Ауа райы
Астана -26 °С
Алматы -5 °С
валюта бағамы
USD 387.37
EUR 428.55
RUB 6.06
CNY 55.06

ҚХЛ: «Барыс» көшбасшы командадан басым түсті

2019 жылдың 20 қазан 2019 19:50

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Бүгін елордалық «Барыс» құрлықтық хоккей лигасындағы кезекті кездесуінде Ресейдің «Витязь» (Подольск) командасын қабылдады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Витязь» командасы биыл жақсы ойын өрнегін көрсетіп келеді. Қазір турнир кестесінде екінші орында тұр. Бүгінге дейін олар 18 ойыннан кейін 29 ұпай жинаған еді. Ал «Барыс» 17 ойыннан кейін 24 ұпай жинап, турнир кестесінде жетінші орында тұрған болатын.

Сондықтан бүгінгі ойын тарысты өтті. Голды алдымен «Витязь» хоккейшілері соқты. Оны кездесу басталғанынан небәрі 38-секунд өткенде Александр Сёмин соқты. Ал 4-минутта «Барыс» сапынан Антон Сагадеев таразы басын теңестірді.

Екінші кезеңнің 34-минутында елордалық клуб сапынан Дастин Бойд өз командасын алға шығарды. Дегенмен 49-минутта «Витязь» хоккейшісі Александр Сёмин аталмыш кездесудегі өзінің екінші голын соқты. Негізгі кезеңі 2:2 есебімен тең аяқталды. Нәтижесінде ойын овертаймға ұласты. Овертаймда жеңіс шайбасын Дастин Бойд өз еншісіне жазды. Нәтижесінде елордалық клуб 3:2 есебімен жеңіске жетті.

Аталмыш жеңісінен кейін «Барыс» жалпы турнир кестесінде бесінші орынға көтерілді. Ал батыс конференциясында олар үздік үштікті түйіндесе, Чернышев дивизионында екінші орынға жайғасты.

Бұдан бұрын елордада «Барыс» екінші ойын қатарынан жеңіліп қалды.

Енді «Барыс» алдағы үш ойынын сырт айдында өткізеді. Алдымен 22 қазанда Беларусьтің «Динамо» (Минск) командасымен кездессе, одан кейін Ресейдің «Локомотив» (Ярославль), «Ак Барс» (Қазан) командаларымен шеберлік байқасады.

Автор Әділжан Үмбет
Басты сөздер: Спорт, Нұр-Сұлтан,
Жоғары қарай