Ауа райы
Астана -1 °С
Алматы -4 °С
валюта бағамы
USD 384.63
EUR 427.98
RUB 6.08
CNY 54.68

«Қазіргі заман қаһарманы»: Акция Хромтауда жалғасты

2019 жылдың 13 қараша 2019 21:09

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - «Қазіргі заман қаһарманы» республикалық акциясы Ақтөбе облысының Хромтау қаласында жалғасын тапты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Ақтөбе облыстық ПД баспасөз қызметінің мәліметінше, Хромтаудағы салтанатты шара ең алдымен қызмет бабында қаза тапқан полицейлерге арналған ескерткішке гүл шоқтарын қойып, оларды еске алудан басталды. Ескерткіш қызметін атқару кезінде 1980 жылы қылмыскерлер қолынан қаза тапқан милиция майоры Бұжыр Иманғазин мен бұзақылар қолынан мерт болған учаскелік полиция қызметкері Қымбатқазы Оразалиннің есімдерін келешек ұрпақ жадында қалдыруға арналған болатын.







Шараға Хромтау ауданының тұрғындары мен жастар, ардагерлер, аудандық полиция бөлімінің жеке құрамы, қаза тапқан полицейлердің туыстары қатысты.

Жиналған көпшілік алдында сөз алған аудан әкімі Нағымжан Алдияров ауданға келген қонақтарға алғысын білдіріп, ел тұрғындарының тыныштығы мен қауіпсіздігі жолында анттарына адалдық танытқан асыл азаматтардың бейнесі отаншылдықтың жарқын үлгісі болып қала беретінін айтты. Шарада қаза болғандар бір минут үнсіздікпен еске алынды.




Сонымен қатар республикалық акция қатысушылары Хромтау қаласындағы №7 орта білім беретін мектеп ұжымы және оқушыларымен кездесті. Бұл кездесудің жастар үшін үлкен тәрбиелік мәні бар.

«Біздің мақсатымыз - елін сүйетін, антына адал, қызметін мүлтіксіз орындайтын осындай әріптестеріміздің ұмытылмас өнегелі өмір жолдарын жастарға үлгі ету. Соның нақты бір мысалы ретінде Ақтөбе қалалық полиция басқармасының жедел уәкілі полиция капитаны Әнуар Абдуллиннің ерлік әрекетін айтуға болады. Ол сейфтегі ақша мен алтын бұйымдарды ұрламақ болған қаруланған қылмыскерлерді басын қатерге тігіп, ұстаған болатын» - деді салтанатты шарада сөз алған ҚР ІІМ Кадр саясаты департаменті бастығының орынбасары полиция полковнигі Бақытжан Бейсеев.

Хромтаудағы кездесу соңында Алматы қаласы полиция департаменті ансамблінің шығармашылық ұжымы концерттік бағдарламасын ұсынды.




Акция Ақтөбе қаласында да жалғасын тауып, Қ. Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік мемлекеттік университетінде профессор-оқытушылар құрамы және студенттермен кездесуге ұласты.

Өскелең ұрпақтың отаншылдық рухын көтеретін бұл маңызды патриоттық шара қарашаның 14-інде Ақтөбе облысының Темір ауданында жалғасын таппақ.

15 қараша күні «Өнер орталығы» концерт залында салтанатты іс-шараның қорытынды бөлімі өтеді. Онда Ішкі істер министрі атынан марапаттаулар мен алғыс хаттар табыс етіледі.

Акция соңында ақтөбелік тұрғындар назарына Алматы қалалық полиция департаменті ансамблінің концерттік бағдарламасы ұсынылады.




Автор Марлан Жиембай
Басты сөздер: Ақтөбе облысы, Қоғам,
Жоғары қарай