Ауа райы
Астана -3 °С
Алматы -1 °С
валюта бағамы
USD 389.86
EUR 435.32
RUB 6.12
CNY 55.12

Қазақстандықтарға ескерту SMS келіп жатыр

2019 жылдың 18 шілде 2019 21:34

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Қазақстандық ұялы байланыс операторларынан абоненттерге қауіпсіздік сертификатын орнату қажеттігі айтылған SMS келіп жатыр, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Құрылғыға арналған қауіпсіздік сертификатының болмауы интернет ресурстарының қолжетімділігін шектеуі мүмкін». Осы мәндегі SMS -тер бүгін Нұр-Сұлтан қаласындағы ұялы байланыс абоненттеріне келе бастаған болатын.

Аталмыш сертификатты Kcell, Activ, Tele2, ALTEL, Beeline ұялы байланысын қолданушылары да орнату қажет.

Бұл мәліметті аталмыш байланыс операторларының барлығы бірауыздан растап отыр.

«Аталмыш хабарламалар Қазақстанда тіркелген барлық абоненттерге жолданады. Әр оператор өз абоненттеріне хабарлама арқылы сілтеме жібереді. Көрсетілген сілтемеге өту арқылы қауіпсіздік жүйесінің сертификатын көшіру керек. Көшірілген сертификатты орнату қажет болады. Осыдан кейін «Сертификат сәтті орнатылды» деген ақпарат келеді. Сол сәттен бастап абонент Қазақстан Республикасында кіруге мүмкін емес сайттардың барлығынан қорғалатын болады». Байланыс операторларының қысқаша түсіндіруі осыған саяды.

Мамандар қазіргі таңда әр түрлі ұтыстар туралы сілтемелер көп тарайтынын айтады. Қауіпсіздік сертификатын орнату арқылы сондай сайттарға есік жабылмақ. Яғни, күмәнді сілтемеге өтуге әрекеттенсеңіз де қаіпсіздік жүйесі сіздің деректеріңізді хакерлік шабуылдан қорғап қалады.

Операторлар аталмыш сілтеме елдегі барлық абоненттерге таратылып жатқанын айтады. Яғни, әзірге ондай SMS алмаған адамдардың алаңдауына себеп жоқ. Сілтеме келген сәтті күтіп, орнатуға дайын болуы керек. Мамандардың айтуынша, абоненттің хакерлік шабуылға ұшырауы үшін күмәнді сілтемеге өтуі міндетті емес. Яғни қауіпсіздік жүйесінің сертификаты болмаған жағдайда интернет арқылы пайдаланатын көптеген қызметтерге кіретін құпия сөздер мен кодтарды ұрлау оңай. Қауіпсіздік жүйесінің сертификатын орнату осы үшін қажет.

Жоғары қарай