Ауа райы
Астана 8 °С
Алматы 18 °С
валюта бағамы
USD 389.59
EUR 429.06
RUB 6.05
CNY 55.07

Кездейсоқ заңгерлер үшін сот жүйесіне жол жабылды - Жоғарғы сот төрағасы

2019 жылдың 27 маусым 2019 15:51

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат -Биыл жыл соңына қарай қызмет бабындағы судьялардың лауазымына қаншалықты лайықты екенін тексеру басталады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Бұл туралы Жоғарғы сот төрағасы Жақып Асанов ҚР Президенті жанындағы адам құқықтары жөніндегі комиссияның кеңейтілген мәжілісінде айтты.

«Комиссияның Жоғарғы сотта өтуі тегін емес.Адамдардың құқығын қорғау - сот жүйесінің ең негізгі міндеті. Сот процестеріне қатысушы тараптарға жағдай жасау бойынша көптеген өзгерістер жасалып жатыр», - деген Жоғарғы соттың төрағасы Жақып Асанов бүгінде сот жүйесіне сапалы маман іріктеу реформасының екінші кезеңі басталғанын атады.

«Бұған дейін қызметке кірісуші судьяларды жаңа талап бойынша қабылдадық. Менің жеке пікірім бойынша, қазір сот жүйесінде карьералық өсу процесі әділ өтіп жатыр. Оны бір ғана дүниеден байқауға болады. Соңғы кезде маған ешкім ондай мәселемен өтініш айтпайтын болды. Өйткені, менің қолымнан біреуді судья етіп тағайындау немесе қызметте өсіру келмейді. Барлығын арнайы жасақталған комиссия шешеді. Қазір кездейсоқ заңгерлер үшін сот жүйесіне жол жабылды деп сеніммен айта аламын. Ендігі мәселе қызмет бабындағы судьялардың сапасына қатысты болып тұр. Жүйедегі судьяларды осы жылдың аяғынан бастап тексере бастаймыз. Мұнда да озық мемлекеттердің тәжірибесіне негізделген ереже бекітіледі. Тексерудің әділ өтуін қадағалайтын комиссия құрылды. Оның жұмысына мен араласа алмаймын. Басқа да әріптестерімнің араласпауын талап етемін. Осылайша екі жылдың ішінде жүйедегі судьялардың қызметіне толық баға берілетін болады», - деді Жақып Асанов.

Еске салсақ, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Жоғарғы Сот төрағасы Жақып Асановқа сот жүйесін жетілдіру жұмыстарын жалғастыруды тапсырған болатын.

Алдағы 2,5 жылдың ішінде сот жүйесі лайық емес кадрлардан толық тазартылмақ.

Жоғары қарай