Ауа райы
Астана 0 °С
Алматы -1 °С
валюта бағамы
USD 386.30
EUR 428.14
RUB 6.08
CNY 54.87

Қазақстандықтардың экологиялық жағдайға қызығушылығы артты - министр

2019 жылдың 21 қараша 2019 11:33

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат –2018 жылы Қазақстанда ластаушы заттардың жалпы көлемі 2,5 млн тоннаны құрады. Бұл туралы ҚР Экология, геология және табиғи ресурстар министрі Мағзұм Мырзағалиев мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Бүгін Парламент Сенатының жалпы отырысында палата депутаттары «Ақпаратқа кіру, шешімдер қабылдау процесіне жұртшылықтың қатысуы және қоршаған ортаға қатысты мәселелер бойынша сот әділдігіне қол жеткізу туралы конвенцияға Ластауыштардың шығарындылары мен тасымалдарының тіркелімдері туралы хаттаманы ратификациялау туралы» Заңын қабылданды.

Осы Хаттамаға қосылу мақсаты Орхус конвенциясының ережелерімен негізделген. Ауаға шығарылатын, су мен топыраққа төгілетін қауіпті химиялық заттар мен ластағыштардың жыл сайынғы көлемдерін, өнеркәсіптік және басқа да нысандардан алынатын қалдықтар ақпаратын жинау, өндеу үшін кадастрлар немесе Ластауыштардың шығарындылары мен тасымалдарының тіркелім жүйесін біртіндеп енгізу жөнінде шаралар қолдануға міндеттіміз.

«Бұл тіркелім «ауаға, табиғатқа қай нысандар ластаушы, қауіпті химиялық заттарды шығарып жатыр?» және «қай уақыт аралығында қандай көлемде шығарылады?» деген сұрақтарға толық ақпарат беретін болады», - деді Мағзұм Мырзағалиев.

Оның сөзіне қарағанда, 2018 жылы Қазақстанда ластаушы заттардың жалпы көлемі 2,5 млн тоннаны құраған.

«Қазіргі таңда халықтың экологиялық жағдайға қызығушылығының өсуіне байланысты, біздің елімізде қоршаған ортаның жай-күйі туралы халықты уақтылы хабардар ету бойынша жұмыстар атқарылып жатыр. Соның бірі AirKz мобильдік қосымшасы іске қосылып, облыс әкімдіктері жұртшылықты ақпараттандыру үшін LED-экрандар орнату бойынша жұмыс жүргізуде. Осы LED-экрандарда ауаның сапасы туралы мәлімет беріліп жатыр. Сонымен қатар, аталған ақпарат біріктірілген сипатқа ие. Ластауыштардың шығарындылары мен тасымалдарының тіркелімі сияқты құралдардың болуы - халыққа, кәсіпорындар шығарып жатқан зиянды заттар бойынша деректерді ұсынуға мүмкіндік береді», - деді М. Мырзағалиев.

Осы аталған Тіркелім хаттамасы 64 қызмет түрін және 86 ластаушы заттарды қамтиды. Аталған 64 қызмет түрінің Қазақстанда 32 түрі және оған жататын 26 ластаушы заттар қамтылады.

«Осы Тіркелімді цифрландыру мақсатында ЮНИТАР (БҰҰ оқу және ғылыми-зерттеу институты) қолдауымен 10 миллион теңгеге гранттық қаражат алынып, веб-портал әзірленді. Оны Залалды заттардың шығарылу және тасымалдау тіркелімі деректерімен толықтыру жүргізілді. Тіркелім веб-порталы тәжірибелік пайдалануға енгізілді. Келешекте осы Тіркелім порталын Бірыңғай мемлекеттік мониторинг жүйесі аясында басқа да ақпараттық жүйелермен өзара интеграциялауды жоспарлап отырмыз. Министрліктің ведомстволық ұйымымен әзірленген Ластауыштардың шығарындылары мен тасымалдарының тіркелімінің веб-порталы келесі жылы пайдалануға беріледі. Жалпы, Қазақстанда қоршаған ортаны қорғау және табиғатты пайдалану саласында есеп беру тетіктері бар, сондай-ақ олар тіркелім іске қосылған кезде пайдаланылатын болады», - деді Мырзағалиев.

Жоғары қарай