Ауа райы
Астана -1 °С
Алматы 0 °С
валюта бағамы
USD 432.55
EUR 470.83
RUB 5.84
CNY 61.31

Қазақтың ақбас сиырының саны қанша

2020 жылдың 4 ақпан 2020 17:13

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Ғылыми тұрғыда қазақтың ақбас тұқымын ары қарай дамыту міндеті іске асырылып жатыр. Бұл туралы ҚР АШМ Мал шаруашылығы өнімдерін өндіру және қайта өңдеу департаменті директоры Еркебұлан Ахметов мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Мұхиттың арғы жағындағы елдерден асыл тұқымды ірі қара мал импорттау қиынға түсетіні белгілі. Жалпы, бұл шаралар керек пе? Қазақтың ақбас сиырын өсіру бізге тиімді болады ғой, біз неге осы бағытта ары қарай дамытпаймыз? Бұл ірі қара түрі біздің климатқа бейімделген», - деп сұрады депутат Майра Айсина Мәжілісте асыл тұқымды мал шаруашылығы саласына арналған заң жобасының таныстырылымда.

Өз кезегінде Еркебұлан Ахметов қазақтың ақбас тұқымын өсіруді дамыту шаралары туралы айтып берді.

«Заңнамаға енгізілген өзгерістерге сәйкес, мемлекет тарапынан қазақтың ақбас ірі қарасын өсіруге байланысты арнайы субсидиялар енгізілген болатын. Бұл субсидияның мақсаты – асыл тұқымды жұмыстарды таза деңгейде жүргізу. Соның есебінен қазіргі уақытта қазақтың ақбас тұқымын 530 мың басқа дейін жеткізіп отырмыз. Жалпы, жақсы қарқын бар. Ірі қара малдың арасында асыл тұқымды малдың сатылуы құрылымын қарайтын болсақ, 65 пайызы қазақтың ақбас тұқымына тиесілі. Фермелер ірі қараның осы тұқымына жоғары қызығушылық білдіруде», - деді Е. Ахметов.

Оның сөзіне қарағанда, бүгінде ғылыми тұрғыда қазақтың ақбас тұқымын ары қарай дамыту міндеті қойылған. Бұл ретте 2018-2020 жылдарға ғылыми жұмыс жүргізуге арнайы тапсырма берілген. Ол бойынша 200 млн теңгеге жуық қаражат бөлінді.

Бұдан бұрын хабарланғандай, Парламент Мәжілісінде «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне асыл тұқымды мал шаруашылығы мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасы таныстырылды.



Жоғары қарай