Ауа райы
Нұр-Сұлтан 10 °С
Алматы 15 °С
валюта бағамы
USD 383.69
EUR 429.08
RUB 5.97
CNY 55.39

Қазақстанның танымал брендтері қандай

2018 жылдың 16 желтоқсан 2018 09:55 1831

АСТАНА. ҚазАқпарат - Жапония десе Тойотоны, Германия десе Мерседесті, Франция десе Эйфель мұнарасын, Мысыр десе  Пирамиданы көз алдымызға елестетеміз. Ал шетелдіктер Тәуелсіздік алғанына 27 жыл болған Қазақстан атауын естігенде көз алдарына нені елестеді? Яғни, осы уақыт аралығында әлемге қазақ елін танытатындай қандай брендіміз қалыптасты? Осы сауал төңірегінде ой өрбітіп, жауап іздеуге тырысқан едік. Ендеше оқырман назарына Қазақстанның атын шетелге танытатын 10 бренд жайында сөз қозғамақпыз. 

Төрткүл дүниені тамсандырған Димаш


Қытай сахнасынан жарқ етіп көрініп, аз уақыттың ішінде дүниенің төрт бұрышына аты тараған Димаш Құдайберген бүгінде Қазақстанның нағыз бренді десек артық айтқандық емес. Ол екі жыл қатарынан Азия-Тынық мұхит аймағының ең танымал әртістері тізімінің көшін бастады. Биылдың өзінде бағындырған белестері аз емес. Беларусьтің Витебск қаласында өткен «Славян базары» халықаралық өнер фестиваліне төрелік етті. Мәскеудегі Кремль сахнасында ән салып, «НТВ» арнасының «Орталық телевидение» бағдарламасында қонақта болды. Мәскеудегі «Олимпийский» спорт кешенінде өткен «Жыл әні» фестивалінде өнер көрсетті. Осыдан кейін-ақ ресейлік танымал бірқатар телеарнадан телефестивальдерге қатысуға шақырту алды. «Әлем аруы-2018» байқауында ән салды. Лондонда жеке концертін өткізді. Сахна төрінде шырқалған әндердің 60 пайызын қазақ тілінде орындаған Димаш концертіне әлемнің 45-тен астам елінен келген жанкүйерлерінің ыстық ықыласына бөленді. Төрткүл дүниеге қазақ өнерін паш етті. Оның алдағы уақытта да  алар асуы, бағындырар белесі зор екендігіне еш күмәніміз жоқ.

Төл валюта


null 

Елдің егемендігінің, тәуелсіздігінің белгісі - төл төлем жүйесі, яғни ұлттық валюта екендігі белгілі. Сондықтан күйреген КСРО-дан бөлініп шыққан Қазақстанның алдында тұрған нақты міндеттердің бірі өз теңгесін шығару еді. Мұндай қуанышты күн 1993 жылдың 15 қарашасында туып, елімізде теңге ресми айналымға енді. Жалпы, қағаз теңгеміздің алғашқы партиясы Ұлыбританияда «Харрисон және оның ұлдары» компаниясында шығарылған болса, ал монеталар 1992 жылдың қарашасында  Өскемен қаласындағы Монета сарайында ҚР  Ұлттық банкінің тапсырысы бойынша дайындалды. 1998 жылы мекеме атауы ҚР Ұлттық банкінің «Қазақстан теңге сарайы» РМК болып қайта құрылды. Қазақстан теңге сарайы бүгінде шетелдік фирмалардың жоғары өндірістік прецизионды жабдықпен жабдықталған, қазіргі заманға сай, ілгері дамудағы кәсіпорынға айналды. Теңге сарайы теңге, ордендер мен медальдер шығарудың, құю мен құймаларды прокаттаудан шырпуға дейін толық технологиялық цикліне ие. Бұл Республиканы толық және уақытында ауыстырым және ескерткіш теңгелермен, мемлекеттік наградалармен және мерейтой медальдарымен, мекемелік және спорт наградаларымен, стандарттау және пробиралық қадағалау мекемелері үшін таңбалармен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. Кәсіпорын 1999 жылдан бастап алтыннан және күмістен proof сапалы теңгелерді, ҚР-ның жаңа үлгідегі мемлекеттік наградаларын жасап, proof сапалы теңгелердің шетелдік тапсырысын да орындайды. Берлинде (Германия) беделді Монеталар сарайы көрмесінде жоғары бағаланатын монеталарды шығарады және оған деген мамандар мен коллекционерлер арасындағы қызығушылық күннен-күнге өсіп отыр.

Трансформатр шығаратын бірегей кәсіпорын

Құрылғанына келесі жылы 60 жыл болатын Кентау трансформатор зауыты - қуаттылығы мол трансформаторлар мен жинақы трансформаторлар қосалқы стансасын шығарумен айналысатын бірден-бір қазақстандық кәсіпорын. Бүгінде 500-ге  уық адам жұмыс істейтін зауыт мұнай-газ өнеркәсібіне, теміржолшыларға және басқа да салаларға қажетті екі жүзден астам түрлі өнімдерді шығарып, оны Қазақстанмен қатар жақын шетелдерге жеткізеді. Кәсіпорында сапа менеджментінің жүйесі енгізілген. Қуаты жоғары, яғни, электр құрылғысын дайындап шығарады. Бір мезетте бүкіл  ауданды жарықпен қамтамасыз етуге қауқарлы 63 мың киловольтты трансформатордың барлық жинақтауыш бөлшектерін зауыттың өзі өндіреді. Бүгінде зауыт Қазақстанның ғана емес, Орталық Азиядағы машина жасауда көшбасшы саналады.

Уран өндіруде әлемдік көшбасшы

Қазатомөнеркәсіп уран мен оның қоспаларының, АЭС-қа арналған ядролық отынның, арнайы жабдық пен технологиялардың экспорты мен импорты бойынша Қазақстан Республикасының ұлттық операторы мәртебесіне ие. Бұл мәртебе компанияға Қазақстан Республикасының Үкіметімен тікелей келіссөздер жүргізу арқылы жер қойнауын пайдалану құқықтарын алуды қамтитын артықшылықтарды пайдалануға және сәйкесінше жерасты ұңғымалы шаймалау әдісімен өндіруді жүзеге асыруға жарамды жоғары сапалы табиғи уран кен орындарына қол жеткізуге басымдық береді. «Қазатомөнеркәсіп» ҰАК» АҚ акционерлік капиталының 85,08 пайызы «Самұрық-Қазына» ҰӘҚ» АҚ-на тиесілі, қалған 14,92 пайызы «Астана» халықаралық биржасы мен Лондон қор биржасында еркін айналымда. Ux Consulting Company консалтинг компаниясының дерегіне сәйкес,  2017 жылы «Қазатомөнеркәсіп» бірлесе бақыланатын және қауымдастырылған кәсіпорындарды қоса есептегенде өндірген уран әлемдік бастапқы уран өндірісінің шамамен 20 пайызын (12,1 мың тоннаға балама) құрады. Компанияның  2018 жылдың бірінші жартыжылдығындағы түсімі 145,0 млрд теңгені, пайда 115,0 млрд теңгені құрады. Қазатомөнеркәсіп компаниялар тобындағы 46 кәсіпорында 20 мыңнан астам адам еңбек етеді. Активтер геологиялық барлау; уран өндірісі; ядролық отын өндіруден бастап, ғылым, әлеуметтік қамтамасыз ету және оқытуға дейінгі түпкі өнімдердің өндірістік тізбегіне қатысатын кәсіпорындардың бүкіл кешенін қамтиды.

Қазақстан - алма отаны



null 

Британдық ғалымдар жер бетіндегі жеуге жарамды алма жемісінің алғашқы түрлері Қазақстанның таулы аумағында, яғни Алатау бөктерінде теңіз деңгейінен шамамен 2000 метр биіктікте өскендігін анықтапты. Мұны Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаев та «Ұлы даланың жеті қыры» атты мақаласында атап өткен еді.

«Асқақ Алатаудың баурайы алма мен қызғалдақтың «тарихи отаны» екені ғылыми тұрғыдан дәлелденген. Қарапайым, бірақ бүкіл әлем үшін өзіндік мән-маңызы зор бұл өсімдіктер осы жерде бүр жарып, жер жүзіне таралған. Қазақстан қазір де әлемдегі алма атаулының арғы атасы - Сиверс алмасының отаны саналады. Дәл осы тұқым ең көп таралған жемісті әлемге тарту етті. Бәріміз білетін алма - біздегі алманың генетикалық бір түрі. Ол Қазақстан аумағындағы Іле Алатауы баурайынан Ұлы Жібек жолының көне бағыты арқылы алғашқыда Жерорта  теңізіне, кейіннен бүкіл әлемге таралған. Осы танымал жемістің терең тарихының символы ретінде еліміздің оңтүстігіндегі ең әсем қалалардың бірі Алматы деп аталды», -деді Мемлекет басшысы.

Өкінішке қарай, бүгінде қолда бар артықшылықтарымызды бағалай алмай отырмыз. Мәселен, бүгінде алма экспортында әлемдік нарықтың мыңнан біріне ғана иелік етіп, 76-шы орында тұрмыз. Алма өсірумен Алматы, Жамбыл және Түркістан облыстарындағы 200 кәсіпорын айналысуда. Алайда, өнеркәсіптік көлемдерге шыққан ірі компаниялар саны 10-нан аспай отыр. Саладағы түйіткілдер өндірістің төмен техникалық жарақтандырылуы, қайта өңдеу секторының дамытылмауы және өнімді сақтау қуаттарының тапшылығы болуда.

Қазақстан балы


null

Соңғы 5 жылда балдың әлемдік нарық көлемі 18 пайызға артып отыр. Мәселен,  өткен жылы нарыққа шығарылған 690,3 мың тонна бал 2,37  млрд долларға саудаланған екен. Бал экспорты бойынша Қытай әлемдік көшбасшы саналады. Алайда соңғы жылдары қытайлықтар өз балынан гөрі Қазақстанда өндірілген балдың сапасы жоғары екендігіне жіті назар аударып отыр. Сондықтан бұл бағытта экспортталатын бал көлемі ұлғайып келеді. Бейжің халқы туған-туыстарына, дос-жарандарына сыйлық ретінде Қазақстан балын ұсынады екен. Қазақстан балына Ресей, Моңғолия, Сауд Арабиясы елдерінің тарапынан да қызығушылық жоғары. Бүгіне еліміз жыл сайын 10 мың тоннадан астам бал өндіреді. Алдағы уақытта оны жылына миллион тоннаға дейін жеткізуге мүмкіншілік бар.

Қазақстан астығы мен ұны


null 

Еліміз жылына шамамен 7-8 млн тонна астықты сыртқы нарыққа шығарса, ұн экспорттаудан әлемде 2-ші орын алады. Астық пен ұнның негізгі көлемі Орталық Азия елдері Өзбекстан, Тәжікстан, Қырғызстан, Түрікменстанға, Ауғанстанға, одан ары Иран, Қытай, Ресей мен алыс шет елдерге экспортталады. Дегенмен, соңғы жылдары қазақстандық астықты экспорттауда болашағы зор нарықтардың қатарында Иран мен Қытай ерекше орынға ие болып отыр.

Айта кетерлігі, Қазақстанның ел ішінде де, шетелде де бірнеше астық терминалы бар.  Мәселен, Каспий теңізіндегі Ақтау портында орналасқан «Ақ-Бидай терминал» АҚ («Азық-түлік корпорациясы» ҰК» АҚ-ның еншілес компаниясы) бар. «Ақ-Бидай терминал» АҚ-ның әзербайжандық кәсіпорынмен бірлескен «Баку астық терминалы» компаниясы Баку портында орналасқан.  Дәл осы компанияның ирандық кәсіпорынмен бірлескен «Амирабад Грейн Терминал Киш» компаниясы Каспий теңізінің оң жағалауындағы Иранның  Амирабад портында жұмыс істеуде. Мұнан бөлек, қазақстандық астық компаниясының Балтық теңізінде (Латвия) «Ventspils Grain Terminal AS JAS» АҚ-ында, Ресейдің Азов теңізіндегі «Азов порттық элеваторы» компаниясында қатысу үлесі бар екендігі белгілі.

Қазақстанда жасалған локомотив

Елімізде Индустриалды-инновациялық даму бағдарламасының аясында жүзеге асырыла бастаған тың жобалардың бірі - локомотив құрастыру. Бүгінде Астана локомотив құрастыру зауытынан шығып жатқан бұл өнім әлемдік нарықта да сұранысқа ие болып үлгерді.

Есте болса, 2009 жылғы 7 желтоқсанда Қазақстанда жиналған ТЭ33А - Evolution сериялы бесінші буынды бірінші жүк магистарльды бір секциялы тепловоздың тұсауы кесілген болатын. Содан бергі уақытта конвейерден ТЭ33А локомотивінің 180 бірлігі шығарылған. ТЭ33А тепловозының техникалық сипаттамалары, қуаты, пайдаланудағы үнемділігі барлық халықаралық экологиялық стандарттарға сәйкес болғандықтан Тәжікстан, Латвия, Эстония, Моңғолия және басқа елдердің компаниялары қызығушылық танытып отыр. Мәселен, Ресейдің «ЕвроСиб» ЖАҚ ресей компаниясы ТЭ33А-ның 50 бірлігін, «Vopak E.O.S. Ltd.» эстон компаниясы 10, «Латыш темір жолдары» АҚ тепловоздың шамамен 20 бірлігін сатып алды. Тәжікстанға да бірнеше локомотив жеткізілді.

«Әдемі-Айдың» әдемі кәдесыйлары

Қазақ халқының ұмытылмас көне мұраларын, асыл заттарын халық жадында қайта жаңғыртып, ел игілігіне жарату үшін кәдесыйлар шығарумен айналысатын "Әдемі-Ай" компаниясының өнімдері де бүгінде елімізді шетелге танытуда айрықша орынға ие.  2000 жылы құрылған компания бүгінде мемлекеттік органдармен, жеке ұйымдар, компаниялармен тығыз байланыс орнатып, еліміздің сувенир нарығында көшбасшы атанып келеді. Оның шығарған ұлттық сувенирлері еш жерде қайталанбайды. Себебі аталған компанияда ұзақ жылдар бойы тәжірибе жинап  ұшқыр ой мен ерекше шабытты бойларына сіңірген талантты дизайнерлер тобы құрылған. Соның арқасында компанияда жаңа сувенирлер саны жыл сайын артып, ерекше, таңқаларлық кәдесыйлармен толығуда. 

«Рахат» кәмпиттері


null 

Өндірістік қуаты Алматы мен Шымкент қалаларындағы екі алаңда шоғырланған «Рахат» компаниясы алуан түрлі кондитерлік өнімнің 250-ден аса атауын шығарады. Кәсіпорында бірыңғай жауапкершілік пен сапаны бақылаудың кешенді жүйесіне негізделген ішкі сапалық жүйе ұйымдастырылып, іске асырылуда. Бұл жүйе өндірістің әр сатысында шикізат пен өнім сапасын бақылайды. Кәсіпорында ҚР ИСО 9001 - 2001 СТ стандартына сәйкес сертификатталған сапа менеджменті жүйесі енгізілген және іске қосылған.

«Рахат» фабрикасы елімізде ғана емес шетелде де дәмі тіл үйіретін шоколадтарымен танымал. Шоколад өнімдерін экспорттаудан әлемде көшбасшы ел саналатын Германияның өзі «Рахат» өндіретін шоколадтарды сатып алатыны көп жайдан хабар берсе керек. Жалпы бүгінде компания жыл сайын экспорт көлемін арттырып, сауда географиясын кеңейтіп келеді. Әлемнің көптеген елдеріне, оның ішінде  Ресей, Германия, Ауғанстан, Моңғолия, Тәжікстан, Әзербайжан, Өзбекстанға өз өнімдерін жеткізеді.  Соңғы уақытта Қытай мен Оңтүстік Корея нарығында да Қазақстанда шығарылған кәмпитке сұраныс жоғары.

Жалпы, бүгінде Қазақстан әлемнің 123 еліне 800-ден астам тауар түрін жеткізеді. Дегенмен, негізгі сауда нарықтарымыз - Қытай, ЕАЭО  және ЕО елдері. Бұл мемлекеттерге Қазақстанның экспорттық тауарларының 65 пайыздан астамы жеткізіледі. Биылғы жылы экспорттың оң үрдісі жалғасуда. Алдын ала деректерге сәйкес, Қазақстанның экспорты ағымдағы жылдың 9 айдағы қорытындысы бойынша 44 млрд. АҚШ долларын құрады. Бұл 2017 жылдың сәйкес кезеңінен 27 пайызға жоғары. Осы кезеңде шикізаттық емес экспорт көлемі 10,2 млрд АҚШ долларына жетіп отыр.

 

 

Автор: Марлан Жиембай
Басты сөздер: Экономика, Қоғам,
Жоғары қарай