Ауа райы
Астана -4 °С
Алматы 0 °С
валюта бағамы
USD 387.14
EUR 428.18
RUB 6.06
CNY 55.23

Кеденнің уақытша сақтау қоймаларындағы автокөліктер кәдеге жарай ма

2019 жылдың 16 тамыз 2019 16:11

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Қаржы министрлігінің Мемлекеттік кірістер комитеті уақытша сақтау қоймаларында бағасы 500-9000 АҚШ доллары аралығындағы 117 автокөлік тұрғанын жария етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Уақытша сақтау қоймаларында қылмыстық және әкімшілік істер бойынша заттай дәлелдемелер ретінде алынған 2006-2016 жылдары шыққан көліктер тұр. Оның ішінде Қырғыз азаматтарының сенімхатымен Қырғыз Республикасынан Қазақстанға әкелінген жеңіл автокөліктер де бар. Аталған автокөліктер салық төленбеуі салдарынан кідіріп, қоймада тұр», - деп хабарлайды комитеттен.

2019 жылдың 13 тамызындағы жағдай бойынша уақытша сақтау қоймаларында 500-ден 9000 АҚШ долларына дейінгі бағамен тұрған 1965-2013 жылдары шығарылған 117 автокөлік бар. Оларды Еуразиялық экономикалық одақ аумағында пайдалануға тыйым салынған және көліктер қауіпсіздік бойынша техникалық регламенттерге сәйкес келмейді.

«Осылайша уақытша сақтау қоймаларында қымбат автокөлік құралдары жоқтығын хабарлаймыз. Техникалық регламентке сәйкес емес, бірақ бұдан әрі пайдалануға жарамды автокөлік құралдарын қосалқы бөлшектер бойынша сату құқығы «Оңалту және активтерді басқару компаниясы» АҚ ұйымына берілген. Сатуға және бұдан әрі пайдалануға жарамсыз автокөлік құралдары уәкілетті мемлекеттік органдармен келісілгенде және ақшалай қаражаттар іздестірілгеннен кейін кәдеге жаратылатын болады», - делінген хабарламада.

Еске сала кетсек, бұған дейін Қазақстандағы кеден қоймаларында бірқатар автокөлік пен ұшу аппараты «тұрып қалғаны» хабарланған болатын.

«Ұсталған тауарларды өткізуге жауапты әрі активтерді оңалту бойынша компаниялар тауарлардың құнын айқындай алмай жатады. Осыған байланысты кейбір тауарлар кеден қоймаларында әлі жатыр», - деген еді Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес агенттігінің алдын алу департаментінің басшысы Анар Жарова ведомствода өткен жиында.


Жоғары қарай