Ауа райы
Астана 14 °С
Алматы 20 °С
валюта бағамы
USD 387.34
EUR 428.44
RUB 6.04
CNY 54.58

Қазақстандағы апта ішіндегі жаңа кадрлық тағайындаулар

2019 жылдың 25 тамыз 2019 10:05

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Осы аптада ҚазАқпарат агенттігі 19-25 тамыз аралығындағы басты тағайындауларға шолу ұсынады.

Апта басында ҚР Президенті Қ.Тоқаевтың Жарлығымен Бердібек Сапарбаев ҚР Премьер-Министрінің орынбасары лауазымына тағайындалды.

Бердібек Мәшбекұлы Сапарбаев 1953 жылы 9 ақпанда Қызылорда облысында дүниеге келген. 1977 жылы Алматы Халық шаруашылығы институтын «Экономика және материалдық-техникалық жабдықтау» мамандығы бойынша бітірді. Экономика ғылымдарының докторы, профессор.

Еңбек жолын Қызылорда облысының Задарьинский совхозының жұмысшысынан бастады (1969-1971 жылдары); әскери қызметін өткерді (1971-1973 жылдары). Институтты бітірісімен Республикалық мемлекеттік еңбек жинақтау кассалары (гострудсберкассы) басқармасында экономист (1977); ҚазКСР Қаржыминінде экономист, аға экономист, жетекші, бас экономист, бөлім бастығының орынбасары (1977-1988 жылдары); жоспарлау-қаржы басқармасының бастығы, Бас экономика басқармасының бастығы, ҚР Білім министрінің орынбасары (1988-1993 жылдары); Президент Аппараты бөлімі мен ҚР Министрлері кабинеті меңгерушісінің орынбасары (1993); ҚР Министрлер кабинетінің Істер басқармасының Қаржы, еңбек және әлеуметтік қорғау бөлімі меңгерушісінің орынбасары және меңгерушісі (1994-1995 жылдары) болды. ҚР Министрлер кабинеті Аппаратының басшысы (1995); Қызылорда облысының әкімі (1995-1999 жылдары); Оңтүстік Қазақстан облысының әкімі (1999-2002 жылдары) қызметтерін атқарды.

ҚР Кедендік бақылау агенттігінің төрағасы, ҚР Қаржы вице-министрі - Кедендік бақылау комитетінің төрағасы (2002-2006); Премьер-Министр Кеңсесі басшысының орынбасары - ҚР Парламентіндегі Үкіметтің Өкілі (2006-2007); ҚР Экономика және бюджеттік жоспарлау вице-министрі (2007 жылы ақпан - 27 тамыз). 2007 жылдың тамызынан ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі. 2009-2014 жылдары - Шығыс Қазақстан облысының әкімі. 2014-2015 жылдары ҚР Премьер-Министрінің орынбасары. 2015-2019 жылдары Ақтөбе облысының әкімі қызметін атқарды. ҚР Еңбек және әлеуметтік қорғау министрі лауазымын 2019 жылдың ақпанынан бері атқарып келді.

Бердібек Сапарбаевтың орнына ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі қызметіне Біржан Нұрымбетов тағайындалды.

Біржан Бидайбекұлы Нұрымбетов1968 жылы 19 наурызда туған. әл-Фараби атындағы Қазақ мемлекеттік университетін «Механика және қолданбалы математика» мамандығы және Алматы экономика және статистика академиясын «Қаржы» мамандығы бойынша бітірген.

1993-1997 жылдары Жамбыл қаласы бойынша салық инспекциясының салық инспекторы, бөлім бастығы, Жамбыл облысы әкімінің бірінші орынбасарының кеңесшісі, Жамбыл облысы әкімі аппаратының сектор меңгерушісі қызметтерін атқарды. 1997-2008 жылдары «Зейнетақы төлеу мемлекеттік орталығы» РМКК Жамбыл облысы бойынша филиалының директоры болды. 2008-2009 жылдары – ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің Бақылау және әлеуметтік қорғау комитетінің төрағасы, 2009-2012 жылдары – ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау вице-министрі, 2012-2015 жылдары – ҚР Премьер-Министрі Кеңсесі Басшысының орынбасары болды. 2015-2017 жылдары – ҚР Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму вице-министрі, ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау вице-министрі, 2017 жылғы желтоқсаннан – ҚР Кәсіподақтар федерациясы төрағасының бірінші орынбасары қызметін атқарды.

ҚР Үкіметінің Қаулысымен Әсет Ирғалиев ҚР Ұлттық экономика вице-министрі қызметіне тағайындалды.

Әсет Арманұлы Ирғалиев 1986 жылы Қостанай қаласында дүниеге келген. 2008 жылы Қазақстандық менеджмент, экономика және болжамдау институтын, Швецияда халықаралық бизнес мектебін, 2009 жылы — Йорк университетін және 2010 жылы — Ноттингем университетін тәмамдаған. Мамандығы — экономист. Мемлекеттік – қазақ, орыс, ағылшын және неміс тілдерін меңгерген.

Еңбек жолын 2010 жылғы қыркүйек айында Лондондағы Еуропа қайта құру және даму банкінің (ЕҚҚДБ) экономика департаментінде Шығыс Еуропа және Кавказ бойынша экономикалық саясаттың аймақтық талдаушысы ретінде бастаған. 2011 жылғы қазан айынан 2012 жылғы қараша аралығында осы департаментте Бас өңірлік талдаушы болып қызмет атқарған. 2011 жылғы қараша айында банктің өңірлік экономисі болып еңбек еткен. 2013 жылғы қаңтарда «Экономикалық зерттеулер институты» АҚ Кәсіпкерлікті дамыту орталығының директоры болып тағайындалған. Аталған құрылымда Ә. Ирғалиев 2016 жылдың басына дейін Басқарма төрағасының бірінші орынбасары, Басқарма төрағасының орынбасары, вице-президент лауазымдарын атқарған. 2016 жылғы ақпан айында «Экономикалық зерттеулер институты» АҚ басқарма төрағасы болып тағайындалған. 2016 жылғы қазан айында «Бәйтерек» ҰБХ» АҚ Басқарма төрағасының кеңесшісі қызметін атқарды, 2016 жылғы желтоқсанда ҚР Премьер-Министрінің кеңесшісі болып тағайындалған. 2017-2018 жылдары ҚР Премьер-Министрі Кеңсесінің Жобалық басқару орталығының меңгерушісі лауазымын атқарған. 2018 жылғы қыркүйектен 2019 жылғы наурыз аралығында ҚР ұлттық экономика вице-министрі қызметін атқарған. 2019 жылғы наурыздан қазіргі тағайындауға дейін ҚР Премьер-Министрінің Кеңсесі басшысының орынбасары болып қызмет еткен.

ҚР Премьер-Министрі Кеңсесі басшысының орынбасары қызметіне Шымкент қаласы әкімінің орынбасары болған Данат Жумин келді.

Данат Есболұлы Жумин 1983 жылы 14 сәуірде Қостанай облысында дүниеге келді. 2006 жылы Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетін «саясаттанушы», 2009 жылы АҚШ Монтана университетін «мемлекеттік басқару магистрі» мамандығы және 2017 жылы АҚШ Гарвард бизнес мектебін жоғары басшыларды даярлау бағдарламасы бойынша бітірген.

2003-2007 жылдары Қазақстан жастар конгресінің атқарушы директоры, 2009-2011 жылдары ҚР Президенті жанындағы мемлекеттік басқару академиясының дипломатия институты ректорының кеңесшісі, директордың орынбасары, 2011-2013 жылдары Астана қаласындағы «Apex Consult» ЖШС-нің бас директоры, 2013-2014 жылдары «Бәйтерек» Ұлттық басқарушы холдингі» АҚ хатшылығының басшысы, басқарушы төрағасының кеңесшісі болған. 2014-2016 жылдары «Қазақстан 2050» жалпыұлттық қозғалысы кеңесінің төрағасы, 2016-2017 жылдары Шымкент қаласы әкімінің штаттан тыс кеңесшісі, 2017-2018 жылдары «Нұр Отан» партиясы орталық аппаратында саяси жұмыстар департаментінің директоры қызметтерін атқарған. 2018-2019 жылдары Шымкент қаласы әкімінің орынбасары болды.

Сонымен бірге, ҚР Экология, геология және табиғи ресурстар вице-министрі лауазымына Санжар Жаркешов тағайындалды.

Санжар Серікбайұлы Жаркешов 1986 жылы 24 қазанда Қарағанды облысында туған. 2009 жылы Қазақ экономика, қаржы және халықаралық сауда университетін «қаржы» мамандығы бойынша, ал 2010 жылы – АҚШ Техас университетін «мұнайгаз инжинирингі» мамандығы бойынша бітірген.

Еңбек жолын 2008 жылы Техаста (АҚШ) Остин қаласында Мұнай және геожүйелік инжиниринг орталығының зерттеуші инженері болып бастады. 2010-2016 жылдары «ExxonMobile» Корпорациясында Калифорния, Колорадо және Техас (АҚШ) штаттарында бұрғылау жөніндегі инженер, Иракта бұрғылау жөніндегі аға инженер, Ресейде (Сахалин аралы) бұрғылау жөніндегі бас инженер, Атырау қаласында аға жобалық инженер болып еңбек етті. 2016-2018 жылдары - Шотландиядағы Перт қаласында «Merlin ERD» компаниясында кәсіпшілік супервайзерлер басшысы және бұрғылау жөніндегі жетекші инженер болды. 2018 жылдың наурыз айынан қазірге дейін Ұлыбританияда Лондон қаласында McKinsey and Company компаниясында мұнай өнеркәсібінің жаһандық сарапшысы және басқарушы кеңесшісі болып жұмыс істеді.

Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігі Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі комитетінің жаңа төрағасы болып Асхат Қайнарбеков тағайындалды.

Асхат Қанатұлы Қайнарбеков 1975 жылы 23 ақпанда туған. 1997 жылы Абай атындағы Алматы мемлекеттік университетін «Құқықтану» мамандығы, 2003 жылы Т. Рысқұлов атындағы Қазақ экономикалық университеті «экономика» мамандығы бойынша, 2006 жылы М. В. Ломоносов атындағы Мәскеу мемлекеттік университетін; 2009 жылы Гарвард бизнес мектебін, 2016 жылы Колумбия университетін бітірген. «Болашақ» бағдарламасының түлегі. Экономика бойынша мемлекеттік басқару магистрі.

Еңбек жолын 1998 жылы ҚР Сыртқы істер министрлігі Екінші департаментінің маманы болып бастаған. 1999-2001 жылдары ҚР СІМ ТМД департаментінің референті, атташе, үшінші хатшысы лауазымдарында жұмыс істеді. 2001-2002 жылдары – Алматы облысы Талғар ауданы әкімінің орынбасары, 2010-2018 жылдары Ақмола облысы әкімінің орынбасары қызметін атқарды. 2018 жылдың қаңтар айынан аталған тағайындауға дейін ҚР Президенті Әкімшілігінің мемлекеттік бақылау және аумақтық-ұйымдастыру жұмысы бөлімінің мемлекеттік инспекторы қызметін атқарды.

ҚР Ұлттық экономика министрлігі Бәсекелестікті қорғау және дамыту комитетінің төрағасы болып Рустам Ахметов тағайындалды.

Рустам Нұрланұлы Ахметов 1978 жылы 22 ақпанда Қарағанды облысы Теміртау қаласында туған. 1999 жылы Қазақ мемлекеттік заң университетін бітірген. Еңбек жолын 1999 жылы ҚР Мемлекеттік кірістер министрлігінің кінәрат-қуыным жұмысы бөлімінің жетекші маманы болып бастады. 2001 жылы ҚР Президент Әкімшілігінің мемлекеттік-құқықтық бөлімінің аға референті қызметіне қабылданды. Түрлі жылдары ҚР Президент Әкімшілігінің мемлекеттік-құқықтық бөлімінің кеңесшісі, заңнама және құқықтық сараптама бөлімінің бас сарапшысы, сектор меңгерушісі болып жұмыс істеді. 2011 жылы ҚР Табиғи монополияларды реттеу агенттігінің жауапты хатшысы қызметіне тағайындалды. 2014 жылдың тамыз айынан 2017 жылдың сәуір айының аралығында ҚР ҰЭМ Табиғи монополияларды реттеу және бәсекелестікті қорғау комитеті төрағасының орынбасары болды. 2017 жылғы сәуір айынан қазірге дейін ҚР Ұлттық экономика министрлігінің Табиғи ресурстарды реттеу, бәсекелестікті және тұтынушылардың құқықтарын қорғау комитеті төрағасының орынбасары лауазымын атқарды.

22 тамызда ҚР Кәсіподақтар федерациясы Атқару комитетінің отырысында федерация төрағасының жаңа орынбасарлары сайланды. Төрағаның бірінші орынбасары болып Нұрмұхамбет Әбдібеков тағайындалды.

Нұрмұхамбет Қанапиұлы Әбдібеков – мамандығы бойынша тау-кен инженері, өндірістегі кәсіподақтардың жұмысымен етене таныс. Әр жылдары Ақтөбе, Атырау кәсіпорындарында және мемлекеттік органдарда қызмет атқарған, ҚР Индустрия және жаңа технологиялар вице-министрі, Ақтөбе қаласының әкімі, Ақтөбе облысы әкімінің бірінші орынбасары, Қарағанды облысының әкімі, Есеп комитетінің төрағасы, «Қазақстан инжиниринг» Ұлттық компаниясы» АҚ Басқарма төрағасы болған.

Ал төрағаның орынбасары болып Ержан Егембердиев сайланды. ҚР КФ Құқықтық қамтамасыз ету және халықаралық әріптестік департаментінің директоры лауазымын атқарған. Ержан Ошақбайұлы Егембердиев – заң ғылымдарының кандидаты. Әр жылдары Жоғарғы сот жанындағы Сот төрелігі академиясында, ҚР Президенті жанындағы Мемлекеттік басқару академиясында, Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінде және ҚР Әділет министрлігінде қызмет атқарған.

«Nur Otan» партиясының жетекшісі Н.Ә. Назарбаевтың Қаулысымен Омархан Өксікбаев партия жанындағы Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі республикалық қоғамдық кеңестің төрағасы, Павел Казанцев Партиялық бақылау комитетінің төрағасы болып тағайындалды.

Омархан Нұртайұлы Өксікбаев 1954 жылы 22 желтоқсанда Алматы облысы Балқаш ауданы Көктал ауылында туған. Алматы халық шаруашылығы институтын бітіріп, Францияда (Парижде) «Нарықтық экономикадағы аудиторлық қызмет» мамандығы бойынша білім алды. Экономика ғылымдарының докторы. ҚР Президенті Әкімшілігі Бас бақылау инспекциясының басшысы, ҚР Қауіпсіздік Кеңесінің хатшысы, Республикалық бюджеттің атқарылуын бақылау жөніндегі есеп комитетінің төрағасы қызметтерін атқарған. 2016 жылғы 25 наурыз айынан бастап – алтыншы шақырылған ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты, «Нұр Отан» Халықтық-Демократиялық партиясының мүшесі. «Құрмет», «Парасат» ордендерімен медальдармен марапатталған.

Павел Олегович Казанцев 1960 жылдың 22 наурызында Томск қаласында дүниге келген. Алтыншы шақырылған Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаты. Целиноград инженерлік-құрылыс институтын, Ф.Э.Джерзинский атындағы КСРО МҚК Жоғары мектебін бітірген. Әр жылдары ҚР Тұңғыш Президенті – Елбасы қорының даму бойынша менеджері, бағдарламаларды, іс-шараларды, сыртқы байланыстар мен коммуникацияны жоспарлау қызметінің жетекшісі, ҚР Кәсіподақтар федерациясы төрағасының орынбасары болған. «Құрмет», «Ерен еңбек үшін» медальдарымен марапатталған.

ҚР Президенті Телерадио кешенінің бас директоры болған Ерлан Бекхожин «Хабар» Агенттігі» АҚ басқарма төрағасы болып тағайындалды.

Ерлан Қалижанұлы Бекхожин 1963 жылы 6 мамырда дүниеге келді. Шымкент қаласында туған. Қазақ мемлекеттік университетін, Орталық Азия университетін бітірген. 1994-1997 жылдары - «Хабар» агенттігі ақпараттық бағдарламасының жүргізушісі, «Жеті күн» ақпараттық бағдарламасының авторы әрі жүргізушісі. 1998-2003 жылдары - Қазақстан Республикасындағы «Мир» халықаралық телерадиокомпаниясының директоры. 2003-2009 жылдары «Литер-Медиа» ЖШС бас директоры, «Литер» және «Айқын» газеттері редакциялық кеңестерінің төрағасы. 2009 жылғы ақпаннан соңғы тағайындауға дейін ҚР Президенті Телерадио кешенінің бас директоры болды. «Бас редакторлар клубының» президенті. «Құрмет» орденімен марапатталған. «Жылдың үздік журналисі» номинациясында «Алтын жұлдыз» сыйлығының лауреаты (1996). Ресей журналистер одағының (1997) және Қазақстан журналистер одағы (2000) сыйлықтарының лауреаты. БАҚ саласындағы ҚР Президенті сыйлығының лауреаты (2008).

Өңірлерге келсек, Алматы әкімі Бақытжан Сағынтаевтың өкімімен және Қазақстан Республикасы Президенті Әкімшілігінің келісімімен Ерлан Қожағапанов қала әкімінің орынбасары қызметіне тағайындалды.

Ерлан Қожағапанов 1968 жылы туған. 1992 жылы Қарағанды мемлекеттік университетін «Экономика» мамандығы бойынша бітірді. 1999 жылы - Алматы мемлекеттік университеті «Қаржы» мамандығы бойынша , 2006 жылы РФ Мемлекеттік кеден комитетінің Ресей кеден академиясын «Заңгер» мамандығы бойынша бітірді. 1987-1989 жылдары КСРО Қарулы Күштерінде қызмет етті. 1990 жылдан 1994 жылға дейін кәсіпкерлікпен айналысқан. 1994-2007 жылдары - мемлекеттік органдар мен кәсіпорындарда жұмыс істеді. 2007-2013 жылдары Астана қаласы әкімінің орынбасары, 2013-2016 жылдары – ҚР Спорт және дене шынықтыру істері агенттігінің төрағасы және ҚР футбол федерациясының президенті, 2016-2017 жылдары ҚР П ремьер- М инистрінің кеңесшісі, 2017 жылдан бастап – ҚР Мәдениет және спорт вице-министрі қызметінде болған.

Сондай-ақ, танымал қазақстандық спортшы әрі қоғам белсендісі Уәлихан Тен Алматы қаласының әкімі Бақытжан Сағынтаевтың кеңесшісі болды.

Уәлихан Тен 1979 жылы туған, екі жоғарғы білімі бар. Ол Энергетика және байланыс институтын, сондай-ақ Спорт және туризм Академиясын бітірген. Тен - пауэрлифтинг бойынша Әлем, Еуропа және Азия чемпионы, бодибилдингтен ҚР чемпионы, екі дүркін Әлем және Азия чемпионы, пауэрлифтинг бойынша Еуропа чемпионы. Қазіргі уақытта - World Class Almaty фитнес-клубының басқарушы директоры. Ол сонымен бірге WRPF KZ пауэрлифтинг федерациясының және WPC KZ-тің президенті, WRPF-тің Қазақстандағы ресми өкілі.

2018 жылдың аяғынан бастап, ММА аралас жауынгерлік жекпе-жек федерациясының бас директоры. Сондай-ақ, ол «Almaty Triathlon Federation» қоғамдық бірлестігінің және «Бірінші болу батылдық!» (Алматы марафоны) корпоротивтік қорының қамқоршылық кеңестерінің мүшесі. 2015 жылы спортшы көпжылдық тәжірибе негізінде «Другой ты!» кітабын жазды, онда дене шынықтыру, тамақтану, күн тәртібі және т.б. сабақтар бойынша ұсыныстар айтылды.

Маңғыстау облысы әкімінің орынбасары қызметіне Бақытжан Қашақов тағайындалды.

Бақытжан Аманжолұлы Қашақов 1982 жылы туған, ұлты қазақ, білімі жоғары. 2002 жылы Қазақ-Америкалық университетін «Қаржы және кредит» мамандығы бойынша, 2003 жылы Дикинсон мемлекеттік университетін (АҚШ) қаржы - экономист мамандығы бойынша аяқтаған.

Еңбек жолын 2003 жылы «Компания Терра Холдинг ЛТД» ЖШС қаржы мәселесі бойынша директордың орынбасары болып бастаған. 2007-2009 жылдары Алматы қаласы бойынша, Медеу ауданы бойынша салық комитеті заңды тұлғалар аудиті бөлімінің маманы-салық инспекторы, жетекші маманы-жетекші салық инспекторы болып қызмет атқарды. 2009-2012 жылдары Алматы қаласы бойынша салық комитеті Халықаралық салық салу бөлімінің бас маманы-бас салық инспекторы болып жұмыс істеді. 2012-2013 жылдары ҚР Құрылыс және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық істері агенттігі Тұрғын үй құрылысы департаментінің Ведомстволық бағынысты қаржылық ұйымдармен жұмыс бойынша басқарманың бастығы лауазымын атқарды.

2013-2014 жылдары ҚР Өңірлік даму министрлігінің Сәулет, қала құрылысы және құрылыс департаментінің Құрылыс және қаржы институттарымен жұмыс басқармасының бас сарапшысы, басшысы лауазымдарын, 2014-2016 жылдары ҚР Ұлттық экономика министрлігінің Құрылыс, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық істері және жер ресурстарын басқару комитетінің Жобалық жұмыстар басқармасының бас сарапшысы, қаржы институттарымен жұмыс басқармасының басшысы, Тұрғын үй құрылысы және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығын экономикалық талдау басқармасының басшысы лауазымдарын атқарды. 2016 жылғы қарашадан 2017 жылғы сәуірге дейін ҚР Ұлттық экономика министрлігінің Құрылыс және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық істері комитеті төрағасының орынбасары лауазымын атқарды. 2017 жылғы 20 сәуірден бастап ҚР Инвестициялар және даму министрлігі Құрылыс және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық істері комитеті төрағасының орынбасары лауазымын атқарады. 2019 жылы ақпаннан бастап ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінің Құрылыс және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық істері комитеті төрағасының орынбасары болды.


Перевод Айжан Серікжанқызы
Басты сөздер: Қоғам, Тағайындау,
Жоғары қарай