Ауа райы
Астана -6 °С
Алматы -2 °С
валюта бағамы
USD 387.14
EUR 428.18
RUB 6.06
CNY 55.23

Қазақстанның қысқаметражды фильмі Румынияда жүлдеге ие болды

2019 жылдың 20 қазан 2019 10:05

АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Режиссер Берік Жаханов түсірген «Асан» қысқаметражды фильмі Румынияда өткен халықаралық Short to the Point кинофестивалінде «Үздік ер адам рөлі» (актер Азат Жұмаділ) және «Үздік операторлық жұмыс» (операторы Шерхан Тансықбаев) жүлделерімен марапатталды, деп хабарлайды ҚазАқпарат «Қазақфильмге» сілтеме жасап.

ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің тапсырысы бойынша Ш.Айманов атындағы «Қазақфильм» киностудиясы түсірген «Асан» фильмі әкесін ақтық сапарға шығарып салуға жолға шыққан бозбала туралы баяндайды.

Естеріңізге сала кетсек, былтыр «Асан» фильмі 71-ші Халықаралық Канн кинофестивалінің Short Film Corner аясында (әлемнің қысқаметражды туындыларына арналған) көрсетілген болатын.

Сонымен қатар 2018 жылы картина бірнеше халықаралық кинофестивальдерге қатысып, көптеген жүлделерге ие болды, атап айтсақ, Республикалық «Байқоңыр» фестивалінде «Үздік актер» жүлдесімен, Бакуде өткен 9-шы Халықаралық Start film festival кинофестивалінде қазылар алқасының арнайы жүлдесімен, «Үздік қысқаметражды фильм» номинациясы бойынша «Құлагер» жүлдесімен, Ташкентте өткен «Пролог» кинофестивалінде арнайы жүлдемен және Екатеринбург қаласында өткен XV Халықаралық «Кинопроба» киномектебі фестивалінде қазылар алқасының арнайы жүлдесімен марапатталды.

Биыл сәуір айында бұл кинотуынды Татарстанның астанасында өткен XV халықаралық мұсылман киносы фестивалінің конкурсына қатысқан болатын.

Басты сөздер: Мәдениет, Алматы,
Жоғары қарай