Ауа райы
Астана 1 °С
Алматы 7 °С
валюта бағамы
USD 389.98
EUR 434.01
RUB 6.10
CNY 55.04

Қазақстандық-оңтүстіккорейлік ІТ-орталық ашылады

2019 жылдың 22 сәуір 2019 14:35

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Нұр-Сұлтан қаласында Қазақстандық-оңтүстіккорейлік халықаралық ІТ-орталығы ашылады. Бұл туралы бүгін Ақордада Корея Республикасының Президенті Мун Чжэ Инмен келіссөздерден кейінгі бірлескен мәлімдеме барысында ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Қазақстан экономикасына инновациялық технологияларды енгізу мақсатында корейлік технологияларға қызығушылық танытады. Бұл бағыттағы маңызды қадам елордамызда, Нұр-Сұлтан қаласында Қазақстандық-оңтүстіккорейлік халықаралық ІТ-орталық ашу уағдаластығы болмақ. Бұған қоса, көліктік-инфрақұрылымдық құрылыстағы ынтымақтастықты тереңдетуге айрықша назар аударылды. Осыған байланысты біздің елдеріміздің стратегиялық даму бағдарламалары «Нұрлы жол» мен «Жаңа солтүстік саясат» басымдықтарының бір-біріне жақын екендігін атап өткім келеді», - деді Мемлекет басшысы.

Сонымен қатар, ҚР Президенті Корея басшысымен бірлескен инфрақұрылымдық жобаларды бір уақытта жүзеге асыра отырып, көлік-транзиттік бағыттарды дамыту қажеттігі туралы өзара түсіністікке қол жеткізгенін айтты. Қытайдың Тынық мұхиты жағалауындағы Ляньюньган портындағы қазақстандық терминалды корейлік тараптың пайдалану мүмкіндігі қозғалғанын атап өтті.

«Біз банктер мен қаржы институттарының өзара іс-қимылын жандандыру мәселесін қарастырдық. Бұл инвестициялық жобаларды жүзеге асырудағы шағын және орта бизнес мүмкіншіліктерін ынталандыруға мүмкіндік береді. Осы тұрғыда Корея Республикасының қаржы институттары мен іскерлік топтарының қызметін Орталық Азия нарықтарына шығуға пайдалану үшін «Астана» халықаралық қаржы орталығы алаңында жандандыруды ұсындым», - деді ҚР Президенті.

Жоғары қарай