Ауа райы
Астана 19 °С
Алматы 29 °С
валюта бағамы
USD 384.06
EUR 429.19
RUB 6.08
CNY 55.83

Қазалы тұрғыны 7 гектарға жеміс бағын екті

2019 жылдың 18 маусым 2019 06:15 657

ҚАЗАЛЫ. ҚазАқпарат - Қазалы ауданының орталығы - Әйтеке би кентінің тұрғыны Нәби Жидебай 7 гектар жерге алма, алмұрт және жүзім көшеттерін екті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Тұңғыш Президент - Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев «Болашаққа бағдар.: рухани жаңғыру» бағдарламасында «Туған жер» бағыты арқылы көгалдандыру мән берілуі тиіс екенін атап көрсеткен. Сондай-ақ, туған жерге деген сүйіспеншілік- Қазақстанға деген патриоттық сезімге ұласатынын айтып өткен болатын.

Қазалы ауданы әкімдігі баспасөз қызметінің хабарлауынща, Нәби Жидебай Басықара ауылынан бес шақырым жердегі ескі дарияның орнынан алма бақ өсіруді қолға алған. 

«Былтыр аукцион арқылы Басықара ауылынан 50 гектар жер алдым. Осылайша көптен ойда жүрген істі бастадым. Мезгілінде үй іргесіне түрлі жеміс-жидектер отырғыздым. Тіпті, қайбір жылы 15 түптей жүзімнен бір тоннаға жуық өнім алған едім. Кейін шарбақтан үй тұрғызатын болып, бәрін кесіп тастауға тура келді. Сонымен сырттан жер алып, жеміс-жидек өсіруді қолға алдым», - деді Нәби Жұмабайұлы.

Бүгінде Нәби былтыр 5 гектар алқапқа 200 түп алма, алмұрт, 300 түп жүзім және 20 түп қызыл шие көшетін отырғызған. Бағбан көшеттерді Түркістан облысының Сарыағаш ауданынан алдырды. Оның айтуынша, алма, алмұрттың бұл сорты қысқа төзімді.

Бағбанның ендігі мақсаты - сол алма, алмұрттан мол өнім алу. Қазір ол әр ағашты жеке-жеке қарап, баптап, күтіп жүр. Аталған алма, алмұрт сортының толық жеміс беруіне біршама уақыт керек.

«Қанша еңбек етсең сонша өнім аласың. Барлығы «алма мен алмұртты егіп қойсаң, өзі өсіп, өнім береді» деп ойлайды. Алайда ол олай емес. Әрбір түп жеміс ағашын балаңа қарағандай күні-түні аялауың керек. Түбін жұмсартып, уақытылы дәрі-дәрмек пен дәруменін бересің. Түрлі кеселден қорғайсың. Минералды тыңайтқыш пен дәрі-дәрмекті өлшемімен бермесең, қуратып, өлтіріп алуың мүмкін. Сөйткенде ғана бейнетіңнің зейнетін көріп, табысқа кенелесің», - дейді бағбан.

Бағбан жеміс ағашына аяқсуды Сырдария өзенінен сорғы арқылы алып, тамшылату әдісімен суаруда. Бұл үшін арнайы аппарат пен қажетті құрал-жабдықтарын алдырған.

Еңбекқор бағбанның алға қойған мақсаты көп. Оның айтуынша, мемлекет тарапынан қолдау болатын болса, жылыжайда көкөніс өсірумен де айналысу ойында бар.

Еске сала кетсек, бұған дейін Шиеліде кәсіпкер 20 мың түп алма ағашын еккенін хабарлаған едік.

 

 

Жоғары қарай