Ауа райы
Астана -15 °С
Алматы -4 °С
валюта бағамы
USD 386.44
EUR 428.37
RUB 6.06
CNY 54.93

Көбіне төменгі сатыдағы орындаушылар жауапкершілікке тартылады - сенатор

2019 жылдың 6 маусым 2019 17:22

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Бүгін Парламент Сенатының жалпы отырысында депутат Әлімжан Құртаев квазимемлекеттік саладағы кемшіліктерді атады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Айта кетейік, палатаның жалпы отырысында «ҚР Үкіметі мен Есеп комитетінің 2018 жылғы республикалық бюджеттің атқарылуы туралы есептері талқыланды.

«2018 жылға арналған республикалық бюджеттің негізгі параметрлері туралы баяндамашылар айтып өтті. Макроэкономикалық жағдайдың қолайлы шарттарында республикалық бюджеттің негізгі бағыттары іске асырылды. Өндіріс пен сауда өсімінің арқасында, сондай-ақ мұнай бағасының өсуі арқасында экономиканың өсімі қамтамасыз етілді. Соңғы уақыттары бюджетті орындау жаңа сапалы сатыға өтті. Алайда, әлі шешімін таппаған бірқатар мәселелер бар. Есеп комитетінің мәліметіне сәйкес, квазимемлекеттік сала субъектілері тиімділігінің төмендігі байқалады. Квазимемлекеттік саланың жалпы таза кірісі 2018 жылы 18 пайызға ғана өсіп, ал шығыстары 5 есеге артты. Бүгінгі күні осы сектордағы субъектілер қызметіндегі нәтиженің жеткіліксіздігінен бюджетке дивиденттердің түсуі дұрыс қамтамасыз етілмей отыр», - деді Ә. Құртаев.

Оның сөзіне қарағанда, соңғы 4 жылда дивиденттердің және таза кіріс төлемдерінің көлемі екі есеге жуық қысқарды. Ал жыл сайын осы салаға мемлекеттік бюджеттен көлемді мөлшерде қаржы бөлініп келеді. Сондықтан ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың жаңа мемлекеттік компанияларды құруға мораторий жариялауы уақтылы әрі қажетті шешім.

«Қазір бізге экономикадағы квазимемлекеттік саланың рөлі мен нақты қатысу параметрлерін анықтау қажет. Үкіметке квазимемлекеттік сектор субъектілеріне беріліп отырған ресурстарды ұтымды пайдалану және оларды тиімді басқаруға қызықтыру мақсатындағы тиісті шараларды әзірлеген жөн. Екіншіден, бюджет қаржысын тиімді емес пайдалану мәселесін және бюджет бағдарламасындағы басшылардың тиісті жауапкершілігінің болмауын Парламент депутаттары бірнеше рет көтерді. Есеп комитеті көрсеткендей, 2018 жылы сапалы емес бюджеттік шешімдер 138 млрд теңгенің тиімсіз шығыстарына, оның ішінде 26 млрд теңге қаржылық бұзушылықтарға әкелді», - деді сенатор.

Осы орайда ол мемлекеттік аудиттің нәтижесі бойынша лауазымды тұлғалардың жауапкершілігі туралы енгізіліп отырған ескертпелер олардың формалды түрде орындалуына байланысты тиісті нәтиже бермей отырғандығын атап өтті.

«Көп жағдайларда тек төменгі сатыдағы орындаушылар тәртіптік жауапкершілікке тартылады. Осы мәселенің шешімі қолданыстағы заңнамаға бұзушылықтың ауыртпалығына қарай, қаржылық бұзушылықтар үшін, сондай-ақ мемлекеттік активтерді және бюджеттік қаражатты тиімсіз жоспарлау әрі тиімсіз пайдалану үшін лауазымды тұлғалардың жауапкершілігін күшейту бөлігінде өзгерістер енгізуді талап етеді», - деді Әлімжан Құртаев.

Автор Руслан Ғаббасов
Басты сөздер: Экономика, Бюджет, Сенат,
Жоғары қарай