Ауа райы
Астана 10 °С
Алматы 16 °С
валюта бағамы
USD 389.52
EUR 429.21
RUB 6.07
CNY 54.94

Қазақстандағы президент сайлауына 1 мыңнан астам шетелдік байқаушы келеді - ҚР ОСК

2019 жылдың 10 сәуір 2019 19:38

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - ҚР Орталық сайлау комиссиясы ағымдағы жылдың 9 маусымында өтетін кезектен тыс президент сайлауына 1 мыңнан астам шетелдік байқаушының келетіндігін болжап отыр, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Қазіргі уақытта қанша халықаралық байқаушы болатындығын тек қана болжай аламыз. Ол алдағы уақытта белгілі болады. Мәселен өткен сайлауларда 1 024-тен бастап 1633-ке дейін байқаушы тіркелген. Осы жолғы сайлауда да осы мөлшерде, бір мыңнан астам халықаралық байқаушы болады деп ойлаймыз» - деді ОСК мүшесі Зәуреш Бимолдина бүгін аталған комиссияның отырысынан кейінгі баспасөз мәслихатында.

Осы ретте ОСК төрағасы Берік Имашев 2015 жылы өткен президент сайлауында қандай халықаралық ұйымдардан қанша байқаушы келгендігін айтып берді.

«ЕҚЫҰ ДИАҚБ миссиясынан - 291, ТМД байқаушылары миссиясынан - 410, ШЫҰ миссиясынан 10 және басқа да ұйымдардан 99 байқаушы келді. Мұнан бөлек еліміздің Сыртқы істер министрлігінде аккредиттелген БАҚ болды. Олар - 168 адам», - деп нақтылады Берік Имашев.

Ал ОСК мүшесі Бақыт Мелдешов жақын күндері еліміздің Сыртқы істер министрлігіне шетелдік байқаушыларды аккредиттеу туралы арнайы хат жіберілетіндігін атап өтті.

Жоғары қарай