Ауа райы
Нұр-Сұлтан 8 °С
Алматы 17 °С
валюта бағамы
USD 379.36
EUR 424.47
RUB 5.88
CNY 54.95

Қазақстандық жастар Африкадағы 250 адамға ауызашар асын берді

2019 жылдың 15 мамыр 2019 07:42 1264

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Қазақстандық бір топ жас Африка елінде тұратын мұсылман жұртшылығына ауызашар асын берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Дастархан 250 адамға жайылған. Ұйымдастыру жұмыстарын Африкадағы мұсылман халқына ауызашар беретін қор қолға алған. Алматы қаласы мен Ақтөбе облысындағы 50-ге жуық белсенді жас сол қорға ақша аударған.

«Қасиетті Рамазан айындағы игі істердің төресі -  ауыз аштыру. Африка мұсылмандары ауыздарын қара сумен ашатынын естігенде ас беру ойы туындады. Олардың күнкөріс деңгейлері өте төмен. Ауызашар бағдарламасы бойынша бір адамды тамақтандыруға 1 доллар, яғни 380 теңге шамасында жұмсалады екен. Қазақстанда бұл баға бір адамға - 600-1500 теңге. Оның үстіне, елімізде ауызашар беріп жатқандар өте көп. Өңірлердегі әрбір мешітте де олар күнделікті тегін ұйымдастырылады. Аталмыш елдегі халықтың жағдайына қарап шүкіршілік етсек деген ой», - дейді ұйымдастырушылардың бірі Ержан Мизамов.



Оның айтуынша, алдағы күндері еліміз жастары Мысырда білім алып жатқан 80-ге жуық қазақстандық студентке ауызашар асын беруді жоспарлап отыр.

«Ұсыныстар өте көп түсуде. Оның ішінде, Қазақстандағы жағдайы төмен отбасыларға қайырымдылық шараларын ұйымдастыру бар», - дейді ол.

Айта кетейік, 6 мамыр күні басталған  Рамазан айы 5 маусымға дейін жалғасады. Қасиетті Қадір түні - 31 мамырдан 1 маусымға қараған түн. Ал 5 маусым - ораза айтының бірінші күні. Биылға белгіленген пітір-садақа көлемі - 300 теңге.



null

 

 

Автор: Мира Төлендіқызы
Басты сөздер: Дін, Жастар, Қоғам, Африка,
Жоғары қарай