Ауа райы
Астана -13 °С
Алматы -5 °С
валюта бағамы
USD 386.19
EUR 427.71
RUB 6.07
CNY 54.87

Көкшетау күніне тарту: 195 пәтердің кілті тапсырылды

2019 жылдың 13 шілде 2019 19:10

КӨКШЕТАУ. ҚазАқпарат - Көкшетау қаласында көпбалалы және әлеуметтік жағынан әлсіз топтарға жаңа 195 пәтердің кілті тапсырылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Көкшетау қаласының 195-жылдығына арналған облыс орталығындағы Абылай хан алаңында «Көкшетау – бақытты отбасы мекені» тақырыбымен өткен шараға Ақмола облысы әкімі Ермек Маржықпаев қатысып, тұрғындарға жаңа пәтер кілтін тапсырды.

Аталған тұрғын үй мемлекеттік «Нұрлы жер» бағдарламасы бойынша салынып отыр. Көпқабатты жаңа тұрғын үйден баспаналы болып отырғандар арасында көпбалалы және әлеуметтік жағынан аз қамтылған отбасылар, жетімдер бар.





«Еліміздің Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев: «Отанға деген сүйіспеншілік отбасынан басталады. Туған шаңырақтан алған тәрбие – бұл барша халқымыздың бақуатты да табысты болашағының кепілі» деп атап өтті. Бүгінгі «Көкшетау - бақытты отбасы мекені» атты іс-шарамыздың басты мақсаты да осы ұлағатты сөздерде жатыр. Осы тамаша күнде қуанышқа қоныс ұласып, шаңырақтарыңызға бақ – береке әкелсін», - деді Ермек Маржықпаев жаңа пәтер иелерін құттықтау сөзінде.





Аймақ басшысы атап өткендей, Көкшетау қаласының 195 жылдығына орай жыл басынан бері әртүрлі форматта барлығы 300-ден астам іс-шара ұйымдастырылған екен. Соның біразы бүгін қала күні жүзеге асырылды. Оның ішінде бүгін таңертең қаланың мерейтойына тарту ретінде «Көкше CITY» серіктестігінде өндірістік жаңа цехы мен «Балапан» бағдарламасы бойынша «Зерек» балабақшасы ашылды. Шараға қатысқан аймақ басшысы Көкшетау қаласы бойынша алдағы уақытта да балабақшалар мен жаңа мектептер құрылысы кең көлемде жүргізілетінін айтты.





«Көкшетау» мәдениет сарайының алаңында «Қазақстанның үздік тауарлары» аумақтық көрме жәрмеңкесі қала жұртшылығына көтеріңкі көңіл-күй сыйласа, «Арқаның кербез сұлу Көкшетауы» атты салтанатты шарада көпбалалы аналар «Алтын алқа» және «Күміс алқа» төсбелгісімен марапатталса, облыс орталығының дамуына елеулі үлес қосқан азаматтарға «Көкшетау қаласының құрметті азаматы» атағы берілді.




Ал, «Құлагер» атшабарында ұлттық спорт ойындары, атжарыс тартысты. Ең қызығы «Құрақ көрпе – Fest» шарасы жұртшылықтың зор ынтасын туғызды. Ұзындығы 16 шақырым болатын көкшетаулық шеберлер жасаған құрақ көрпе мен осы көрпелерден жасалған 34 метр шеңбер «Гиннестердің рекордтар» кітабына енді. Енді міне, көпбалалы және әлеуметтік жағынан әлсіз топтарға жаңа 195 пәтердің кілті тапсырылып отыр.

Айта кетейік, бүгінгі күні Көкшетау қаласында 2 мыңнан астам көпбалалы отбасы болса, оның 400-ге жуығы пәтер кезегінде тұр. Сондықтан, биылғы жылы барлығы 470 пәтер кілтін тапсыру жоспарланған. Оның біразы Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі арқылы шешімін таппақшы


Жоғары қарай