Ауа райы
Астана 21 °С
Алматы 20 °С
валюта бағамы
USD 386.71
EUR 429.17
RUB 6.02
CNY 54.66

Қазақстанның физик ғалымдары CERN-нің халықаралық эксперименттеріне қатысады

2019 жылдың 10 қыркүйек 2019 11:29

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – ҚР Парламенті Сенаты Әлеуметтік-мәдени даму және ғылым комитетінің кеңейтілген отырысында «ҚР Үкіметі мен Еуропалық ядролық зерттеулер жөніндегі ұйым (CERN) арасындағы ғылыми-техникалық ынтымақтастыққа қатысты халықаралық ынтымақтастық туралы келісімді ратификациялау туралы» заң жобасы қаралды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Қазақстан-2050» стратегиясындағы ядролық қаруды таратпау режімін ілгерілету саясатының арқасында еліміз осы саланың көшбасшысы болып танылды. Бүгінгі таңда Қазақстан атом энергиясын бейбіт мақсатта пайдалануды белсенді дамытуда.

ҚР Энергетика вице-министрі Сұңғат Есімхановтың атап өтуінше, Қазақстан Республикасының атом саласы технологиялық әлеуетті дамыту тұрғысынан перспективті салалардың бірі.

«Біздің ғылыми-техникалық адами әлеуетіміз қазіргі уақытта ядролық физика және қолданбалы зерттеулер саласындағы ең маңызды мәселелерді шеше алады. Қазақстан Ұлттық ядролық орталығының және Ядролық физика институтының ғылыми мекемелерінде үш атомдық зерттеу реакторы және басқа да қондырғылар жұмыс істеп тұрғанын жақсы білесіздер. Ядролық құзыреттілікті арттыруға күш-жігер салудың арқасында Қазақстан қазіргі уақытта іргелі және қолданбалы ядролық физика, ядролық және радиациялық технологиялар бойынша өз бетінше жұмыс атқара алатын елдер қатарында. Бұл біз үшін ең дамыған елдермен тең жағдайда жұмыс істеуге мүмкіндік береді», - деді вице-министр.

Осы орайда С. Есімханов халықаралық ұйымдармен ынтымақтастық және жобаларға қатысу академиялық қоғамдастықтың күш-жігерін, ғылыми және білім әлеуетін біріктіруге жол ашатынын атап өтті. Оған қатысушылардың ресурстары мен мүмкіндіктерін оңтайлы пайдалану арқылы қол жеткізіледі. Бұл мақсатта 2016 жылы ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен Еуропалық ядролық зерттеулер ұйымымен ынтымақтастықты дамыту бойынша жұмыс басталды. Еуропалық ядролық зерттеулер ұйымы (CERN) қарапайым бөлшектер физикасын зерттеу саласында әлемдегі жетекші ұйым болып саналады.

«CERN-нің үлкен коллайдері - өзінің ауқымы мен күрделілігі бойынша бірегей инженерлік, ғылыми кешен. Жоғары энергиялар физикасы мен бөлшектер физикасы саласындағы табысты зерттеулерді көптеген ел ғалымдарымен бірлесіп қана жүргізуге болады», - деп тоқталды министрлік өкілі.

Айта кетейік, қазіргі уақытта CERN-нің кеңес құрамына 23 ел кіреді. Бұған қоса, кейбір елдер мен халықаралық ұйымдар бақылаушы ретінде қатысады. CERN-де 2400-ден астам ғалым тұрақты жұмыс істейді, оған қоса әлемнің 113 елінің 580 университеті мен институтынан 10 мыңнан астам физиктер мен инженерлер CERN-нің халықаралық эксперименттеріне қатысып, уақытша жұмыс істейді. CERN-мен ынтымақтастық біз үшін аса маңызды. Әрі оның келешегі зор. Біріншіден, ол ресурстарды басым бағыттарға шоғырлауға, яғни алдымен іргелі білім, кейін технологиялар бойынша болашаққа серпінмен жол бастауға мүмкіндік береді.

Осыған орай, CERN-мен ынтымақтастықтың құқықтық негізін құру мақсатында 2018 жылдың маусымында Женева қаласында Ғылыми-техникалық ынтымақтастыққа қатысты Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Еуропалық ядролық зерттеулер ұйымы (CERN) арасындағы Келісімге қол қойылды. Осы Келісімді ратификациялау ғылыми байланыстарды одан әрі нығайтуға жағдай жасайды.

Қазақстанның ғалымдары, инженерлері, студенттері мен техникалық мамандары үшін ұзақ мерзімдік негізде CERN ғылыми-зерттеу жобаларына қатысуға жол ашады. Сонымен бірге, CERN-мен ынтымақтастықты одан әрі дамыту үшін Жол картасы әзірленді. Ол Энергетика министрлігі мен Білім және ғылым министрлігінің бірлескен бұйрығымен бекітілді.

Талқылаудан кейін комитет мүшелері заң жобасына қолдау білдіріп, құжатты Сенаттың жалпы отырысының қарауына жіберу туралы шешім қабылдады.


Жоғары қарай