Ауа райы
Астана -7 °С
Алматы 0 °С
валюта бағамы
USD 379.75
EUR 415.18
RUB 5.78
CNY 54.19

ҚХЛ: «Барыс» өз айдынында «Металлургті» жеңді

2020 жылдың 16 қаңтар 2020 22:01

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Бүгін елордалық «Барыс» құрлықтық хоккей лигасындағы кезекті кездесуінде Ресейдің «Металлург» (Магнитогорск) командасын қабылдады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Бүгінгі ойында қос команданың да белсенділігі айқын аңғарылып тұрды. Бірінші кезең тартысты өрбіді. Десе де қос команда да бір-бірінің қақпасынан саңылау таба алған жоқ.

Алғашқы гол ойынның 29-минутында соғылды. Бұл сәтте «Барыс» сапынан Линус Виддель мергендік танытты. Ал 34-минутта елордалық хоккейші Даррен Диц есепті үстемелей түсті. Ойынның 39-минутында ресейлік Андрей Нестрашил есеп айырмасын қысқартты.

Үшінші кезеңде елордалық хоккейшілер сәтті бастады. Кездесудің 42-минутта «Барыс» хоккейшісі Корбан Найт «Металлург» қақпасын дәл көздеді. Оның әріптесі Роман Старченко да 45-минутта қанжығасын майлады. Андрей Нестрашил 49-минутта бүгінгі кездесудегі екінші шайбасын соқты. Ал 56-минутта «Металлург» сапынан Виктор Антипин мергендік танытты. Бұдан кейін ресейлік клуб таразы басын теңестіруге ұмтылды. Дегенмен ол мақсатына жете алған жоқ. Осылайша елордалық клуб қарсыласын 4:3 есебімен тізе бүктірді. «Барыс»қатарынан үш мәрте жеңіске жетіп отыр.

Бұдан бұрын «Барыс» елордада Ресейдің «Салават Юлаев» командасын жеңді.

Енді «Барыс» қатарынан төрт ойынды сырт айдында өткізеді. Алдымен 21 қаңтарда Финляндияда жергілікті «Йокеритпен» кездессе, одан кейін 23 қаңтарда Ресейдің СКА (Санкт-Петербург), 25 қаңтарда «Салават Юлаев» (Уфа), 27 қаңтарда «Автомобилист» (Екатеринбург) командаларымен шеберлік байқасады.


Автор Әділжан Үмбет
Басты сөздер: Спорт,
Жоғары қарай