» мекемесінің қызметкері Бақыт Мұхамедрахымова-Тасова.

«Жарты жылға жуық уақыттан кейін күйеуіме Ақмола Ассамблеясынан хабарласып, акция өткізілгенін және үш балаға 1 млн 200 мың теңге ақша жиналғанын айтты. Бізге тапсырылған 400 мыңнан астам теңге визаны ресімдеуге жетті. Жілік майын шұғыл түрде ауыстыру операциясы Жанельдің әкесінен жасалды. Күйеуім де жолға қаражатты әрең тапты. Оған мешітте көмектесті», - деп еске алды Айнагүл.

2016 жылы 22 желтоқсанда Түркияның «Medical Park» емханасында күрделі ота сəтті жасалады. Бүгінгі таңда, Жанельдің денсаулығы жақсарып, бар қиын күндер артта қалды. Ол ата-анасымен үш айда бір рет Астанадағы Ана мен бала орталығының онкология бөліміне анализдер тапсырып тұрады. Сонымен қатар, Жанель үйде білім алу арқылы екінші сыныптың бағдарламасын меңгеруде.

«Негізгі қиындықтар артта қалды деген сенім басым. Осыншама сынақтан өткенімізге кейде тіпті сену қиын. Ақмола Ассамблеясына, біздерге көмек қолын созған және әлі де қолдау білдіріп отырған жандардың баршасына айтар алғысым шексіз. Сіздердің қолдауларыңыздың арқасында біз мүмкін емес жағдайға қол жеткіздік. Ауыр науқасты жеңдік!», - дейді Жанельдің анасы.

Айта кетерлігі, Бейсеновтар отбасының тұрғылықты баспаналары жоқ, жалдамалы пәтерде тұрады. Бірақ, үй иелері - Жомарт пен Айнагүл екеуінің рухтары мықты.

Жақында «Сарқыт» айлығы шеңберінде Ақмола облысындағы Аналар кеңесінің төрайымы Зере Қиықова бастаған Қазақстан халқы Ақмола Ассамблеясының бір топ мүшесі Бейсеновтар отбасында болып, Жанельге, оның жетінші сыныпта оқитын ағасы Темірланға және екі жасар қарындасы Нарғызға сыйлықтар үлестірді.

Жоғары қарай