Ауа райы
Астана -13 °С
Алматы -6 °С
валюта бағамы
USD 386.19
EUR 427.71
RUB 6.07
CNY 54.87

Қазақстандық 3 фильм «Алтын глобус» жүлдесіне үміткерлер тізіміне кірді

2019 жылдың 14 қараша 2019 17:05

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - «Қазақфильмнің» үш фильмі «Алтын глобус» жүлдесіне үміткерлер тізіміне кірді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Алтын глобус» жүлдесін табыстайтын Голливудтың шетел баспасөзі қауымдастығы (HFPA) «Шетелдің үздік фильмі» номинациясына үміткерлердің толық тізімін жариялады.

Бұл тізімге «Қазақфильм» киностудиясының үш бірдей фильмі, атап айтқанда Ермек Тұрсыновтың «Шыракшы», Ақан Сатаевтың «Томирис» тарихи картиналары мен Фархат Шәріповтың «Тұлғалық өсу тренингі» драмасы кірді», - делінген Қазақфильм хабарламасында.

Айта кетсек, осы номинация бойынша үміткерлер тізіміне шетел тілінде түсірілген 65 елден 93 фильм кірген.

Үстіміздегі жылы 9 желтоқсанда «Алтын глобус» жүлдесіне үміткерлердің қысқа тізімі жарияланатын болады.

Келер жылдың басында отандық прокатқа шығатын «Шырақшы» фильмі Екінші дүниежүзілік соғысы кезінде неміс қариядан киноаппарат сыйға алған солдат туралы. Соғыстан соң елге оралған ол қартайған шағына дейін ел аралап, киноаппаратпен ескі фильмдерді көрсетумен айналысады.

Сонымен қатар, «Томирис» тарихи фильмі біздің заманымызға дейінгі VI ғасырда болған оқиғаны суреттейді. Фильмде кішкентай қыздан айбынды жауынгерге айналған, сақ тайпаларын өз билігі астында біріктірген Ұлы Даланың аты аңызға айналған Томирис патшайымының тағдыры баяндалады.

Фархат Шәріповтың «Тұлғалық өсу тренингі» фильмі қырық жастағы орта жас күйзелісін кешіп жүрген, өмірден ештеңе күтпейтін Қанат есімді банк қызметкері туралы баяндайды.

«Алтын глобус» жүлдесінің 77-ші марапаттау салтанаты 2020 жылы қаңтардың 5-нен 6-на қараған түні өтеді.

Автор Руслан Ғаббасов
Басты сөздер: Мәдениет,
Жоғары қарай