Ауа райы
Нұр-Сұлтан 23 °С
Алматы 28 °С
валюта бағамы
USD 382.38
EUR 428.30
RUB 5.97
CNY 55.39

Қазақстандық парламентарийлер Санкт-Петурбургте ТМД ПАА отырысына қатысты

2019 жылдың 18 сәуір 2019 21:06 655

САНКТ-ПЕТЕРБУРГ. ҚазАқпарат - Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының төрағасы Дариға Назарбаева бастаған қазақстандық парламентшілер Санкт-Петербургтегі ТМД Парламентаралық Ассамблеясы Кеңесінің отырысына қатысты. Бұл туралы «ҚазАқпарат» ХАА-ның меншікті тілшісі хабарлады.

Отырыстың басында ТМД ПАА төрағасы Валентина Матвиенко Сенат басшысын жоғары лауазымға тағайындалуымен құттықтады.

«Құрметті Дариға Нұрсұлтанқызы, сіз екеуіміз Кеңес құрамындағы ерлердің монополиясын аз да болса бәсеңдеттік», - деп қалжыңдады В.Матвиенко.

«Жауапты лауазымыңызда Сізге табыстар тілеймін, бірлесе қызмет атқара берейік», - деді ол.

Отырыс қатысушылары ТМД Парламентаралық Ассамблеясының 19 сәуірде Санкт-Петербург қаласында өтетін 49-шы Жалпы отырысының күн тәртібінің жобасын қарады. Сондай-ақ ұйымға мүше елдерде соңғы кездері өткен сайлауларды мониторингілеуге ТМД ПАА-ның халықаралық бақылаушыларының қатысу мәселесі талқыланды.

Сондай-ақ «Сайлау институты - жариялы билікті легитимдеу тетігі ретінде» халықаралық конференциясына дайындық барысы сөз болды.

Кеңес мүшелері ТМД мемлекеттерінде терроризмге қарсы іс-қимылдарды құқықтық қамтамасыз ету туралы ақпаратпен танысып, ТМД ПАА жанындағы Бақылаушы мәртебесі туралы ереженің жобасын қарады.

Шара соңында Кеңес мүшелері ТМД Парламентаралық Ассамблеясының 2018 жылғы қызметін қорытындылап, алдағы кезеңге ТМД-дағы модельді заң шығарушылықтың перспективалы жоспарының жобасын құру мәселесін  талқылады.

Еске сала кетейік, бұған дейін Сенат басшысы және Қазақстан делегациясының мүшелері ТМД ПАА іс-шаралары аясында өткізіліп жатқан Халықаралық терроризмге қарсы іс-қимыл жөніндегі конференцияға қатысқан болатын.

 

Авторы Медет Ахметов 

Жоғары қарай