Ауа райы
Астана 16 °С
Алматы 17 °С
валюта бағамы
USD 386.70
EUR 427.15
RUB 6.06
CNY 54.57

Қазақстандағы апта ішіндегі жаңа кадрлық тағайындаулар

2019 жылдың 18 тамыз 2019 11:51

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Осы аптада Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жарлығымен ҚР Парламенті Сенатының 8 депутаты тағайындалды. Мұнан бөлек жер-жерлерде де кадрлық ауыс-түйіс орын алды. ҚазАқпарат апта ішіндегі осы тағайындауларға шолу ұсынады.

Сонымен Сенат депутаты болып қайта тағайындалған Дариға Нұрсұлтанқызы Назарбаева 1963 жылы Қарағанды облысының Теміртау қаласында туған. М.Ломоносов атындағы Мәскеу мемлекеттік университетінің тарих факультетін, аспирантурасын, Қазақ мемлекеттік университетінің тарих факультетін бітірген. Саяси ғылымдар докторы, тарих ғылымдарының кандидаты. «Хабар» агенттігі» ЖАҚ Директорлар кеңесінің төрайымы, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты, «Қазақстан Республикасы Тұңғыш Президенті Қоры» қоғамдық қорының директоры, Мәжіліс төрағасының орынбасары болған. 2015 жылғы қыркүйектен ҚР Парламенті Сенатының депутаты, Халықаралық қатынастар, қорғаныс және қауіпсіздік комитетінің төрайымы, ал 2019 жылдың наурызынан ҚР Парламенті Сенатының төрағасы болды. «Құрмет», «Парасат» орденімен және Франция Республикасының Әдебиет және өнер орденімен марапатталған. Ағылшын, итальян, неміс тілдерін меңгерген.

Дариға Назарбаевамен бірге Мұхтар Абрарұлы Құл-Мұхаммед те Сенат депутаты болып қайта тағайындалып отыр. Ол 1960 жылы 12 желтоқсанда Қытай Халық Республикасының Шәуешек қаласында дүниеге келген. Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетін тәмамдаған. ҚР Мәдениет, ақпарат және қоғамдық келісім министрі, ҚР Президентінің кеңесшісі және баспасөз хатшысы, ҚР Президенті Әкімшілігі басшысының орынбасары қызметтерін атқарған. Қызылорда облысының әкімі, ҚР Мәдениет және ақпарат министрі, Мәдениет министрі, ҚР Мемлекеттік хатшысы, ҚР Мәдениет және ақпарат министрі, ҚР Президентінің кеңесшісі болып тағайындалған. Заң ғылымдарының докторы, профессор. 100-ден аса ғылыми еңбектері, оның ішінде 6 монографиясы жарық көрді. Ғылыми еңбектерінің негізгі бағыты мемлекет және құқық тарихы, саяси және құқықтық ілімдер тарихы, түркі халықтарының тарихы мен мәдениеті, руханият пен өркениет мәселелеріне арналған. Қазақстан Республикасы Мемлекеттік сыйлығының иегері. «Құрмет» орденімен марапатталған.

Ал Сенат депутаты болып жаңадан тағайындалған ҚР Гуманитарлық ғылым академиясының, Журналистика академиясының академигі, БАҚ саласындағы Президент сыйлығының және Қазақстан Журналистер одағының Б.Бұлқышев атындағы сыйлығының лауреаты Нұртөре Байтілесұлы Жүсіп 1961 жылы 29 сәуірде Қызылорда облысының Шиелі ауданында дүниеге келді. Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетін бітірген. «Егемен Қазақстан» газеті экономика бөлімінің меңгерушісі, бас редакторының орынбасары, «Жас алаш» газетінің бас редакторы, «Ақ Жол Қазақстан» газетінің бас редакторы, «Егемен Қазақстан» газетінің бас директоры, «Астана хабары» газетінің бас редакторы, «Айқын» газетінің бас редакторы болған. Оның «Біз кімнен кембіз», «Қазақтың қызы», «Елес пен белес» атты публицистикалық жинақтары жарық көрген. «Құрмет» орденімен, медальдармен марапатталған.

Ал Асқар Оразалыұлы Шәкіров осыған дейін Қазақстан Республикасындағы Адам құқықтары жөніндегі уәкіл қызметін атқарып келген болатын. Ол Қарағанды қаласында туған. М.В.Ломоносов атындағы Мәскеу мемлекеттік университеті жанындағы Азия және Африка елдері институтын, КСРО Ішкі істер министрлігі академиясының адъюнктурасын бітірген. ҚР Сыртқы істер министрінің орынбасары, Қазақстанның Үндістан Республикасындағы Төтенше және Өкілетті Елшісі, ҚР Сыртқы істер вице-министрі, ҚР Қаржы министрлігі Кеден комитетінің төрағасы қызметтерін атқарған. Бірнеше медальмен марапатталған.

Сенатор болған Ләззат Жаңылысқызы Сүлеймен 1961 жылы 10 ақпанда Талдықорған облысы Ақсу ауданы Жансүгіров кентінде дүниеге келген. Абай атындағы Қазақ педагогикалық институтының математика факультетін, Ресей мемлекеттік әлеуметтік институтының экономика факультетін бітірген. 1998 жылдан ҚР Орталық сайлау комиссиясы аппаратының кеңесшісі, ақпараттық-талдау бөлімінің меңгерушісі, 2003 жылдан бері ҚР Орталық сайлау комиссиясының мүшесі болған. Бірнеше медальмен марапатталған.

Прокуратурадан Сенат депутаттарының қатарына қосылған Андрей Лукин еліміздің ішкі істер органдарында қызмет жолын басталып, Ақмола қалалық ішкі істер шығыс бөлімінің бастығы, Ақмола қалалық ішкі істер басқармасының бастығы, Ақмола қаласы бойынша Мемлекеттік тергеу комитеті басқармасының бастығы болған. Экономикалық қылмысқа және сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес агенттігінде (қаржы полициясы) жұмыс істеп, кейіннен Астана қаласы әкімінің орынбасары қызметін атқарған. 2017 жылғы 23 тамыздан 2019 жылғы 25 сәуірге дейін ҚР Бас прокурорының орынбасары болып еңбек еткен.

Сенатор атанған Дана Нұржігіттің есімі көпке белгілі. Қазақ телевизиясында өзіндік орны бар Дана Нұржігіт бірнеше интелектуалдық бағдарламаның авторы. Тележүргізушілік қызметін 24 жасында «Хабар» арнасында бастаған. «Хабар» телеарнасында 41 жасына дейін қызмет атқарған. Қазақ көрермендеріне Дананың «Дара жол» бағдарламасы етене таныс екенін айта кету керек.

Ал Қанатбек Сафинов 1962 жылы Жамбыл облысында өмірге келген. Киров атындағы Қазақ мемлекеттік университетінің түлегі. Әр жылдары Қазақстанның ГФР сауда өкілінің орынбасары, «Қазақстан әуе жолы» ҰАК вице-президенті, ҚР Инвестициялар жөніндегі мемлекеттік комитетінің Жобаларды бағалау және келіссөздер жүргізу дирекциясының менеджері, ҚР Премьер-Министрі Кеңсесінің құқықтық сараптама бөлімінің меңгерушісі, заң бөлімінің меңгерушісі, заң, қорғаныс және құқық тәртібі бөлімінің меңгерушісі, заң бөлімінің меңгерушісі қызметтерін атқарған.

Сонымен қатар осы аптада Мемлекет басшысының Жарлығымен Жалғас Жұмаұлы Әділбаев Қазақстан Республикасының Моңғолиядағы Төтенше және Өкілетті Елшісі қызметіне тағайындалды.

Жалғас Жұмаұлы әр жылдары Литва мен Австриядағы Қазақстан елшілігінің кеңесшісі болып жұмыс істеді. Иран Горган қаласындағы Қазақстанның бас консулы қызметін атқарды. Жаңа лауазымға тағайындалғанға дейін Қазақстан СІМ ерекше тапсырмалар жөніндегі елшісі болды.

ҚР Үкіметінің қаулысымен ҚР экология, геология және табиғи ресурстар вице-министрі қызметіне тағайындалған Сергей Николаевич Громов 1959 жылы Талдықорған облысында дүниеге келген. Жамбыл гидромелиорация-құрылыс институтын, Алматы саясаттану және басқару институтын, Әулие Ата университетін құқықтану бітірген. 1998 жылдан бастап мемлекеттік қызметте жұмыс істейді. Түрлі жылдары Оңтүстік Қазақстан облысында аудан әкімі, әкімнің бірінші орынбасары, Президент Әкімшілігінің мемлекеттік инспекторы болып жұмыс істеді. 2007 жылдан 2011 жыл аралығында «Нұр Отан» халықтық-демократиялық партиясының аппарат басшысы, төрағасының орынбасары, хатшысы болды. 2011 жылғы қыркүйектен 2013 жыл аралығында ҚР Қорғаныс министрінің орынбасары лауазымын атқарды. 2013 жылдың тамызынан 2016 жылдың қаңтары аралығында - V шақырылымындағы ҚР Парламенті Сенатының депутаты, Халықаралық қатынастар, қорғаныс және қауіпсіздік комитетінің мүшесі. 2016 жылдың қаңтарынан қазірге дейін ҚР Парламенті Сенаты төрағасының орынбасары болды.

Мемлекет Басшысының Жарлығымен Виктор Александрович Малиновский Қазақстан Республикасы Конституциялық Кеңесінің мүшесі қызметіне тағайындалды. Ол 1956 жылы 27 мамырда Алматы қаласында туған. Қазақ мемлекеттік университетінің заң факультетін бітірген. Заң ғылымының докторы. Қазақстан Республикасы Президенті мен Министрлер Кабинеті Аппаратының Мемлекеттік-құқық бөлімінің референті, аға референті, Республика Конституциялық Сотының судьясы болып қызмет атқарды. Соңғы уақытта «Интерньюс-Қазақстан» мекемесінде заңгер, Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогика университеті конституциялық құқық кафедрасының меңгерушісі, ҚР Бас прокурорының орынбасары, Бас прокурор болып жұмыс істеді.

Абат Шыныбеков Орал қаласының әкімі болып тағайындалды.

Абат Абайұлы 1973 жылы дүниеге келген. Батыс Қазақстан ауыл шаруашылық институтын, «Еуразия» Батыс Қазақстан менеджмент және тілдер институтын, Батыс Қазақстан инженерлік-гуманитарлық университетін бітірген. Техника ғылымдарының магистрі. Әр жылдары Қаратөбе ауданының әкімі аппаратында маман, бас маман, бөлім меңгерушісі, Батыс Қазақстан облысы әкімі аппаратында бас маман, бас инспектор, Казталов ауданының әкімінің орынбасары, Орал қаласы әкімдігінде бөлім бастығы, әкім кеңесшісі, «Нұр Отан» партиясының Батыс Қазақстан облыстық филиалы төрағасының орынбасары болып қызмет атқарған. Орал қаласының мәслихат хатшысы, Сырым ауданының әкімі қызметтерін атқарды. 2017 жылдың маусым айынан бастап Казталов ауданының әкімі болды.

Түркістан облысы әкімінің өкімімен Түркістан облысының адами әлеуетті дамыту басқармасының басшысы лауазымына Рақымбек Жолаев тағайындалды.

Рақымбек Қуатбекұлы 1979 жылы туған, білімі жоғары, мамандығы бойынша филолог, қазақ тілі мен әдебиеті пәндерінің оқытушысы, іскерлік әкімшілік магистрі. Еңбек жолын 2002 жылы Астана қаласында Қазақ-Түрік лицейінің қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі болып бастаған. Дарынды балаларға арналған Көкшетау Қазақ-Түрік лицей-интернатының, Жезқазған қаласының дарынды балаларға арналған Қазақ-Түрік ерлер лицей интернатының, Қарағанды дарынды балаларға арналған облыстық Қазақ-Түрік ерлер лицей-интернатының директоры, «НұрОрда» Қазақ-Түрік лицейінің қазақ тілі мен әдебиеті пәні мұғалімі, Қазақ Гуманитарлық заң университетінің проректоры қызметтерін атқарған. 2018 жылдың қыркүйек айынан бастап Астана халықаралық университетінің вице-президенті болып қызмет етіп келді.

Ақмола облысы әкімі аппаратының жаңа әдеп жөніндегі уәкілі қызметіне Айнагүл Балғожақызы Жанәділова тағайындалды.

Ол 1973 жылы Көкшетау қаласында туған. Ш.Уәлиханов атындағы Көкшетау педагогикалық институтын, Д.Қонаев атындағы Алматы гуманитарлық университетін бітірген. 1999-2018 жылдары ҚР Бас прокуратурасы Құқықтық статистика және арнайы есепке алу комитетінің Ақмола облысы бойынша басқармасында істеді. 2012-2018 жылдары осы Басқарма басшысының орынбасары лауазымын атқарды. Осы тағайындауға дейін Ақмола облысы бойынша статистика департаменті заң басқармасының басшысы болды.

ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Атырау облысы бойынша департаментінің басшысы болып Руслан Медетов тағайындалды.

Расул Махмұдұлы 1986 жылы Батыс Қазақстан облысында дүниеге келген. ҚазГЗУ-дің, ҚР Президенті жанындағы Мемлекеттік басқару академиясының түлегі. «Болашақ» бағдарламасы бойынша Шеффелд (Ұлыбритания) университетінде магистратураны бітірген. ҚР Жоғарғы Сотында әртүрлі лауазымдарда қызмет атқарған, Батыс Қазақстан облысы әкімі аппараты басшысының орынбасары, сондай-ақ ҚР Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің мемлекеттік көрсетілетін қызметтер департаменті басшысының орынбасары лауазымында болған. Өткен жылдың қаңтарынан бері ҚР Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Мемлекеттік қзымет департаменті директорының орынбасары қызметін атқарған. 2018 жылдың 13 сәуірінен бастап Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Ақтөбе облысы бойынша департаментін басқарған.

ҚР Президенті Әкімшілігінің және аудандық мәслихаттың келісімдері бойынша Бурабай ауданы әкімі қызметіне Әсет Азаматұлы Мұздыбаев тағайындалды.

Әсет Мұздыбаев 1972 жылы туған. Ш.Уәлиханов атындағы Көкшетау мемлекеттік университетін инженер-механик мамандығы бойынша және Көкшетау университетін қаржы бакалавры мамандығы бойынша бітірген. 1992-2005 жылдары коммерциялық құрылымдарда істеді. 2005-2012 жылдары Қазақстан Республикасы Президентінің Іс Басқармасы «Казстройсистема» АҚ менеджері, бөлім басшысы, құрылыс компаниясының бас директоры, Қазақстан Республикасы Президентінің Іс басқармасы «Мемлекеттік резиденциялар дирекциясы» РММ инженерлік-техникалық бөлімінің басшысы болып істеді. 2012-2014 жылдары – Қазақстан Республикасы Парламенті Шаруашылық басқармасы өндірістік инфрақұрылым басқармасының басшысы, 2014 жылдан бастап 2019 жылдың қаңтарына дейін ҚР ПІБ «Қараөткел» РМК директорының орынбасары қызметін атқарды. Осы тағайындауға дейін Аршалы ауданы әкімінің орынбасары болып істеген.

Автор Марлан Жиембай
Басты сөздер: Тағайындау,
Жоғары қарай