Ауа райы
Нұр-Сұлтан 17 °С
Алматы 21 °С
валюта бағамы
USD 380.56
EUR 430.15
RUB 6.02
CNY 55.55

Қазақстандағы жаңа кадрлық тағайындаулар

2019 жылдың 28 сәуір 2019 14:27 893

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Өтіп бара жатқан аптада бірқатар министрліктерде және облыс әкімдіктерінде тағайындаулар болды. ҚазАқпарат апта ішіндегі осы және өзге де тағайындаулар шолуын оқырман назарына ұсынады.

Орталық басқару органдарында Мемлекет басшысының Өкімімен Бауыржан Тортаев Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрінің орынбасары қызметіне тағайындалды.

Бауыржан Қадырұлы Тортаев 1967 жылы дүниеге келген. 1991 жылы С. Орджоникизде атындағы Мәскеу мемлекеттік басқару академиясын «инженер-экономист» мамандығы бойынша бітірген. Еңбек жолын 1991 жылы Семей тауар-шикізат биржасының ақпараттық-анықтамалық орталығының маманы болып бастаған.  Әр жылдары Семей қаласында, Шығыс Қазақстан облысында және орталық органдарда лауазымды қызметтер атқарған. Бұл тағайындауға дейін ҚР Қаржы министрлігінің жауапты хатшысы болған.

ҚР Қаржы министрлігі Қаржы мониторингі комитетінің төрағасы болып Әбілқайыр Сқақов тағайындалды.

Әбілқайыр Бақтыбайұлы Сқақов 1974 жылы Павлодар облысында туған. Ақмола қаржы-экономикалық техникумын (салық бойынша қаржыгер, 1995); Шәкәрім атындағы Семей мемлекеттік университетін (экономист және қаржыгер, 2000); Қазақ құқықтану және халықаралық қатынастар институтын (бакалавр-заңгер, 2004); М. В. Ломоносов атындағы Мәскеу мемлекеттік университетін («Master of Business Administration» іскерлік әкімшілік шеберінің дәрежесі, 2017) аяқтаған. Мемлекеттік қызметтегі жалпы тәжірибесі - 24 жыл, оның ішінде басшылық лауазымдарда 15 жыл еңбек еткен. Соңғы тағайындауға дейін ҚР Қорғаныс министрінің орынбасары (экономика және қаржы бойынша) болған.

Сонымен бірге, бұл аптада Абай Сарқұлов «Қазақстанның Даму Банкі» АҚ Басқарма төрағасы және Директорлар кеңесінің мүшесі болып сайланды.

Абай Серікұлы Сарқұлов Жұбанов атындағы Ақтөбе мемлекеттік университетін («Банк ісі») бітірген. Банк саласындағы кәсіби қызметін 2003 жылы валюталық операциялар менеджері болып бастаған. 2006 жылдан бастап 2007 жылға дейін «Алматы Халықаралық Банкі» АҚ филиалында директор орынбасарының міндетін атқарушы болды. 2007 жылы «ҚДБ» АҚ Жобаларға кредит беру басқармасының менеджері қызметіне тағайындалды. Кейінгі жылдары бас менеджер, басқарма бастығы, Жобалық дирекция басшысының орынбасары, «ҚДБ» АҚ Жобалық дирекциясының басшысы қызметтерін атқарды. 2015 жылғы 15 маусымнан бастап - «ҚДБ» АҚ Басқарушы директоры - Басқарма мүшесі.  2016 жылғы 15 сәуірден бастап - «ҚДБ» АҚ Басқарма төрағасының орынбасары. 2017 жылдың ақпанынан - «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қоры» АҚ Басқарма төрағасы.

Президент Өкімімен Болат Дембаев Қазақстан Республикасы Бас прокурорының орынбасары қызметіне тағайындалды.

Болат Бекназарұлы Дембаев 1965 жылы дүниеге келген. Білімі жоғары. Түрлі жылдары ҚР Бас прокуратурасының департаменттерін басқарған. Астана қаласының прокуроры болған.

Сонымен бірге, ҚР Бас прокурорының бұйрығымен Бауыржан Мырзакеров Нұр-Сұлтан қаласының прокуроры болып тағайындалды.

Бауыржан Мырзакеров 1975 жылы дүниеге келген. Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетін бітірген. Прокуратура органдарындағы қызметін 1997 жылы Бас әскери прокуратурасы Қапшағай гарнизоны әскери прокурорының көмекшісі болып бастаған.  Әр жылдары Шымкент гарнизоны әскери прокурорының орынбасары, Сарыөзек әскери округы әскери прокурорының орынбасары, Өскемен, Қапшағай гарнизондарының әскери прокуроры, Бас әскери прокурордың орынбасары, Павлодар облысы прокурорының орынбасары болып істеген. 2018 жылдың мамырынан ҚР Бас прокуратурасы заңды күшіне енген үкімдердің заңдылығын және олардың орындалуын қадағаулау қызметінің бастығы болған. Прокуратура органдарындағы жұмыс өтілі 21 жылдан асады.

ҚР Президенті Әкімшілігінің келісімен Нұр-Сұлтан қалалық Полиция департаментінің бастығы лауазымына полиция полковнигі Ержан Сәденов тағайындалды.

Ержан Сапарбекұлы Сәденов 1968 жылы Шығыс Қазақстан облысында туған. С. Аманжолов атындағы Шығыс Қазақстан мемлекеттік университетін, Қарағанды қаласындағы Қазақстан Республикасы ҰҚК-нің жоғарғы мектебін бітірген. Ішкі істер органдарында 1993 жылғы шілдеден бастап орта және аға басқарушы құрамның әртүрлі жедел лауазымдарында қызмет атқарған. Басшылық лауазымдардағы тәжірибесі мол. Әр жылдары Риддер, Өскемен қалалық полиция басқармаларының, Шығыс Қазақстан облыстық полиция департаменті Есірткі бизнесіне қарсы күрес басқармасының бастығы, Маңғыстау облыстық полиция департаменті бастығының бірінші орынбасары, ІІМ Жедел департаментінің бастығы, Көліктегі полиция департаментінің бастығы болып қызметті етті. 2016 жылғы маусымнан аталмыш тағайындауға дейін ҚР ІІМ Ақмола облыстық полиция департаментінің басшысы лауазымын атқарды.

Нұр-Сұлтан қаласы әкімінің орынбасары қызметіне Ерлан Каналимов тағайындалды. Ол әлеуметтік қорғау, жастар және ішкі саясат, ақпарат, мәдениет, денсаулық сақтау, дене шынықтыру және спорт мәселелеріне жауапты болады.

Ерлан Ермекұлы Каналимов 1982 жылдың 22 тамызында Целиноград қаласында туған. Білімі жоғары, 2003 жылы Астана қаласының Басқару институтын «экономист» мамандығы бойынша, 2007 жылы Қазақстан-Ресей университетін «заңгер» мамандығы бойынша тәмамдаған. Еңбек жолын Астана қаласы Сарыарқа ауданы әкімі аппараты ұйымдастыру-бақылау және кадр бөлімінің бас маманы ретінде бастады. 2005 жылы Сарыарқа ауданы әкімінің кеңесшісі қызметін атқарды. 2005-2006 жылдар аралығында Астана қаласы Сарыарқа ауданы әкімі аппараты ұйымдастыру-бақылау және кадр бөлімінің басшысы болды. 2006-2007 жылдары - Сарыарқа ауданы әкімінің кеңесшісі. 2007-2009 жылдары - Астана қаласы әкімі аппараты ұйымдастыру-инспекторлық бөлімінің меңгерушісі. 2009-2013 жылдар аралығында - Астана қаласы әкімі аппараты басшысының орынбасары. 2013-2015 жылдар аралығында - «Зорлық-зомбылық немесе зорлық-зомбылық қаупі салдарынан қиын жағдайға тап болған адамдарға арналған дағдарыс орталығы-баспанасы» КММ директоры. 2015-2018 жылдар аралығында Астана қаласы Ішкі саясат басқармасының басшысы болып жұмыс істеді. 2018 жылдың 20 наурызынан бүгінге дейін Нұр-Сұлтан қаласы Байқоңыр ауданының әкімі қызметін атқарды. Үйленген, 4 баласы бар.

Нұр-Сұлтан қаласы Байқоңыр ауданының әкімі болып Асқар Есілов тағайындалды.

Асқар Есілов 1979 жылы Целиноград қаласында туған, білімі жоғары. 2002 жылы Орал мемлекеттік заң академиясын, 2005 жылы Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетің тәмамдаған. Еңбек жолын 1998 жылдан бастап Астана қаласы Қаржы департаментінің бас маманы-заңгер қызметін атқарудан бастаған. 2014 жылғы сәуір айынан 2015 жылғы 2 наурыз айына дейін - «Астана ЭКСПО-2017» ҰК» АҚ корпоративті басқару департаментінің директоры болған. 2016 жылғы сәуірден бастап қазіргі уақытқа дейін Нұр-Сұлтан қаласы Алматы ауданы әкімінің орынбасары қызметін атқарған.

Сонымен бірге, елорда әкімінің өкімімен Нұр-Сұлтан қаласының Қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының басшысы қызметіне Марат Шоранов тағайындалды.

Марат Шоранов 1975 жылы 24 тамызда Алматы қаласында дүниеге келген. Академик Б.У.Жарбосынов атындағы Қазақ мемлекеттік медицина университетін, Урология ғылыми орталығының аспирантурасын бітірді. Rollins School of Public Health (Emory University) магистрі, қоғамдық денсаулық сақтау магистрі, медицина ғылымдарының кандидаты. Академик Б.У. Жарбосынов атындағы Урология ғылыми орталығында (Алматы), радиациялық медицина және экология ҚазҒЗИ (Семей), ҚР Денсаулық сақтау министрлігінде жұмыс істеді. 2017 жылдан осы уақытқа дейін Шығыс Қазақстан облысы денсаулық сақтау басқармасын басқарып келді.

Өтіп бара жатқан апта өңірлердегі тағайындаулармен де есте қалды. Атап айтқанда, Тараз қаласының әкімі қызметін Қайрат Досаев атқаратын болады.

Қайрат Әскербекұлы Досаев 1965 жылы туған, білімі жоғары. 1987 жылы Қазақтың Еңбек Қызыл Ту орденді ауылшаруашылық институтын «ауылшаруашылығын механикаландыру», 2007 жылы Абай атындағы Қазақ Ұлттық педагогикалық университетін «экономист» мамандықтары бойынша бітірген. Қ.Досаев түрлі жылдары «Казсельхозмеханизация» ғылыми-өндірістік бірлестігінің және «Алтын диірмен» АҚ-ның инженері, «Дешт» ЖШС-ның директоры, Алматы қалалық төтенше жағдайлар басқармасы бөлім бастығының орынбасары, Алматы қаласы Бостандық ауданының төтенше жағдайлар бөлімінің сектор меңгерушісі, басшы орынбасары, ҚР Төтенше жағдайлар агенттігі төрағасының көмекшісі, Алматы облысы әкімінің көмекшісі, Талдықорған қаласы әкімінің орынбасары, Қаратал ауданының әкімі, Алматы облысының табиғи монополияларды реттеу және бәсекелестікті қорғау және тарифтер жөніндегі басқармаларының бастығы, ҚР Төтенше жағдайлар министрінің кеңесшісі, «Казспортинвест» АҚ-ның вице-президенті, Жамбыл облысы Қордай ауданының әкімі қызметтерін атқарған. 2017 жылдың наурызынан бастап Жамбыл облысы Шу ауданының әкімі лауазымында қызмет атқарып келді.

ҚР Президенті Әкімшілігінің келісімімен Ақмола облысының Полиция департаментінің басшысы лауазымына полиция генерал-майоры Берік  Біләлов тағайындалды.

Берік Сұлтанғазыұлы Біләлов 1963 жылы дүниеге келген. ҚР ІІМ-нің Қарағанды жоғары мектебін бітірген. Ішкі істер органдарында 1990 жылдан бастап орта және жоғары басшылық құрамда қызмет етіп келеді. Солтүстік Қазақстан облысының Полиция департаменті бастығының бірінші орынбасары, ІІМ Криминалдық полиция комитеті төрағасының орынбасары, төрағасы, ТМД аумағында ұйымдасқан қылмысқа және өзге де қылмыс түрлеріне қарсы күресті үйлестіру жөніндегі бюроның уәкілетті өкілі (Мәскеу қаласы), ІІМ Штаб-департамент бастығы болып жұмыс істеді. 2014 жылдан бұл тағайындауға дейін Солтүстік Қазақстан облысының Полиция департаментін басқарды.

ҚР Президентi Әкiмшiлiгiнiң және аудандық мәслихаттың келiсiмдерi бойынша Берік Жанбаев Ақмола облысы Қорғалжын ауданының әкімі болып тағайындалды.

Берік Амантайұлы Жанбаев 1968 жылы туған. Қарағанды мемлекеттік университетін және Қарағанды экономикалық университетін бітірген. 1990-1999 жылдары Арқалық қаласының орта мектебінде тарих мұғалімі болып істеді, 1993-2000 жылдары жергілікті және орталық мемлекеттік органдардың аппараттарында жауапты лауазымдар атқарды. 2000-2012 жылдары Целиноград ауданы әкімінің орынбасары, 2012-2014 жылдары Ақмола облысы білім басқармасы басшысының орынбасары қызметтерін атқарды. 2015-2016 жылдары «Нұр Отан» партиясы Целиноград аудандық филиалы төрағасының бірінші орынбасары болып сайланды. Осы тағайындауға дейін Целиноград аудандық мәслихатының хатшысы лауазымында еңбек етті.  

ҚР Президентi Әкiмшiлiгiнiң және аудандық мәслихаттың келiсiмi бойынша Талғат Ерсейітов Ақмола облысы Бұланды ауданының әкімі болып тағайындалды.

Талғат Аманбайұлы Ерсейітов 1974 жылы Астрахан ауданында туған. Целиноград ауыл шаруашылығы институтын және Басқару институтын бітірген.  Еңбек жолын 1996 жылы Астрахан ауданы әкімінің аппаратында маман болып бастады. 1997-2007 жылдары Астрахан ауданы бойынша салық комитетінде түрлі жауапты лауазымдарды атқарды. 2007 жылы Астрахан аудандық мәслихатының хатшысы болып сайланды.  2009-2012 жылдары Астрахан ауданы әкімі орынбасарының лауазымында қызмет атқарды.  2012-2017 жылдары - Астрахан ауданының әкімі.  Осы тағайындалуына дейін Есіл ауданының әкімі лауазымын атқарды.   

ҚР Президентi Әкiмшiлiгiнiң және аудандық мәслихаттың келiсiмімен Алпысбай Қайыржанов Ақмола облысы Ақкөл ауданының әкімі болып тағайындалды.

Алпысбай Қуандықұлы 1983 жылы туған, Ақмола облысы Шортанды ауданының тумасы. М.Тынышпаев атындағы Қазақ көлік және коммуникация академиясын бітірген. 2006-2009 жылдары жеке меншік секторда істеді. 2009-2010 жылдары - Шортанды ауданы Шортанды кенті әкімінің орынбасары, кейін әкімі. 2010-2014 жылдары Шортанды ауданы ТҮКШ, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің басшысы лауазымын атқарды. Осы тағайындауға дейін Шортанды ауданы әкімінің орынбасары болып істеді. Еске сала кетсек, осы ауданның орталығы Ақкөл қаласында «Smart Aqkol» жобасы жүзеге асырылып жатыр. 

 

 

 

 

 

 

Автор: Айжан Серікжанқызы
Басты сөздер: Тағайындау,
Жоғары қарай