Ауа райы
Астана -3 °С
Алматы 0 °С
валюта бағамы
USD 388.07
EUR 427.54
RUB 6.08
CNY 55.36

Қазақстанның еті Біріккен Араб Әмірліктері дүкендерінде сатылып жатыр

2019 жылдың 19 маусым 2019 13:38

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Біріккен Араб Әмірліктеріндегі Қазақстан Елшілігінің және Қазақстан Сыртқы сауда палатасының бірлескен күш-жігерінің арқасында 2019 жылғы маусымда «Оптоград» қазақстандық компаниясы Парсы шығанағы елдерінің барлық аумағында кеңінен ұсынылған БАӘ-дегі «LuLu» гипермаркеттерінің ірі көтерме-бөлшек сауда желісінің сөрелеріне қазақстандық қой етін екі рет жеткізді. Бұл туралы Сыртқы істер министрлігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап ҚазАқпарат хабарлайды.

«Оптоград» компаниясының директоры Алмат Берденовтың айтуынша, шетелде сауда жасаудың әрқашан белгілі бір тәуекелі бар. Алайда Әмірліктер нарығы сапалы азық-түлік өнімдеріне баға мен сатып алу сұранысы есебінен тартымды.

«Әрине, күмән болды. Ең алдымен, ондағы көптеген сатып алушылар алдын ала төлемсіз жұмыс істейді. Біздің кейбір жабдықтаушыларымыз осы себепті ет жеткізуге батылы бармаған», - дейді қазақстандық кәсіпкер.

Ағымдағы жылдың сәуір айының соңында қазақстандық дипломаттардың қолдауымен Әбу-Дабиде қазақстандық бизнесмендердің Сауда миссиясы ұйымдастырылды.

«Сол кезде еліміздің БАӘ-дегі Елшісі Мадияр Меңілбеков маған қажетті сәтте кеңес беріп, шешім қабылдадым. Шын мәнінде, барлығы өз жұмысын жасады: Сыртқы сауда палатасы кәсіпкерлердің сапарын ұйымдастырып, Елшілік қажетті және беделі жоғары іскер топтарды шақырды. Ал мен өз кезегінде кәсіпкер ретінде құрылған бизнес мүмкіндіктерді пайдалана алдым», - деді А. Берденов.

Қазақстандық экспортты ілгерілетуге жәрдемдесу - Қазақстанның сыртқы саяси ведомствосының маңызды басымдықтарының бірі.

«Экономикалық дипломатияны жүзеге асыру аясында Қазақстанның шет елдердегі мекемелерінің жұмысындағы маңызды міндет қазақстандық кәсіпорындардың өнімдерін шетелдік нарықтарға жылжыту болып табылады. Сондықтан біздің Елшілік эмираттық нарықтың ерекшеліктері мен реттеу шарттарын ескере отырып, азық-түлік өнімдерін қоса алғанда, қазақстандық тауарларды экспорттаушыларға қолдау көрсету және дипломатиялық көмек көрсету бойынша қолда бар әлеуетті барынша арттыруға және пайдалануға тырысады», - деп атап өтті Қазақстан Елшісі М. Меңілбеков.

Естеріңізге сала кетсек, бұл сәтті сауда миссиясын өткізу қарсаңында М. Меңілбековтың БАӘ сауда-өнеркәсіп палаталары федерациясының президенті Мухаммед Тани Муршид Ганнам аль-Румейсимен, «LuLu Group» ірі компаниясының төрағасы және басқарушы директоры Юсуф Алимен және басқа да жоғары өкілдермен кездесуі өтті. Нәтижесінде, миссияға қатысушылар тікелей келіссөздер жүргізуге, сондай-ақ БАӘ жағдайында ынтымақтастық үшін перспективалық бағыттарды талдауға мүмкіндік алды.

Қазақстандық еттің алғашқы партиясы эмираттық тұтынушылардың сөрелерінде жатыр. Сондықтан жақын арада екі ел арасындағы басқа да табысты сауда-экспорттық жобалардың іске асырылуы күтілуде.

Жоғары қарай