Ауа райы
Астана 21 °С
Алматы 18 °С
валюта бағамы
USD 386.82
EUR 428.67
RUB 5.86
CNY 54.95

Қазақстанның туристік драйверіне айналады: Қиырдағы қазақтар Түркістан жайлы не дейді

2019 жылдың 2 тамыз 2019 20:47 180

ТҮРКІСТАН. ҚазАқпарат - Тұңғыш Президент-Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың Түркістанға облыс статусын беріп, облыстың орталығы Түркістан қаласы болатынын жария еткен тарихи шешіміне бір жылдан асты.

Бұл шешім тек отандастардан ғана емес, барша түркі әлемінен үлкен қолдау тапты. Себебі Түркістан - ежелден түркі әлемінің рухани астанасы болған қала. Осы шешім облыстың қайта түлеп, жаңғыруына ықпал етті. Осы тұрғыда Отаннан жырақ кетсе де, жүрегі бірге соғатын, елде орын алып жатқан кез келген ішкі-сыртқы жайттардан хабардар болып, әр жаңа бастамаға белсене қолдау танытып отыратын қиырдағы қазақ қандастарымыз да баршылық. Солардың бірі - Астраханда тұратын Рахмет Башбаев.


«Яссауи кесенесін көргенде тарихпен бетпе-бет келгендей болдым»



Астрахань облыстық «Ақ арна» газетінің бас редакторы, «Жолдастық» атты астрахандық қазақ мәдениеті қоғамдық ұйымы төрағасының орынбасары Р.Башбаев Түркістан туралы өз естеліктерін сонау 2010 жылмен байланыстырады. Дәл сол жылы Алматыға астрахандық достарымен бірге сапарлап қайтпақ болады. Астраханнан жүрдек пойызға отырады, жолаушы ретінде мінген атыраулық жігіттер пойыз Түркістан станциясына тоқтаған сәтте міндетті түрде түсіп, Түркістанның жергілікті тәттілері мен жеміс-жидегі, кәуабынан дәм тату керектігін, дәмі тіл үйретінін айтады. Осылайша,

пойыз Түркістан станциясына тоқтаған сәтте Рахмет станицядан түседі, түскен сәтте көзіне бірден Қожа Ахмет Яссауидің кесенесі түскен. Алыстан мұнартып, асқақ көрінген кесенеге көз алмай қараған Рахмет өзін дәл сол сәтте тарихпен бетпе-бет келгендей сезінгенін жасырмайды.

«Түркістан – ұлы мекен. Мұнда талай тағдыр кесті, тарихи шешімдер қабылданды. Талай ұлттың ертеңі шешілді, ұлы шайқастар өтті», - дейді Р.Башбаев. Қандасымыз Ілияс Есенберлиннің «Көшпенділер» трилогиясын оқып, трилогия желісі арқылы бұл аймақтың қазақ хандығы тарихында қандай ықпалды рөлге ие болғанын түйсінгенін айтады. 2018 жылы Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Түркістанға облыс статусын беру туралы тарихи шешім қабылдағанда Рахмет қандай ойда болғанымен де бөлісті. «Мен әділдік орнады», - деп ойладым деген ол «бұл шешімді аймақ тұрғындары да асыға күткен болуы керек», деген ойын да жасырмады.

Рахмет Башбаевтың сөзінше, Түркістан - тек Қазақстан үшін ғана емес, жалпы Еуразияда маңызы орасан зор аймақ. Мұнда енді Орталық Азия елдерінен ғана емес, тұтас әлемнен туристер мен қонақтардың ағылатынына да үмітті екенін айтады. «Себебі бұрын мұндай «тірі тарихты» жасап тұрған қаланың барын алыс-жақын көршілес елдер білсе, бар әлемге Түркістан енді жаңа, әлеуетті, дамыған қала болып ашылады», дейді Р.Башбаев. Енді Түркістанның Қазақстандағы туризм драйверіне айналар сәті келді дейді. Оның айтуынша, Астраханнан Түркістанға теміржол арқылы қатынайтын жолаушылар көп. Олардың көбіне аймақтағы тарихи орындар ұнайды екен, жыл сайын барып, тарихи нысандарды көзімен көріп, таң қалып қайтатын жолаушылар көп дейді Р.Башбаев. «Түркістанның туризм саласында әлеуеті басым, дегенмен басқа салаларда да өсуге мүмкіндігі зор деп білемін», - деген ол аймақ үшін өте жақсы әлеуметтік, экономикалық бағдарламалардың қабылданып жатқанын, алдағы уақытта халықтың әл-ауқаты одан сайын аса түсетініне сенім білдірді. Сондай-ақ өлкедегі ауыл шаруашылығы, жеміс-жидек өсіру, сауданың да жақсы дамығанын, бұл әлімсақтан солай болғанын білетінін де айтады. Себебі Түркістан талай жолдың торабында жатыр, Ұлы Жібек жолы бойында орналасқанның өзінен-ақ сонау ерте заманнан сауда мен шаруашылықтың қызған ортасы болғанын да тарихтан білетінін айтады.

Астрахандық қандасымыз Түркістанның әрі қарайғы дамуына қашан да бейілді болатынын да жасырмай, ақжарма тілегін де аямады.

«Яссауи кесенесінде дұға ету - ирандық қазақтардың арманы»



Иранда тұратын Абай Бабық есімді қандасымыз Түркістанға табан тіреп, Қожа Ахмет Яссауи кесенесіне келіп, дұға ету Ирандағы қазақтардың арманы екенін айтады. Бала кезінен әжесінен «Мединада – Мұхаммед, Түркістанда – Қожа Ахмет» деген сөзін естіп өскенін айтқан А.Бабық сол қанатты сөзден де болар Түркістан өзі үшін ұлы даланы көз алдына елестеткен.

Бала кезден мұндай өлке туралы түрлі әңгімелерді естіп өсіп, ер жеткенде бір табан тірейтін мекен екен деген ойда болған. Алғаш рет өзі Түркістанға келгенінде кіреберістегі «Түркістан - күллі түркі әлемінің астанасы» деген сөз ойында қалыпты. «Расында, Түркістан - тек қазақтың ғана емес, барша түркі әлемінің ордасы, мақтанышы. Мұнда келіп-ақ тарихтың қойнауына сүңгіп шығуға әбден болады. Тарихи нысандардың өзі еш бұзылмастан сақталған, әр кірпішіне қолыңды қойған сайын, сонау өткен ғасырлар көз алдыңа келеді екен», - дейді қандасымыз. Түркістанға келіп, мұнда жерленген бабтар мен көрнекті тұлғалардың, батыр бабалардың басына барып, жергілікті тұрғындардан әр кесененің салыну тарихы, Түркістанның тарихындағы өзі білмейтін жайттарды сұрастырыпты. Түрлі аңызға бергісіз оқиғалардың болғанынан құлағдар болып, біраз ақпарат алған екен. Қожа Ахмет Яссауидің кесенесіне барып, дұға етіп, ғимараттың сәулеттік ерекшелігіне таң қалыпты. Қаншама ғасыр өтсе де асқақ қалпын сақтаған нысан көз алдына тарихтың өміршеңдігін әкелді деген А.Бабық Арыстан баб, Үкаша ата, Қырық әулие өзге де қасиетті бабалардың басын аралап, мұның бәрі өзіне өмірлік жылы естеліктер болғанын айтады.

Абай Бабық өткен жылы Елбасының шешімімен Түркістан облыс статусын алып, облыс орталығы болып Түркістан қаласының ресми бекітілгенінде қатты қуанғанын айтады. «Қожа Ахмет Яссауи бабаның рухына жасалған тағзым әрі қаланың бар даңқы барша әлемге асқақтайтын болды деп қуандым. Өйткені, Түркістан - барша Қазақстанны, бүкіл түркі әлемінің абыройы», - дейді. Тұңғыш Президент Н.Назарбаевтың бұл шешімі әрі сындарлы жемісін беретінін айтқан А.Бабық қазір аймақтың қалай өсіп-өркендеп келе жатқанын, қабылданып жатқан бағдарламалар мен әр жаңа бастамаларды қалт жібермей бақылап отыратынын айтады. «Енді Түркістанның жаңа тынысы ашылғандай болды» дейді.

А.Бабық қаланың болашақта туризмі дамыған мықты орталыққа айналуын қалайтынын да жасырмады. Себебі өзі Түркістанға екі рет сапарлаған. Қалада тарихтың лебі есіп тұратындай және адамды өзіне тартатын бір ерекшелігі бар екенін айтады. «Туризмнің өзі де үлкен ғылым ғой. Түркістан да ежелден ғылым мен білімнің, өркениеттің орталығы болды. Енді аймақтың туризм саясаты дұрыс жолға қойылып, бар әлемнен туристер ағылып, бұл Қазақстанның абырой-беделінің арта түсуіне бір сеп болар еді», - деген қандасымыз ел үшін алыс та жүрсек те тілекші жандар бар екенін де алға тартты. Түркістан жаңа Қазақстанның жаңа тарихында әрі қарай да түлей түсеріне нық сенімін білдірді.

«Отанға деген қимастық әлі де бар»



Өзбекстанда тұратын қандасымыз Айжан Тәжібаева 1995 жылдан бері ұлттық аспабымыз домбыраны насихаттап жүр. Ол Ташкент облысы Қыбырбай ауданындағы музыка және өнер мектебінде аймақта тұратын қазақ диаспорасы балаларына домбырадан сабақ беріп келеді. Айжан Тәжібаева қазақтың ұлттық аспабы домбыраны алыс-жақын шет елдерде насихаттауға да өз үлесін қосып келеді. 2013 жылы Өзбекстанда домбырашылар арасынан «Болашақ» атты ансамбль құрып, осы жылдың желтоқсанында Өзбекстан Республикасы ұлтаралық «Достық» фестиваліне қатысқан. Онда «Ең үздік фольклор орындаушылары» аталымында жеңіске жетті. 2017 жылы қазақ ұлттық мәдениет орталығының мерейтойында «25 жылдық» арнайы медалімен марапатталған. Дәл сол жылы елордада өткен «Аrt Baiterek EXPO-2017» халықаралық байқауында да домбыра аспабымен бақ сынап, жүлдеге ие болды. Айжан елге жиі барып тұратынын айтады. «Біз Қазақстанға қашан да басқаша бір сезіммен барамыз. Көруді армандап жүрген астанамызды көкейімізде тұрған үлкен бір сағыныш сезімімен араладық. Қала жиырма жылдың ішінде үлкен мегаполиске айналып кетіпті. Биік-биік ғимараттар бой түзеп, көздің жауын алады. Әдемі табиғаты адамды баурап алады, тұрғындары да жайдары», - деген Айжан Қазақстанға әр келген сайын кеудеде қимастықтың да болатынын айтады. Алайда Өзбекстанда өздері тұратын ауданда қазақтар көп екен. «Қазақ мектептеріміз бар. Міне мен де қазақтар үшін ұлттық аспап домбыраны үйретіп келемін. Әрбір қазақ баласының бетін қайтармай, жылы шыраймен қабылдап, бойымда бар өнердің қыр-сырын шәкірттеріме сіңіруге тырысамын», - деген Айжан қазір де шәкірттері үмітін ақтап жатқанын айтады. «Кейбір шәкірттерім Құрманғазы атындағы қазақ ұлттық консерваториясында, кей шәкірттерім Ташкент мемлекеттік консерваториясын аяқтап, бүгінгі күні білікті маман атанды», - деп қуанышымен бөлісті.

Осы жылы Айжан Тәжібаева Түркістан қаласына сапар жасаған. «Түркістан көркейіп келе жатыр екен, құрылыс жүріп жатыр. Арыстан баб, Қожа Ахмет Яссауидің кесенесіне барып, Үкаша ата, Гауһар аналардың басына бардым», - деген Айжан Әбдіқадырқызы өзінің жасаған сапарының сәтті де ерекше болғанын айтады. Түркістанның өзгеше түлегенін өз көзімен көрген ол дәл елордадай жаңа шаһардың қазақ жерінде қайта құрылып келе жатқанына қуанғанын айтты. Түркістанның тарихқа бай шаһар екенін бұрыннан білетінмін. Өзі кіріп келгеннен-ақ алыстан көз мұнартып көрінетін Яссауи бабаның кесенесінің өзі бойында бір ерекше сезім қалдырады. Өткен жылы Нұрсұлтан Әбішұлының жарлығымен Түркістан қайта облыс болып құрылғалы бері қала біраз жаңарып келеді екен. Енді тағы да сапарлап қайту ойымда бар. Түркістан болашақта бұдан да көркем шаһар боларына сенемін», - дейді қандасымыз.

«Түркістанға жасаған сапарым кәсіби мамандығымды таңдауыма сеп болды»



Өзбекстанда тұратын қандасымыз, «Кенимех таңы» басылымының бас редакторы, филолог Гүлдана Нарынбетова Түркістанға алғаш рет сонау 2006 жылы оныншы сыныпта оқып жүргенде келген. «Мектепте «Түркістан» поэмасын оқыдық қой, сонда қандай жер екен деп ойлайтынмын», - деп ағынан жарылған Гүлдана қазақ тілі мен әдебиеті маманы болуға сол Түркістанға жасаған сапары себеп болғанын айтады. Себебі қалаға қазақ тілі мен әдебиеті пәнінен олимпиадаға қатысуға барған екен. Сол сапарында танысқан өзі сияқты Моңғолия, Ресей, Түркия, Қытай, Астрахан қазақтарымен қазір де пікір алмасып, хабарласып тұрады екен. Араға бір мүшел, яғни, он екі жыл салып Гүлдана 2018 жылы Түркістанға тағы да сапарлайды. Ол сәтте Түркістан Елбасы Н.Назарбаевтың тарихи жарлығымен облыс орталығы статусына ие болған еді. Кірген сәттен-ақ қаланың айрықша аурасын сезген Гүлдана қаланың өзгергенін, тың сипатқа ие болғанын айтады. «Арыстан бабқа, Отырарға саяхат жасадық. Қожа Ахмет Яссауи кесенесіне бардық. Яссауи атындағы қазақ-түрік университетінде қонақ болдық. Сондай-ақ мені қатты таң қалдырғаны Ахмет Яссауи кесенесінде қазақтың біртуар хандары мен билері жерленген екен. Бойымды сол сәтте ерекше сезім биледі», - деген Гүлдана шетелдегі қазақ ретінде елдегі әр тың жаңалыққа қуанып отыратынын жасырмады. Тек қана Түркістанға ғана емес сондай-ақ Нұр-Сұлтанға, Атырау, Павлодар, Қостанай, Қарағанды, Көкшетауға да сапарлаған. «Қазақтың ақындары жырлаған ұлы даланы өз көзіммен көріп, сұлулығы мен дархандығына көз жеткіздім. Фариза Оңғарсынова мен Әбу Сәрсенбаевтың туған жерлеріне табан тіредім. С.Сейфуллин жырлаған Көкшетау мен Мәшһүр Жүсіп Көпейұлы өмір сүрген Керекуде де болдым. Шынымен қазақтың даласы көркем, шексіздігіне тіл жетпейді», - дейді Гүлдана. Әр қалаға жасаған сапарында жергілікті тұрғындардың жылы шырай танытқаны кеудесін жылытқан. Гүлдана енді елге жиі-жиі келіп тұратынын айтады. «Қазақтың әр аймағы өзінше ерекше» деген ол осы жылы Бурабайға барып демалып қайтқан. «Демалысым керемет өтті. Бурабай да бір тарихи мекен ғой. Мұнда да талай тарихтың көзі бар екен. Әсіресе мөлдір суы, саф ауасы мен асқақ таулары бойыңа бір күш береді. Бурабай мен Түркістан Қазақстанның нағыз туризмінің ордасы деп білемін. Шығысы мен батысы да, Арқасы да мұндай көркем табиғатқа бай», - дейді қандасымыз. Гүлдана - бүгінде журналист. Түркістанға да журналист ретінде сапар жасап, талай қызыққа куә болған. Алдағы уақытта Түркістанға жиі сапарлап тұруды мақсат еткен ол қаланың қазір тың сипатқа ие болып, күн сайын жаңарып отырғанын, аймақтағы жаңа бастамалар туралы хабардар болып отыратынын айтады. Гүлдана өз сөзінде Қазақстан үшін қашан да тілекші екенін айтып қалды.

«Қазақстан – түркі әлемінің жүрегі»



Түмендегі қазақтардың ұлттық-мәдениет автономиясының төрағасы, Дүниежүзілік қазақтар қауымдастығы президумының мүшесі Есенғали Ибраев Түркістан облыс орталағына айналғалы бері мұнда жүзеге асып жатқан әр жоба мен бастамаларды назардан қалт жібермейтінін айтады. Аймақта өткен конференцияларға бірнеше рет қатысып, Түмен облысынан Түркістанға ірі компания өкілдерін алып келген. Е.Ибраев аймақта өтетін ірі ауқымдағы шаралардан қалмауға тырысады екен. Түркістанға келген сайын қаланы аралаудан да жалықпаймын дейді. Себебі тарихқа әр күн сайын саяхат жасай бермеймін ғой деген Есенғали Ибраев өткен жылы Қазақстанда Түркістан облысының құрылуын ел басшылығының көреген саясаты деп есептейтінін алға тартты. «Түркістан тек Қазақстан үшін ғана емес, барша түркі әлемінде маңызға ие. Ол тарихтан солай болған», - дейді. «Өткен ғасырда Түркістан терминімен бар Орта Азияны белгілеген, егер тарихи тұрғыдан қарасақ, бұл, меніңше, қате. Себебі Орта Азияның басым бөлігі парсылардың жері болған, ал Түркістан – бұл түркілердің жері (елі). Сондықтан Оңтүстік Қазақстан облысын Түркістан атауына өзгерту арқылы бұл қателік жөнделді деп білемін», - деген Е.Ибраев Қазақстанда Түркістан облысының құрылуының өзіндік табиғи негізі бар, себебі Қазақстан түркі әлемінің жүрегінде орналасқан дейді.

Есенғали Түркістандағы жаңа бастамалардың көтерілуі, әсіресе «Turkistan» экономикалық аймағының әлеуетті болашағы барына сенім білдіретінін айтады. «Қазақстанда аймақтарды дамыту бойынша өте әлеуеті тартымды бағдарламалар бар, қабылданып жатыр. Себебі Қазақстанның әр өңірінің өзінше даму сипатын бере алатын әрі экономиканың қозғаушы күші бола алатын «көзерлері» бар. Түркістан облысы, меніңше, туризм және сауда-саттықта, ауыл шаруашылығын дамытуда әрі кәсіпкерлікте көшбасшы бола алады. Өңірдің өзі де соған қабілетті. Бұл облыста қыш зауыты, ет өнімдерін, құс еті өнімдерін шығаратын, тәтті-дәмді шығаратын қаншама зауыт-фабрикалар бар. Одан өзге аймақтағы тұрғындардың басым көбі жеке кәсіпкерлікпен, шаруашылықпен айналысады. Бұл да өз алдына дамуға серпін бере алады», - деген пікірімен де бөлісті қандасымыз.

Е.Ибраев қазіргі Түркістан облыс орталығы болғалы бері аймақтың даму сипатына көңілі толатынын да айтып қалды. «Ұлы даланың маржанына айналған орталығы Нұр-Сұлтан қаласындай Түркістан да ірі, заманауи, жаңа мегаполистердің біріне айналатынына сенемін», - дейді Есенғали Ибраев.

***

Қиырда жүрсе де ел үшін қуанып жүретін қандастарымыз Түркістанның қайта түлегеніне өз ізгі ниеттері мен ақжарма тілектерін жеткізді. Қазақ - жердің қай түкпірінде тұрса да өз қандастарының өзегінен теппеген бауырмал халық. Бұл әлімсақтан солай. Міне, бүгінде Түркістан қазақтың рухани ордасы, кемел келешегіне бастар шаһарына айналып келеді. Біз тарихи дәуірде өмір сүрудеміз. Оның тасасында қалып қоймай, бірге жасасқанға не жетсін!

Жоғары қарай