Ауа райы
Астана -7 °С
Алматы -1 °С
валюта бағамы
USD 386.19
EUR 427.71
RUB 6.07
CNY 54.87

ҚХЛ: «Барыс» турнир кестесінде алтыншы орынға көтерілді

2019 жылдың 27 қыркүйек 2019 22:21

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Бүгін елордалық «Барыс» құрлықтық хоккей лигасындағы кезекті кездесуін бүгін Челябіде жергілікті «Трактор» командасына қарсы өткізеді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Барыс» соңғы ойындарды сәтті өткізіп келеді. Бұдан бұрын қатарынан үш мәрте жеңіске жетті. Елордалық клуб 25 қыркүйекте Ресейдің «Металлург» (Магнитогорск) командасын тізе бүктірген еді.

Бүгінгі кездесуде айдын иелері алғаш болып есеп ашқан еді. Олардың қатарынан алдымен 9-минутта Ессе Виртанен мергендік танытты. Арада екі минут өткенде «Барыс» хоккейшілері таразы басын теңестірді. Бұл сәтте Даррен Диц өз шеберлігін көрсетті. Елордалық клуб 51-минутта тағы бір шайба соқты. Ол Корбан Найттың еншісіне жазылды. Кездесуде елордалық клуб 2:1 есебімен басым түсті.

«Трактор» 20 қыркүйекте Алматыда «Барыстан» 0:2 есебімен жеңіліп қалған еді.

«Барыс» осылайша қатарынан төртінші мәрте жеңіске жетіп отыр. Нәтижесінде турнир кестесінде 6-орынға көтерілді. Сондай-ақ, шығыс конференциясында екінші орын алса, Чернышев дивизионында көш басына шықты.

Елордалық клуб енді үш ойынды өз алаңында өткізеді. Алдымен 30 қыркүйекте Қытайдың «Куньлунь Ред Стар» командасымен кездессе, одан кейін 3 қазанда Нижний Новгородтың «Торпедо», 6 қазанда Череповецтің «Северсталь» клубымен шеберлік байқасады.

Автор Әділжан Үмбет
Басты сөздер: Спорт, Қоғам,
Жоғары қарай