Ауа райы
Астана 5 °С
Алматы 8 °С
валюта бағамы
USD 389.81
EUR 430.27
RUB 6.06
CNY 54.91

Қазақстандық экспорттаушылар Қытай нарығын зерделеп қайтты

2019 жылдың 16 сәуір 2019 22:18

ШАНХАЙ. ҚазАқпарат - Бірқатар қазақстандық компания өкілдерінің Қытайға жұмыс сапары өтті. Бұл туралы ҚР Сыртқы істер министрлігінің баспасөз қызметінен мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Отандық өнімдерді ҚХР нарығында ілгерілету мақсатында Қазақстанның Шанхай қаласындағы Бас консулдығы «Silk Road» экспорттық орталығы, «Қазақстан ауылшаруашылық өнімдерін экспорттаушыларының қауымдастығы» және «Пионер» ЖШС, «Лепсі балы» ЖШС, «ҚР ӘӨК» ЖШС сияқты бірнеше қазақстандық компания өкілдерінің Қытайға жұмыс сапарын ұйымдастырды. Оның мақсаты қазақстандық өндірушілер мен қытайлық әріптестер арасындағы өзара іс-қимылдың алгоритмін әзірлеу болды», - деді ведомстводан.

Сауда-өнеркәсіп палатасымен, Сертификация орталығымен, «Байлан» компаниясымен, Еркін сауда аймағымен және РФ-ның Шанхай қаласындағы сауда орталығымен кездесулер ұйымдастырылған.

«Кездесулер барысында қазақстандық кәсіпкерлер өнімдерге химиялық және бактериологиялық анализдерді жүргізу талаптарын және арнайы рұқсат құжаттамасын рәсімдеу ережелерін зерделеуге мүмкіндік берген импорттық өнімдерді талдау орталығына барып, импорттық өнімдерді сертификаттау және стандарттау рәсімдерімен танысты. Сонымен қатар, Қазақстан делегациясы Ханчжоу, Иву және Фучжоу қалаларына барып, осы қалалардың жергілікті іскерлік тобымен кездесті және оларды дайын қазақстандық ауылшаруашылығы өнімдерімен таныстырды», - делінген ақпаратта.

Тауарларды нарықта ілгерілетудің қытайлық жүйесімен танысу үшін Ханчжоу қаласының «Гуожань» мамандандырылған холдингіне жұмыс сапары ұйымдастырылды. Холдинг халық тұтынатын тауарлардың жалпы жарнамасымен, дизайнымен және оларды қаптаумен айналысады. Холдинг басшылығы қазақстандық тауарларды ҚХР нарығына шығару үшін бірлескен жеке бағытты ашуды және консалтингтік және заңгерлік қызметтер көрсетуді ұсынды.

Сонымен қатар, Иу қаласы әкімінің міндетін атқарушы орынбасарымен кездесу ұйымдастырылды. Оның барысында қала басшылығы қазақстандық өндірушілерді қолдау ниетін білдіріп, қажет болған жағдайда, үлкен артылықшылықтарымен сауда алаңдарын бөлуді ұсынды. Қазақстандық өндірушілерге 2019 жылы 23-26 мамыр аралығында Иу қаласында өтетін «Шетелдік тауарлардың халықаралық жәрмеңкесіне» қатысуға шақырды.

Кездесулердің нәтижесінде, қазақстандық өнімдерді ҚХР нарығында белсенді ілгерілету үшін Қытай тарапы Шанхайда «Silk Road» экспорттық Орталығының өкілдігін ашуды ұсынды. Бұл орталық қазақстандық өндірушілердің өнімдерін ҚХР-ның аумағында ілгерілетуге және сертификаттау және стандарттау рәсімдерін өтуде көмектесетін болады, ал бұл өзкезегінде отандық өндірушілерге қытайлық әріптестермен тұрақты тікелей байланыстар орнатуға мүмкіндік береді.




Жоғары қарай