Ауа райы
Нұр-Сұлтан 6 °С
Алматы 12 °С
валюта бағамы
USD 378.01
EUR 420.88
RUB 5.84
CNY 54.64

Қазақтың әндерін радио арқылы тыңдадым - Кореяның бірінші xанымы

2019 жылдың 22 сәуір 2019 20:10 1021

  НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Бүгін Корея президенті Мун Чжэ Инның жұбайы, осы елдің бірінші xанымы Ким Чжон Сук қазақ әндерін қалай тыңдағанын айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

"Қазақ пен кәріс тілдері Алтай тобына жататынын білемін. Өкінішке қарай, қазақ тілін үйренген жоқпын. Сол үшін тағы бір мәрте кешірім сұраймын. Қазақ жастары кәріс музыкасын ұнатады деп естігенмін. Бүгін мен де таң ата радио арқылы қазақтың танымал әндерін тыңдадым. Сөзін түсінбедім. Бірақ әндердің әуені өте көңілді, адамға кәдімгідей энергия береді екен. Мен үшін бұл - жаңа тәжірибе, жаңа таным", - деді Ким Чжон Сук Назарбаев Университетінің студенттерімен болған кездесуде.

Осы орайда Кореяның бірінші xанымы К-pop өнеріне қызығып жүрген жастардың екі елдің мәдени байланыстарын күшейтетініне сенім білдірді. "Сіздер Қазақстан мен Корея арасындағы көпір іспетті мәдени байланыстарды күшейте аласыздар. Сіздер Кореяның мәдениетін осыншама жақсы түсінсеңіздер, кәріс тілін де үйрене аласыздар. Сонда біз бәріміз біріге аламыз. Рақмет сіздерге! ", - деді Ким Чжон Сук. 


null  

Айта кетейік, бүгін Кореяның бірінші xанымы Ким Чжон Сук Назарбаев Университетін аралап, студент жастармен кездесті. Оған аллымен университетте құрылған К-pop клубына мүше жастардың өнері таныстырылды. Клуб жетекшісі Айым Дауылбекованың айтуынша, биыл клубтың құрылғанына бес жыл толып отыр. Осыған орай, концерт те ұйымдастырылған болатын. Ал Кореяның мәдени орталығы қолдау жасап отырады. "Бүгінде біздің клубымызға 45 адам кіреді. Барлығы - Назарбаев Университетінің студенттері. Магистранттар да бар. Аптасына төрт рет жаттығып отырамыз. Алайда концерттердің алдында күнде дайындаламыз. Ресми атауымыз -  "NU Kpop cover dance club". Ал топтың атауы - "Yeoboseyo". Осы атпен сан алуан жарыстарға қатысып отырамыз. Бұған дейін тек университет аясында ғана өнер көрсеттік. Ал былтыр Чанвон фестиваліне қатыстық. Биыл да шақырып жатыр"- деді А.Дауылбекова ҚазАқпарат тілшісіне берген сұxбатында.

Кореяның бірінші xанымына "Yeoboseyo" тобының өнері ұнап қалды. Тіпті, өзімен бірге танымал  К-pop әртістерін алып келмегеніне де өкініп қалды. "Сіздермен танысқаныма өте қуаныштымын. К-pop өнерін ұнататындарыңыз биден көрініп тұр. Сол үшін алғысымды айтамын. Өзімен бірге Кореяның танымал К-pop бишілерін алып келу керек еді. Өкінішке қарай, шықпай қалды. Сол үшін кешірім сұраймын. Келесі жолы міндетті түрде алып келуге тырысамын", - деп атап көрсетті Ким Чжон Сук. 

  

null    

 

Жоғары қарай