Ауа райы
Астана -3 °С
Алматы 7 °С
валюта бағамы
USD 365.49
EUR 420.35
RUB 5.60
CNY 52.66

«Кейкі мерген» телесериалы Тәуелсіздік күні мерекесінде көрерменге жол тартпақ

2018 жылдың 14 маусым 2018 18:00 1309

АСТАНА. ҚазАқпарат - 1916 жылғы Торғай даласында болған ұлт-азаттық көтерілістің батыры, атақты мерген Нұрмағанбет Көкембайұлы туралы телехикая 16 желтоқсанда экранға шығады деп жоспарлануда. Бұл туралы «Кейкі мерген» телехикаясының кеңесшісі Шөптібай Байділдин мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат агенттігі.

«Кейкі батыр - ерлігімен халық жадында мәңгі қалған адам. Алайда, Кеңес үкіметі кезінде батырдың атын атауға тыйым салып, кейінгі ұрпаққа әйгілі  мерген жайында мардымды мәлімет жете қойған жоқ. Мен Кейкі Көкембайұлы туралы 1963 жылдан бері зерттеп келе жатырмын. Оның көзін көрген адамдармен көп жылдар бойы бірге жүрдім. Сол арқылы бабамыздың ерлік істеріне әбден қанығып, «Кейкі батыр» деген кітабымды жазып шықтым. Оның өмірі мен өнері киноға сұранып-ақ тұр. Бұл телехикая аты айтып тұрғандай батырдың өмірі мен өрлігін әсіресе мергендік шеберлігін көрерменге көрсетпекші. Бүгінгі ұрпақты батыр бабасымен таныстыратын керемет туынды болады деген үмітім бар. 16 бөлімнен тұратын телехикая Тәуелсіздіктің  27 жылдығына тарту болып, 16 желтоқсанда көрерменге жол тартпақ», - деді Арқалық қаласының құрметті азаматы, өлкетанушы Шөптібай Байділдин.



nullОның айтуынша, ел арасында таралған «Амангелді көз мерген, Кейкі қол мерген» деген сөздің мәнісі - Амангелді қай нысананы да көздеп атып, көздегенін мүлт жібермеген мерген болса, Кейкі кез-келген нысананы жүгіріп келе жатып та, атпен шауып жүріп те шапшаң атып түсіре беретін болған. Оның жастайынан мылтық атуға әбден машықтанғаны соншалық, қандай қимыл үстінде болса да нысананы дәл көздейді екен.



nullБүгінде батырдың бейнесін толық ашып, осындай жұрт білмейтін қырларын  таныту мақсатында көптеген еңбектер жазыла бастады. Әйгілі «қолмерген» жайында Ақан Нұрмановтың «Құланның ажалы» атты тарихи романы және ақын Серік Тұрғынбекұлының «Кейкі батыр» тарихи дастаны бар. Сонымен қатар, Ахметхан Байжан «Құлан Кейкі батыр» атты деректі хикаяттар жинағын, Әубәкір Қылышбайұлы «Құлан Қыпшақ Кейкі батырдан соң» кітапшасын жарыққа шығарды. Енді міне қазақ киносының алтын қоры тағы бір тарихи туындымен толықпақ.



nullЕстеріңізге сала кетейік, Президент Н.Ә.Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласы аясында «Qazaqstan» ұлттық телеарнасының тапсырысымен «Projects House» компаниясы 1916 жылғы ұлт-азаттық көтерілісінің  ұйымдастырушыларының бірі Кейкі батыр жайында «Кейкі Мерген» атты телехикая түсіруді қолға алған болатын. Қазіргі таңда бұл тарихи сериал Мұрат Бидосовтың режиссерлігімен Отырар мемлекеттік археологиялық қорық-музейінің ауласындағы Этно кешенде және Көне Отырар қаласында түсірілуде.

Нұржауған Мұқанова

Басты сөздер: Астана, Мәдениет,
Жоғары қарай