Ауа райы
Астана -8 °С
Алматы 13 °С
валюта бағамы
USD 389.98
EUR 434.01
RUB 6.10
CNY 55.04

Қазақстандағы жаңа кадрлық тағайындаулар

2019 жылдың 14 сәуір 2019 13:45

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Ағымдағы аптада республика бойынша біраз ауыс-түйістер болды. Әсіресе, жергілікті жерде өткен кадрлық тағайындаулар көп. Мәселен, бір аптаның ішінде үш бірдей қаланың әкімі ауысты. Дегенмен, орталық мемлекетті органдар деңгейінде де тағайындау шаралары аз болмады. ҚазАқпарат тілшісі апта ішінде болған кадрлық өзгерістерді ұсынады.

Осы аптаның басында Мемлекет басшысының Өкімімен Бауыржан Жұмаханұлы Омаров Қазақстан Республикасы Президентінің кеңесшісі қызметіне тағайындалды. Бауыржан Жұмаханұлы 1962 жылы дүниеге келген. Қызылорда облысында туған. ҚазМУ-дың журналистика факультетін (1986, қазіргі ҚазҰУ), Мәскеу халықаралық бизнес және ақпараттық технологиялар университетін (1998) бітірген. Филология ғылымдарының докторы (2001), профессор (2002). «Лениншіл жас» (қазіргі «Жас алаш») газетінде тілші, аға тілші, аудармашы, бөлім меңгерушісі (1986-1994), ҚазҰУ-да аға оқытушы (1994-1996), доцент, аға ғылыми қызметкер (1998-2000), профессор (2002-2003), Қызылорда мемлекеттік университетінің проректоры (1996-1997), Қызылорда қалалық әкімінің орынбасары (1997-1998), Қазақстан Ұлттық ғылым академиясының Әдебиет және өнер институтында аға ғылыми қызметкері, бөлім меңгерушісі (2000-2003), ҚР Мәдениет, ақпарат және спорт министрлігінде департамент директоры (2003-2006), «Астана хабары» газеті бас редакторының бірінші орынбасары, «Айқын» газетінің бас редакторы, Қызылорда облысы әкімі аппаратының жетекшісі, «Қазақ газеттері» ЖШС-нің бас директоры (2006-2009) қызметтерін атқарды.

ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің Ақпарат және мұрағат комитеті төрағасының орынбасары, 2010 жылдан Тіл комитетінің төрағасы, ҚР Президенті баспасөз қызметінің сектор меңгерушісі, 2013 жылғы қаңтардан бері ҚР Президенті баспасөз хатшысының орынбасары болды. Ал Данияр Ақышев ҚР Президентінің көмекшісі қызметінен босатылып, ҚР Тұңғыш Президенті - Елбасының көмекшісі болып тағайындалды.

Ал Арман Жұмабеков ҚР Ұлттық экономика бірінші вице-министрі қызметіне келді. А. Жұмабеков 1973 жылы Ақмола облысында дүниеге келген. Е. Бөкетов атындағы Қарағанды мемлекеттік университетін тәмамдаған. Еңбек жолын 1990 жылы бастаған. Түрлі жылдары Мемлекеттік кірістер министрлігінің құрылымында, ҚР Премьер-Министрі Кеңсесінде, Президент Әкімшілігінде, сондай-ақ, коммерциялық секторда жұмыс істеген. 2018 жылғы мамырдан бастап 2019 жылғы наурызға дейін ҚР Ұлттық экономика министрлігінің жауапты хатшысы лауазымын атқарған. Оның әріптесі Жаслан Мәдиев болса,Серік Жұманғариннің орнына ҚР Ұлттық экономика вице-министрі болып тағайындалды. Ж. Мәдиев 1983 жылы дүниеге келген. Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетін, Нью-Йоркте Халықаралық қатынастар және мемлекеттік басқару мектебін, Массачусетс технологиялық институтын, Слоун бизнес мектебін тәмамдаған.

«Альянс Банк» АҚ, ҚР Ұлттық банкінде, «Қазақстанның даму банкі» АҚ-да, «Самұрық-Қазына» ҰӘҚ» АҚ, «Қазына» тұрақты даму қоры» АҚ-да түрлі лауазымдарды атқарған. Әр жылдары «Ұлттық инвестициялық корпорация» АҚ-да, сондай-ақ ҚР Премьер-Министрінің кеңесшісі болып жұмыс істеген. 2017 жылдан бастап «Қазақстан темір жолы» ҰК» АҚ қаржы жөніндегі вице-президенті қызметін атқарды.

ҚР Үкіметінің қаулысымен Жұлдыз Омарбекова ҚР Ақпарат және қоғамдық даму вице-министрі болып тағайындалды. Жұлдыз Қажыкенқызы 1983 жылы Алматыда дүниеге келген. Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетін тәмамдаған. Құқықтану маманы, әлеуметтік ғылымдар кандидаты. Еңбек жолын 2001 жылы бастаған. Түрлі жылдары әлеуметтану пәнінен оқытушы, «Бауыржан» қайырымдылық қорының атқарушы директоры және президенті болып жұмыс істеген. 2013-2014 жылдары Алматы Мәдениет басқармасы басшысының м.а., басшысы, 2014-2015 жылдары - Алматы Наурызбай ауданы әкімінің орынбасары қызметтерін атқарған. 2016-2018 жылдары Nur Otan партиясының Алматы қалалық бөлімшесі төрағасының бірінші орынбасары лауазымын атқарған. 2018 жылғы қыркүйектен бастап ҚР Қоғамдық даму вице-министрі лауазымында еңбек етті.

ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрлігінде тағы бірқатар ауыс-түйістер болды. Атап айтқанда, ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрінің бұйрығымен Әлия Қайратқызы Ғалымова Азаматтық қоғам істері комитетінің төрайымы, ал Ержан Болатқанұлы Нүкежанов Дін істері комитетінің төрағасы лауазымына тағайындалды. Осы салаға қатысты тағы бір тағайындау - ол белгілі журналист Ләззат Танысбайдың «Қазақстан» РТРК» АҚ басқарма басшысы қызметіне келуі. Ләззат Мұратқызы Танысбай 1973 жылдың 11 қазанында Шығыс Қазақстан облысы Үржар ауылында дүниеге келді. Алматы халықаралық журналистика институтын тәмамдаған. Халықаралық бизнес университетінің МВА дәрежесін қорғады. Еңбек жолын 1993 жылы Қазақстан Республикалық Телерадиокорпорациясында редактор қызметінен бастады, одан кейін репортер және тележүргізуші қызметін атқарды. «Хабар» Агенттігінің іргетасы қаланған күннен бастап (1996-2002 жылға дейін) жаңалықтар қызметінің редакторы - жүргізушісі, атқарушы продюсері болып еңбек етті. 2002 жылы мемлекеттік қызметке ауысты. Қазақстан Республикасы Президенті Әкімшілігінің Баспасөз қызметінде бас сарапшы, сектор меңгерушісі, бас инспектор қызметтерін атқарды. 2005 жылдың қыркүйек айынан бастап 2008 жылға дейін - Қазақстан Республикасы Мәдениет, ақпарат және спорт министрлігі Ақпарат және мұрағат комитеті төрағасының орынбасары болды.

2008 жылдың қазанынан бастап 2011 жылдың қарашасына дейін - «Қазақстан» Республикалық Телерадиокорпорациясы» АҚ Басқарма төрағасының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2011 жылы ҚР Ақпарат және байланыс вице-министрі болып тағайындалды.
2012 жылдың ақпанында «Астана қ. теледидары» ЖШС-нің Бас директоры болып тағайындалды. 2018 жылдың 5 шілдесінен бастап «НҰР-Медиа» холдингін қатар басқарды.
Ләззат Танысбай еңбек жолында түрлі марапаттарға ие болды: Қазақстан Журналистер одағы сыйлығының лауреаты, «Құрмет» орденінің иегері (2010), Қазақстанның Еңбек сіңірген қайраткері (2015), сондай-ақ Қазақстандық журналистика мен ұлттық телевизияның дамуына айтарлықтай үлес қосқаны үшін ҚР Президенті сыйлығымен марапатталды (2018).

ҚР Білім және ғылым вице-министрі қызметіне Жақыпова Фатима Надырқызы келді. Ф. Жақыпова 1968 жылы Алматы қаласында туған.

1991 жылы С.М. Киров атындағы Қазақ мемлекеттік университетін, 2009 жылы М.Х. Дулати атындағы Тараз мемлекеттік университетін бітірген. Әл-Фараби атындағы Қазақ мемлекеттік университеті жүйесінде түрлі қызметтер атқарды. 2001 жылы М.Х. Дулати атындағы Тараз мемлекеттік университетінің проректоры болып тағайындалды. 2008 жылдан 2011 жыл аралығында І. Жансүгіров атындағы Жетісу мемлекеттік университетінің проректоры болды. ҚР Білім және ғылым миинистрлігінде департамент директорының орынбасары, директоры лауазымдарын атқарды. 2014 жылдан 2016 жыл аралығында Назарбаев Университетінің Мемлекеттік саясат Жоғары мектебінің атқарушы директоры болды. 2016 жылдан бері Қазақстан Республикасы Президенті жанындағы Мемлекеттік басқару академиясының ректоры қызметін атқарды. Экономика ғылымдарының докторы, профессор. «Құрмет» орденімен марапатталған.

«Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясының жаңа басшысы тағайындалды. Аталған қызметке Әсемгүл Балташева келді. Әсемгүл Серікқызы 1977 жылдың 8 шілдесіне дүниеге келген. Павлодар мемлекеттік университетін (мамандығы - «бухгалтерлік есеп шаруашылықтағы бақылау және сараптама»), Қарағанды мемлекеттік техникалық университетін (мамандығы - «экономика және менеджмент») тәмамдаған. 1997-2011 жылдар аралығында «Қазақтелеком» АҚ түрлі лауазымдарда қызмет атқарған. 2011-2012 жж. «Халыққа қызмет көрсету орталығы» РММ басқарған. Кейін «Халыққа қызмет көрсету орталығы» РМК-да директор орынбасары, бас директор қызметтерін атқарған. 2016 жылы «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы құрылған шақта мемлекеттік қызметтердің көрсетілуі дирекциясына басшылық етті. 2017 жылдың мамыр айынан бастап «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясының басқарма төрағасының орынбасары қызметін атқарған.

Ал «Назарбаев Зияткерлік мектептері» дербес білім беру ұйымы Қамқоршылық кеңесінің шешімімен Светлана Испусинова Басқарма төрайымы болып тағайындалды. Светлана Бағытқызы Зияткерлік мектептер жүйесінде 2009 жылдан бері қызмет етіп келеді. Ол адами ресурстарды басқару департаментінің директоры, атқарушы директор лауазымдарында істеп, 2012 жылдың қыркүйек айынан бастап - Басқарма төрағасының орынбасары қызметін атқарып келеді.

Ол барлық кәсіби біліктілігін білім беру жүйесіне арналған. 1978 жылы Гурьев педагогикалық университетін «тарих және қоғамтану» пәнінің мұғалімі мамандығы бойынша бітірген. Тарих, мемлекет негізі мен құқығы пәндерінің мұғалімі, сыныптан және мектептен тыс іс-шараларды ұйымдастырушы, Атырау және Тараз қалаларында мектеп директоры қызметтерін атқарған. 1999 - 2002 жылдары Атырау облысы білім басқармасының басшысы, 2003 -2007 жылдары ҚР Білім және ғылым министрлігінде бөлім басшысы, Мектепке дейінгі және орта білім беру департаментінің директоры, 2007 - 2008 жылдары «СИТ» АҚ Инновациялық технологиялар департаментінің директоры, «Kazsatnet» АҚ Пайдалану департаменті директорының орынбасары қызметтерін атқарған. «Қазақстан Республикасы білім саласының үздігі» және «Қазақстан Республикасы білім берудің құрметті қызметкері» төсбелгісімен, «Қазақстан Республикасының Тәуелсіздігіне 10 жыл», «Қазақстан Конститутциясына 20 жыл», «Ерен еңбегі үшін» медальдарымен марапатталған.

Жергілікті жерде де біраз кадрлық тағайындаулар болды. Мәселен, Мұхит Әзірбаев Алматы әкімінің орынбасары болып тағайындалды. Т. Рысқұлов атындағы Қазақ экономикалық университетінің түлегі Мұхит Әзірбаев Алматы қаласында туған. Жеке сектордағы жұмыста мол тәжірибе жинақтаған. Түрлі жылдары «Қуат-Агро» агрохолдингтік компаниясының бас директоры, «Global Building Contract» ЖШС Қадағалау кеңесінің төрағасы болған, «АБН АМРО Банк» және «Казкоммерцбанк» АҚ лауазымды қызметтер атқарған.

Ал Сұлушаш Құрманбекова Жамбыл облысы әкімінің орынбасары қызметіне тағайындалды. Сұлушаш Құрманбекова қарапайым мектеп мұғалімінен бастап, облыс әкімдігі білім басқармасының басшысы қызметіне дейін сатылай өскен. Орынбасар қызметіне тағайындалғанға дейін С. Құрманбекова облыстық Тілдерді дамыту басқармасының басшысы қызметін атқарды.

Ақмола облысы әкімі де жаңа орынбасарын қойды. Президенті Әкімшілігінің келісімі негізінде Жомарт Жұмағалиұлы Нұркенов Ақмола облысы әкімінің орынбасары, ал Бауыржан Сейітқалиұлы Ғайса Ақмола облысы әкімі аппараты басшысының орынбасары болып тағайындалды. Жомарт Жұмағалиұлы Нұркенов 1974 жылы туған. Нұр-Сұлтан қаласының тумасы. Білімі жоғары, Ақмола аграрлық университетін мал дәрігері, Ш.Уәлиханов атындағы Көкшетау мемлекеттік университетін экономика бакалавры мамандықтары бойынша бітірген.

Қостанай облысының әкімі Архимед Мұхамбетов та облыс активіне өзінің жаңа орынбасарын және басқарма басшыларын таныстырды. Облыс әкімінің индустрияландыру, экспорттық әлеует және инвестиция мәселелері жөніндегі орынбасары болып Ерлан Хамардинұлы Қойшыбаев тағайындалды. Ол бұрын «Қазақстандық индустрияны дамыту институты» АҚ Басқарма төрағасының орынбасары қызметін атқарған. «Ерлан Қойшыбаевтың тәжірибесі мол. Сегіз жыл бойы ҚТЖ-да жұмыс істеді. «KTZ Express» акционерлік қоғамын басқарды, сондай-ақ, «Самұрық-Қазынада» инвестициялық саясат мәселелерімен айналысып, қаржы министрлігінде лауазымды қызметтерде болды», - деді облыс әкімі. Сонымен қатар, екі басқарманың басшысы тағайындалды. Гүлбарам Мұсағазина Қостанай облысы әкімдігінің экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасына келді. Ол бұған дейін Қостанай облысы бойынша ішкі мемлекеттік аудит департаментінің басшысы қызметін атқарған. Ал Қостанай облысы әкімдігінің білім бөлімінің басшысы қызметін атқарған Василий Цымбалюк облыстық білім басқармасының басшысы болып тағайындалды.

Павлодар облысы әкімінің әлеуметтік мәселелер жөніндегі орынбасары да ауысты. Мейрам Бегентаевтың орнына әкім орынбасары лауазымына Асхат Оралов тағайындалды. Асхат Оралов 1990 жылы туған, Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетін, РФ СІМ Мәскеу мемлекеттік халықаралық қатынастар институтын бітірген. Философия докторы (PhD). Еңбек жолын 2011 жылы ЕҰУ-да бастаған. 2014-2016 жылдары Nur Otan партиясының Нұр-Сұлтан қалалық филиалы төрағасының бірінші орынбасары болған. 2018 жылы ҚР Дін істері және азаматтық қоғам министрлігі Жастар саясаты департаментінің директоры болып істеген.

Бұдан бөлек, Петропавл қаласына әкім болып Болат Жұмабеков тағайындалды. Болат Серікұлы 1972 жылғы 5 қарашада Көкшетау облысының (қазіргі Ақмола облысы) Куйбышев ауданындағы Куйбышев кентiнде туған.
Ақмола ауыл шаруашылығы институтын, М. Қозыбаев атындағы Солтүстiк Қазақстан мемлекеттiк университетiн тәмамдаған. Ғалым агроном, құқықтану бакалавры мамандығы бар. Еңбек жолын 1997 жылы Тимирязев ауданы әкiмi аппаратының маманы болып бастады.
1998-2005 жылдары жер қатынастары мәселелерi жөнiндегi жергiлiктi атқарушы органдарда жұмыс iстедi. Солтүстiк Қазақстан облысының жер ресурстарын басқару жөнiндегi Тимирязев аудандық комитетiнiң төрағасы болды. 2005 жылғы ақпанда Тимирязев ауданы ауыл шаруашылығы бөлiмiнiң бастығы болып тағайындалды. 2007-2009 жылдары Тимирязев ауданының әкiмi, 2009 жылғы сәуiрден 2011 жылғы қыркүйекке дейiн Солтүстiк Қазақстан әкiмi аппаратының басшысы болып жұмыс iстедi. 2011 жылғы қыркүйекте облыс әкiмiнiң өнеркәсiп, кәсiпкерлiк және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық мәселелерi жөнiндегi орынбасары болып тағайындалды.
2012 жылғы ақпаннан 2013 жылғы сәуiрге дейiн - Петропавл қаласының әкiмi. 2014 жылғы ақпаннан 2014 жылғы тамызға дейiн «JELS-ASTANA» ЖШС коммерциялық директоры болып еңбек еттi.
2014 жылғы 14 тамыздан 2018 жылғы 24 қаңтарға дейiн Солтүстiк Қазақстан облысы Қызылжар ауданының әкiмi болып жұмыс iстедi.
Соңғы тағайындалуға дейін 2018 жылдың 24 қаңтарынан Солтүстiк Қазақстан облысы әкiмiнiң өкiмiмен Ғабит Мүсiрепов атындағы ауданның әкiмi болып қызмет етті. 2010 жылы «Ерең еңбегi үшiн» медалi, 2016 жылы «Құрмет» орденi, 2018 жылы «Астанаға 20 жыл» мерейтой медалі мемлекеттiк наградаларымен марапатталған.

Түркістан облысының әкімі Өмірзақ Шөкеевтің өкімімен Кентау қаласының әкімі қызметіне Дәурен Махажанов тағайындалды. Дәурен Сәбитұлы бұған дейін Павлодар облысы әкімінің орынбасары қызметін атқарған. Кентау қалалық мәслихатының кезектен тыс сессиясында халық қалаулылары ұсынысты бірауыздан қолдады.

Дәурен Махажанов 1980 жылы туған. Білімі жоғары. 2001 жылы Солтүстік Қазақстан мемлекеттік университетін экономист-менеджер мамандығы бойынша, 2007 жылы Көкшетау университетін «қаржы магистрі» мамандығы бойынша бітірген. Экономика ғылымдарының кандидаты.

2001 жылдан бастап 2009 жылға дейін екінші деңгейлі банктер «Казкоммерцбанк» АҚ, «АТФБанк» АҚ, «Альянс Банк» АҚ басшылық лауазымдарында қызмет етті. 2009-2015 жылдары «Қазақстанның ипотекалық кредиттерге кепілдік беру қоры» АҚ, «КазАгроФинанс» АҚ, «КазАгро» ұлттық басқарушы холдингі» АҚ Басқармаларының төраға орынбасары, «Аграрлық кредиттік корпорациясы» АҚ басқарма төрағасы лауазымдарында қызмет атқарды. 2018 жылдың ақпан айынан бері Павлодар облысы әкімінің орынбасары болып еңбек еткен.

Ал Талдықорғанға Ғалымжан Әбдірайымов әкім болып келді. Бұған дейінгі Талдықорған қаласының әкімі Дастан Шалтабаев Алматы облысының әкімі Амандық Баталовтың кеңесшісі қызметіне тағайындалды.
Айта кетейік, Дастан Шалтабаев Талдықорған қаласының әкімі болып бір жыл ғана істеді. Ол бұл қызметке 2018 жылдың мамыр айында тағайындалған еді. Ғалымжан Әбдірайымов 1965 жылы туған, білімі жоғары. 1988 жылы Жамбыл гидромелиоративтік-құрылыс институтын «инженер-құрылысшы», 2003 жылы «Тұран» университетін «заңгер» мамандықтары бойынша бітірген. Еңбек жолын 1987 жылы «Шығыс» ұжымшарында құрылыс учаскесінің шебері болып бастаған.

1991-1998 жылдары Луговой аудандық атқару комитеті жанындағы сәулет-жоспарлау бюросының техник-құрылысшысы, «Алрай» шаруа қожалығының төрағасы, «Альтаир» ЖШС сәулет-құрылыс фирмасының атқарушы директоры болған. 1998-2002 жылдары Алматы қалалық лицензиялау, сәулет-қала құрылысы қызметінің сарапшысы, бас маманы, бөлім бастығы, директоры, Алматы облысы бойынша сәулет-құрылыс бақылау және лицензиялау аумақтық басқармасының бастығы, Астана қаласы бойынша индустрия, сауда және шағын бизнесті қолдау департаменті директорының орынбасары болды. 2003-2009 жылдары Алматы облысының мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылау басқармасының бастығы, 2009-2013 жылдары ҚР Құрылыс және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық істері агенттігінде басқарма басшысы, департамент директоры - ҚР мемлекеттік құрылыс инспекторы лауазымдарын атқарды.

2013-2014 жылдары ҚР Өңірлік даму министрлігі Құрылыс және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық істері комитеті төрағасының орынбасары, 2014-2015 жылдары Алматы облысы әкімі аппаратының басшысы, 2015-2017 жылдары Алматы облысы әкімінің орынбасары болды. 2018 жылдың сәуір айынан осы уақытқа дейін Тараз қаласының әкімі қызметін атқарды.

Автор Арман Асқаров
Басты сөздер: Тағайындау,
Жоғары қарай