Ауа райы
Астана -13 °С
Алматы -7 °С
валюта бағамы
USD 369.01
EUR 416.39
RUB 5.53
CNY 53.18

Қазақстандық теннисшілердің Уимблдондағы қарсыластары белгілі болды

2018 жылдың 29 маусым 2018 19:17 723

ОРАЛ. ҚазАқпарат - Қазақстандық теннисшілердің Уимблдон турниріндегі қарсыластары белгілі болды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Дүйсенбі күні басталатын Уимблдон жарысы - «Үлкен дулыға» турнирінің бірі. Сондықтан онда сәтті өнер көрсеткендер қомақты табыс табумен бірге рейтингтегі орындары да жоғарылайды.

Қазақстанның бірінші, әлемнің 53-інші ракеткасы Зарина Диясқа жеребе онша жолдас бола қойған жоқ. Оның алғашқы қарсыласы - әлемнің 25-інші ракеткасы, түбі ресейлік болғанымен, Австралия елінің намысын қорғайтын Дарья Гаврилова. Егер Д.Гаврилованы ұтса, онда әлемнің 38-ракеткасы, қытайлық Пэн Шуай немесе қазіргі кезде рейтингте 86-ыншы орында тұрған австралиялық, 2011 жылғы US Open жеңімпазы Саманта Стосурдың біреуімен кездеседі.

З.Дияс биылғы 12 маусымда Ноттингем турнирінде  дәл сол С.Стосурмен матчта жарақаттанып қалып, кездесуді жалғастыра алмаған болатын. Содан бері басқа жарысқа қатыспаған Зарина жарақатынан жазыла алды ма, дайындығы қалай, оны алдағы бәсеке көрсетеді.

З.Дияс бұған дейін Уимблдон турнирінің 2014 және 2015 жылдары төртінші айналымына дейін жетіп, табысты нәтижеге қол жеткізді. Өткен жылы үшінші айналымнан қайтты. Биыл ұпай жоғалтпау үшін кемінде үшінші айналымға дейін жете алса, жақсы болар еді.

Тағы бір қазақстандық, әлемнің 55-ракеткасы Юлия Путинцева рейтингте 88-інші орындағы поляк қызы Магда Линетпен шеберлік байқасады. Оны тізе бүктірсе, ресейлік, әлемнің 14-інші ракеткасы Дарья Касаткина мен хорватиялық Яна Феттің біреуі күтеді. М.Линетті «Ролан Гаррос» турнирінде З.Дияс ұтқан болатын. Осы «Ролан Гаррос» жарысының ширек финалына дейін жетіп, рейтингте үздік елулікке жақындаған Ю.Путинцеваның бұл жолы да сәтті ойнап, өзінің ұпай қорын толықтыратындай мүмкіндігі бар.

Ерлер арасындағы Уимблдон турнирінде Қазақстаннан жалғыз Михаил Кукушкин өнер көрсетеді. Ол бірінші айналымда әлемнің 93-інші ракеткасы, өзінен үш саты төмен тұрған канадалық Вашек Поспишилмен кортқа шығады. Оны жеңген жағдайда әлемнің бірінші ракеткасы, испаниялық Рафаэль Надальмен (оның алғашқы қарсыласы - Израиль елінің өкілі Дуди Села) кездесуі әбден ықтимал.

Еске сала кетейік, бұдан бұрын М.Кукушкиннің Истбурн турнирінің жартылай финалына шыққанын жазған болатынбыз.

 

 

 

Автор: Елжан Ералы
Басты сөздер: Спорт,
Жоғары қарай