Ауа райы
Астана -17 °С
Алматы -6 °С
валюта бағамы
USD 376.73
EUR 427.36
RUB 5.75
CNY 56.07

Қазақстандағы жаңа кадрлық тағайындаулар

2019 жылдың 20 қаңтар 2019 11:25 1114

АСТАНА. ҚазАқпарат  - Осы аптада еліміздің орталық және жергілікті атқарушы органдарында бірқатар кадрлық тағайындау орын алды. Атап айтқанда, ҚР Сыртқы істер министрлігінің орынбасары, министрлік жауапты хатшысы, Қарағанды облысы әкімінің орынбасары ауысты. Президент Әкімшілігінде де кадрлық өзгеріс орын алды. Спорт саласында да ауыс-түйістер бар. ҚазАқпарат апта ішіндегі осы және өзге де тағайындауларға шолу ұсынады.

Сонымен Мемлекет басшысының Өкімімен Нұрлан Ермекұлы Сауранбаев Қазақстан Республикасы Президентінің Әкімшілігі Мемлекеттік бақылау және аумақтық-ұйымдастыру жұмысы бөлімінің меңгерушісі болып тағайындалды.

Нұрлан Сауранбаев 1967 жылы 20 мамырда туған, білімі жоғары, мамандығы  - экономист. Еңбек жолын 1991 жылы "Еңбек" компаниясының бас директоры болып бастады. 1997-2002 жылдары Қазақстанның кәсіпкерлер конгресінің атқарушы директоры, "Қазақстан темір жолы" республикалық мемлекеттік кәсіпорнының "Жолаушылар тасымалы" еншілес кәсіпорын директоры, "АНПЗ" ашық акционерлік қоғамының бірінші вице-президенті қызметтерін атқарды. 2002-2016 жылдары "ҚазМұнайГаз" ҰК" АҚ Инжинирингтік және сервистік қызметтер департаментінің директоры, Мұнайды тасымалдау жөніндегі басқарушы директоры, Сервистік жобалар жөніндегі басқарушы директоры, ҚР Индустрия және жаңа технологиялар вице-министрі, ҚР Қорғаныс министрінің орынбасары болып жұмыс істеді. 2017 жылдың ақпан айынан бастап "ЭКСПО-2017" халықаралық мамандандырылған көрмесін әзірлеу және өткізу мәселелері жөніндегі штабтың ұйымдастыру комитетінің басшысы қызметін атқарды. 2017 жылдан Шымкент қаласының әкімі болды.

"Құрмет" және "Парасат" ордендерімен, "Қазақстан Республикасының Тәуелсіздігіне 20 жыл" мерекелік медалімен наградталған. 

Мемлекет басшысының Өкімімен  Ермек Беделбайұлы Көшербаев Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрінің орынбасары болып тағайындалды.

Ермек Беделбайұлы Көшербаев 1965 жылы 2 мамырда Алматы қаласында дүниеге келген. 1988 жылы C.Киров атындағы Қазақ Ұлттық университетін шет тілінде оқытатын тарихшы мамандығы бойынша бітірді.  1993 жылы КСРО Дипломатиялық академиясын халықаралық қатынастар және сыртқы саясат мамандығы бойынша аяқтады. ҚазССР Сыртқы істер министрлігінің құпия іс қағаздарын жүргізу бойынша аға инспекторы, екінші хатшысы, бірінші хатшысы, Сыртқы істер министрінің көмекшісі, ҚР Сыртқы істер министрлігінің Мемлекеттік протокол басқармасының бірінші хатшысы, бөлім меңгерушісі, ҚР Президенті Аппаратының Халықаралық бөлімінің консультанты, Президент Аппараты Протокол қызметі басшысының міндетін атқарушы болды. Қазақстан Республикасының Швейцария Конфедерациясындағы Елшілігінің бірінші хатшысы, Сыртқы істер министрлігінің Көпжақты ынтымақтастық департаментінің Азиялық қауіпсіздік бөлімнің басшысы қызметін атқарды. «ҚазТрансОйл ҰК» ЖАҚ-ның президент аппаратының басшысы, «ҚазМұнайГаз ҰК» ЖАҚ-ның президент аппаратының басшысы, «Отан Республикалық саяси партиясы» қоғамдық бірлестігінің орталық аппарат басшысы, «KazEnergy Қазақстандық мұнайгаз және энергетикалық ұйымдарқауымдастығы» заңды тұлғалар бірлестігінің атқарушы директоры, «Ертіс қоғамдық-кәсіптік корпорация» Ұлттық компаниясының басқарма төрағасы болып жұмыс істеді. Мұнан бөлек ШҚО әкімінің бірінші орынбасары, Ауыл шаруашылығы вице-министрі, жауапты хатшысы да болған. 2018 жылдан бастап жаңа қызметке тағайындалғанға дейін ҚР Сыртқы істер министрлігінің жауапты хатшысы лауазымында еңбек етті.

Мемлекет басшысының Өкімімен Нұрлан Мұсатайұлы Сейтімов Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрлігінің жауапты хатшысы болып тағайындалды.

Ол 1964 жылы Алматы облысында туған. ҚазМУ-дың заң факультетін, Ресей Федерациясының СІМ Дипломатиялық академиясының «Халықаралық қатынастар» факультетін бітірген. ҚР СІМ жүйесінде 1994 жылдан бастап жұмыс істейді. ГФР Елшілігінің бөлімшесінде үшінші хатшы, ҚР СІМ КҚД екінші хатшысы, ҚР СІМ КҚД Еуропа және Америка елдері бөлімінің бастығы, ҚР-ның Майндағы Франкфурт қаласындағы Бас консулдығының консулы, ҚР Ганновер қаласындағы консулдығының консулы, ҚР СІМ ТМД департаментінің бөлім бастығы, басқарма бастығы, Департамет директорының орынбасары,  ҚР Президенті Әкімшілігі Сыртқы саясат орталығының бас инспекторы, меңгерушінің орынбасары, ҚР-ның РФ Елшілігінің кеңесші-уәкілі, ҚР-ның Майндағы Франкфурт қаласындағы Бас консулы болған. Жаңа қызметке тағайындалғанға дейін Қазақстанның Тәжікстан Республикасындағы Төтенше және Өкілетті Елшісі қызметін атқарды.

Қарағанды облысы әкімінің орынбасары болып Асхат Аймағамбетов тағайындалды.

Асхат Аймағамбетов 1982 жылы Қарағанды облысында дүниеге келген. «Тарихшы, тарих пәнінің ұстазы» және «құқықтану» мамандықтары бойынша екі жоғары білімі бар. Еңбек жолын 2002 жылы Е.Бөкетов атындағы ҚарМУ-де бастаған. «Аңсар» Жастар лигасын басқарған. Екі мәрте Қарағанды қалалық мәслихатында өзін өзі ұсынушы ретінде депутат болып сайланған. 2012 жылдан бастап мемлекеттік қызметте жұмыс істейді. Нұра ауданы әкімінің орынбасары, Қарағанды облысы Білім басқармасының жетекшісі қызметін атқарды. 2017 жылдың тамызынан бастап осы күнге дейін Білім және ғылым вице-министрі лауазымында болып, мектепке дейінгі және орта білім, сондай-ақ жоғары білім мен ғылым мәселелеріне жетекшілік еткен. 

Қаржы министрлігіне қарасты екі комитет басшысы ауысты. Атап айтқанда,  Айдын Жұмабекұлы Ашуев Мемлекеттік сатып алу жөніндегі комитеттің төрағасы қызметіне, Ербол Шырақбайұлы Қарашүкеев - ҚР ҚМ Қазынашылық комитетінің төрағасы қызметіне тағайындалды.

А.Ашуев 1976 жылы Алматы қаласында дүниеге келген. Қазақ мемлекеттік басқару академиясын, Қаржы академиясын бітірген. Еңбек жолын 1995 жылы бастаған. Әртүрлі жылдары коммерциялық секторда, «Экспорттық кредиттер мен инвестицияларды сақтандыру жөніндегі мемлекеттік сақтандыру корпорациясы» АҚ, «Ұлттық зияткерлік меншік институты» РМҚК, «ҚазАгро «Ұлттық холдингі» АҚ, «ҚазАгрогарант» АҚ, ҚР Статистика агенттігінде жұмыс істеді, оның ішінде «Ақпараттық есептеу орталығы» РМК-сын басқарды. 2016 жылдан бастап осы уақытқа дейін «Амангелді Газ» ЖШС Бас директорының экономика және қаржы жөніндегі орынбасары қызметін атқарды.

Е.Қарашүкеев 1976 жылы Алматы облысында дүниеге келген. Әл-Фараби атындағы Қазақ мемлекеттік ұлттық университетін, Қазіргі заманғы гуманитарлық институтты бітірген. Статистика агенттігінде, «Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры» АҚ, Қаржы министрлігінде, республикалық бюджеттің атқарылуын бақылау жөніндегі есеп комитетінің «Қаржылық бұзушылықтарды зерттеу орталығы» РМК-да, «Қазақстанның Тұрғын үй-құрылыс жинақ банкі» АҚ және тағы басқа қызметтер атқарды. 2016 жылдан бастап тағайындалғанға дейін - ҚР Президенті Әкімшілігінің Әлеуметтік-экономикалық мониторинг бөлімі меңгерушісінің орынбасары қызметін атқарып келді. 

Түркістан облысында дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы болып Полат Қырықбаев тағайындалды.

Полат Наурызбайұлы 1961 жылы 26 наурызда Оңтүстік Қазақстан облысында туған. Еңбек жолын 1985 жылы Қазақ химико-технология институты дене шынықтыру кафедрасында оқытушы болып бастаған. 1986-2015 жылдар аралығында «Қайрат» және Арыс ауданы балалар және жасөспірімдер спорт мектептерінің оқытушы-жаттықтырушы, облыстық Олимпиада резерві балалар және жасөспірімдер спорт мектебінің дене шынықтыру кафедрасының оқытушысы,  Оңтүстік Қазақстан облысы дене шынықтыру және спорт басқармасының бастығы, Оңтүстік Қазақстан облысы кешенді жоғары спорт шеберлігі мектебінің директоры, Ордабасы ауданы Бөген ауыл округінің әкімі, Оңтүстік Қазақстан облысы туризм, дене шынықтыру және спорт басқармасының бастығы, Ұлттық штаттық командалар және спорт резерві мектебінің директоры қызметтерін атқарған. 2015 жылдан бүгінгі күнге дейін Бекзат Саттарханов атындағы облыстық дарынды балалардың спорт мектеп-интернатының директоры болды.

Павлодар облысының Аққулы ауданына әкім болып Абзал Әбілхақұлы Балғабаев  тағайындалды.

 44 жастағы Абзал Балғабаевтың екі жоғары білімі бар. 1998 жылы С.Торайғыров атындағы Павлодар мемлекеттік университетін «Дене тәрбиесі» және 2000 жылы Қазақ құқықтану және халықаралық қатынастар институтын «Заңгер» мамандығы бойынша бітірген. 1995 жылы еңбек жолын Павлодар облысы бойынша мемлекеттік жекешелендіру комитетінің маманы болып бастаған. Әр жылдары коммерциялық құрылымдарда басшылық лауазымда болған. 2004-2012 жылдары Павлодар облысы Әділет департаменті құрылымдық бөлімшелерінде еңбек етті. 2012-2014 жылдары Павлодар облысының бас инспекторы қызметін атқарған. 2014 жылдың қазан айынан бүгінгі күнге дейін Тереңкөл ауданы әкімінің орынбасары болған.

Атырау облысы Индер ауданының әкімі болып Қалауи Мейірім Жоламанұлы тағайындалды

Мейірім Қалауи Х.Досмұхамедов атындағы Атырау мемлекеттік университетін және Ресей Федерациясы Президенті жанындағы мемлекеттік қызмет Академиясын бітірген. Мамандығы - мемлекеттік және жергілікті басқару менеджері, экономика магистрі. Еңбек жолын 2006 жылы «Атырау-Ақпарат» КМК төрағасының көмекшісі қызметінен бастаған. 2010 жылы - «Тұран» ЖШС директоры, 2010-2011 жылдары «Қазақстан» РТРК АҚ Атырау облыстық филиалы директорының орынбасары-бас редактор болды. 2011 жылы «Атырау-Ақпарат» КМК төрағасы, 2012 жылы Атырау облыстық жастар саясаты мәселелері басқармасының басшысы лауазымын атқарды. 2016 жылдың маусым айында Атырау облысы әкімі аппараты басшысының орынбасары, 2016 жылы қараша айында Атырау қаласы әкімінің орынбасары болып тағайындалған.

Түркістан облысының әкімі Жансейіт Түймебаевтың өкімімен Кентау қаласының әкімі болып Рысбеков Ғани Құрмашұлы тағайындалды.

Ғани Құрмашұлы 1962 жылы 8 сәуірде Оңтүстік Қазақстан облысында Түркістан қаласында туған. Еңбек жолын 1979 жылы Түркістан қаласында Чапаев атындағы ұжымшарда жұмысшы болып бастаған. 1980-2015 жылдар аралығында Түлкібас жеміс-жидек зауытының жұмысшысы, Целиноград облысы Балқаш ауданы Веселовский кеңшарының аға агрономы, Түркістан ауданы әкімі аппараты ұйымдастыру бөлімінің инспекторы, меңгерушісі, Түркістан қаласы жастар ісі спорт және туризм басқармасының бастығы, Түркістан қаласы әкімдігінің шаруашылық басқармасы мемлекеттік мекемесінің бастығы, Түркістан қалалық мәслихатының хатшысы қызметтерін атқарған. 2015 жылдан бүгінгі күнге дейін Түркістан қаласы әкімінің орынбасары болды.

53 жастағы чех маманы Михал Билек футболдан Қазақстан ұлттық құрамасының бас бапкерлігіне тағайындалды.

Михал Билек Чехословакияның Прага қаласында 1965 жылы 13 сәуірде дүниеге келген. Футболшы кезінде Чехословакия және Чехия құрамаларының жартылай қорғаушысы болған. Бапкерлік қызметін чехиялық «Теплице» клубында бастады. Сонымен қатар, «Картахинес» (Коста-Рика), «Хмел», «Виктория Плзень», «Спарта Прага», «Высочина» (барлығы - Чехия), «Ружомберок» («Словакия»), «Динамо Тбилиси» (Грузия) футбол клубтарын жаттықтырды. Соңғы жұмыс орны - чехиялық «Фастав Злин» командасы.

«Астана» клубының атқарушы директоры болып 49 жастағы ағылшын маманы Пол Эшуорт тағайындалды. Пол ұзақ жылдар бойы өз елінде «Норвич Сити», «Кембридж Юнайтед», «Питерборо Юнайтед» сияқты клубтарда жұмыс істеген. Кейін Латвияның «Венспилс», «Рига» және «Сконто» клубтарында 10 жыл тәжірибе жинақтады. Бұдан тыс, «Ростов» футбол клубының (Ресей) спорт директоры, бас бапкер міндетін атқарды, кейіннен Нигерияның «Квара» және «Онду Стейт» клубтарында техникалық директор болды.

Азамат Мұқанов Қазақстан жастар арасындағы ерлер құрамасының аға жаттықтырушысы қызметіне келді.

А. Мұқанов - даңқты әрі тәжірибелі дзюдошы. Әлем чемпионатының күміс жүлдегері. Азия ойындары мен Азия чемпионатының қола жүлдегері. Екі дүркін «Grand Slam» кезеңінің күміс жүлдегері. Қазақстан Республикасына еңбегі сіңген спорт шебері.

 

 

Жоғары қарай