Ауа райы
Астана 6 °С
Алматы 9 °С
валюта бағамы
USD 389.86
EUR 435.32
RUB 6.12
CNY 55.12

Қазақстандағы апта ішіндегі жаңа кадрлық тағайындаулар

2019 жылдың 19 мамыр 2019 10:09

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Өтіп бара жатқан аптада бірқатар тағайындаулар сыртқы істер және мемлекеттік кірістер саласында болды. «ҚазАқпарат» ХАА апта ішіндегі осы және өзге де тағайындаулар шолуын оқырман назарына ұсынады.

***

Осы аптада Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жарлығымен сыртқы істер органдарында бірқатар ауыс-түйістер болды.

Сонымен, Ерлан Сапарұлы Байжанов Қазақстан Республикасының Вьетнам Социалистік Республикасындағы Төтенше және Өкілетті Елшісі қызметіне;

Нажмедин Мұхаметәлі Қазақстан Республикасының Оман Сұлтандығындағы Төтенше және Өкілетті Елшісі қызметіне;

Данияр Қабидоллаұлы Сарекенов Қазақстан Республикасының Индонезия Республикасындағы Төтенше және Өкілетті Елшісі қызметіне;

Жанна Сәбитқызы Сартбаева Қазақстан Республикасының Финляндия Республикасындағы Төтенше және Өкілетті Елшісі қызметіне тағайындалды.

***

Мемлекет басшысының Өкімімен Тимур Тұрарұлы Дәндібаев Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрінің орынбасары қызметіне тағайындалды.

***

Бұл апатада ҚР Қаржы министрлігі Мемлекеттік кірістер комитеті жүйесінде бірқатар тағайындау болды.

Исақов Құлмұханбет Мырзахметұлы Астана қаласы бойынша Мемлекеттік кірістер департаментінің басшысы болып тағайындалды.

Қ. Исақов 1969 жылы туған, білімі жоғары. Еңбек жолын 1992 жылы салық органдарында бастады. Алматы қаласы бойынша Салық комитетінде әр түрлі лауазымдар атқарған. Алматы облысы бойынша Салық департаменті басшысының орынбасары, Алматы облысы бойынша Мемлекеттік кірістер департаментінің басшысы. 2017 жылдан бастап қазіргі уақытқа дейін ҚР Қаржы министрлігі Мемлекеттік кірістер комитетінің Жамбыл облысы бойынша Мемлекеттік кірістер департаментінің басшысы болды.

Бұдан бөлек, Орқашбаев Қайрат Мұрзасалықұлы Қарағанды облысы бойынша Мемлекеттік кірістер департаментінің басшысы болып қызметке кірісті.

Қ. Орқашбаев 1974 жылы туған, білімі жоғары. Еңбек жолын 1998 жылы салық органдарында бастаған. Қостанай облысы бойынша Салық комитетінде әртүрлі лауазымдар атқарған. Қостанай облысы бойынша Салық департаменті басшысының орынбасары. 2014 жылдан бастап қазіргі уақытқа дейін ҚР Қаржы министрлігі Мемлекеттік кірістер комитетінің Қарағанды облысы бойынша Мемлекеттік кірістер департаменті басшысының орынбасары қызметін атқарды.

Сонымен қатар, Айнабеков Бауыржан Қазбекұлы Павлодар облысы бойынша Мемлекеттік кірістер департаменті басшысының міндетін атқарушы болып тағайындалды.

Б. Айнабеков 1971 жылы туған, жоғары білімді. Еңбек жолын 1994 жылы салық органдарында бастаған. Алматы облысы және Алматы қаласы бойынша Салық комитеттерінде әр түрлі лауазымдарда қызмет еткен. Алматы облысы бойынша Салық департаменті бастығының орынбасары, Шығыс Қазақстан облысы бойынша Мемлекеттік кірістер департаментінің басшысы. 2018 жылдан бастап қазіргі уақытқа дейін ҚР Қаржы министрлігі Мемлекеттік кірістер комитетінің Астана қаласы бойынша Мемлекеттік кірістер департаментінің басшысы болды.

Шыңғыс Әнуарбеков Ақмола облысы бойынша Мемлекеттік кірістер департаментінің басшысы болып тағайындалды.

Ш. Әлібекұлы 1979 жылы туған. Жоғары білімді. Еңбек жолын 1998 жылы салық органдарында бастаған. Алматы қаласы бойынша Салық комитетінде әртүрлі қызметтерде істеді. Алматы қаласы бойынша Салық департаменті, Қостанай облысы бойынша Мемлекеттік кірістер департаменттері басшысының орынбасары, 2015 жылдан бастап бүгінгі күнге дейін ҚР Қаржы министрлігі Мемлекеттік кірістер комитетінің Камералдық бақылау басқармасының басшысы, одан кейін Қашықтан мониторинг жүргізу басқармасының басшысы лауазымында болды.

Жолмұхамбетов Қайрат Басғараұлы Атырау облысы бойынша Мемлекеттік кірістер департаментінің басшысы болып тағайындалды.

Қ. Басғараұлы, 1976 жылы туған. Жоғары білімді. Еңбек жолын 1997 жылы салық органдарында бастаған. Қостанай облысы бойынша Салық комитетінде әртүрлі лауазымдар атқарған. Атырау облысы бойынша Салық департаменті басшысының орынбасары, Батыс Қазақстан облысы, Солтүстік Қазақстан облыстары бойынша Салық департаментінің басшысы. 2017 жылдан бастап қазіргі уақытқа дейін ҚР Қаржы министрлігі Мемлекеттік кірістер комитетінің Салық салу әдіснамасы департаментінің директоры.

Нурмулдин Дулат Нұрахметұлы Түркістан облысы бойынша Мемлекеттік кірістер департаменті басшысының міндетін атқарушы болып тағайындалды.

Д. Нұрахметұлы, 1967 жылы туған. Омбы мемлекеттік ауыл шаруашылығы институтын, Мәскеу заманауи гуманитарлық институтын, Кокшетау гуманитарлық-экономикалық университетін бітірген.

Салық органдарында 1992 жылдан бастап жұмыс істеп келеді.

Солтүстік Қазақстан облысы бойынша салық комитетінде салық инспекторынан бастап, төраға орынбасары, сосын Оңтүстік Қазақстан облысы бойынша салық департаментінің басшысы, Ақмола облысы бойынша салық департаментінің басшысы лауазымдарын атқарды.

2014 -2015 жылдар аралығында Ақмола облысының әкімінің орынбасары, 2015 - 2019 жылдар аралығындаАқмола облыстық маслихатының хатшысы қызметінде болды.

Сәрсембаев Төлеген Қапсалықұлы Алматы облысы бойынша Мемлекеттік кірістер департаменті басшысының міндетін атқарушы болып тағайындалды.

Т. Қапсалықұлы 1968 жылы туған. Алматы халық шаруашылығы институтын, Яссауи атындағы Қазақ-Түрік университетін бітірген.

Қаржы саласында еңбек жолын 1993 жылы бастады. Алматы қаласы, Алматы облысы бойынша мемлекеттік қаржы бақылау басқармаларында, сосын Алматы қаласы Түрксіб, Бостандық аудандары бойынша комитетінде жұмыс атқарды. Қызылорда, Жамбыл, Шығыс Қазақстан, Павлодар облыстары бойынша салық департаменттерінің басшысы, 2017 жылдан 2018 жылға дейін Оңтүстік Қазақстан облысы әкімінің орынбасары, 2018 жылдан 2019 жылға дейін Түркістан облысы әкімінің орынбасары лауазымдарын атқарды.

***

Елорда әкімінің өкімімен Нұрлан Уранхаев сәулет, қала құрылысы және жер қатынастары басқармасының басшысы болып тағайындады.

Н. Тельманұлы 1965 жылдың 4 мамырында туған. Білімі - жоғары. «Инженер-механик», «экономист-менеджер», «инженер-құрылысшысы» мамандығы бойынша білім алған. Еңбек жолын 1987 жылы слесар-монтажшы болып бастады. Бұдан кейінгі жылдарда ол Семейдегі «Казпромтехмонтаж» тресінде мастер болып жұмыс істеді. 1995 жылдан 1997 жылға дейін - Семей қаласындағы «Сары-Арқа» АӨК басқарды.

2003 жылдан 2005 жылға дейін Шығыс Қазақстан облысының энергетика, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, құрылыс және көлік барқармасының басшысы. 2005 - 2006 жылдары Шығыс Қазақстан облысы күрделі құрылыс басқармасының бастығы. 2006 - 2007 жылдары Шығыс Қазақстан облысы әкімінің орынбасары.

2007 жылы - Астана қаласының ТЖМ мемлекеттік материалдық резерві комитетінің төрағасы. 2008 жылы ҚР Президентінің әкімшілік инспекторы. 2009 - 2010 жылдары «Ертіс» ӘКК-нің басқарма басшысының орынбасары. 2010 - 2013 жылдары Қызылорда облысы әкімінің орынбасары. 2013-2014 жылдары Семей қаласы гуманитарлық заң университеті президентінің кеңесшісі. 2014 жылы Тұтынушылардың құқықтарын қорғау агенттігі төрағасының орынбасары. 2015-2017 жылдары Ұлттық экономика министрлігінің ««ҚазҚСҒЗЖИ» АҚ бас директоры. 2017 -2018 жылдарыАлматы қаласы сәулет және қала құрылысы басқармасының басшысы. 2018 жылы ҚР Ұлттық экономика министрлігі Құрылыс және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық істері жөніндегі комитеті «ҚазҚСҒЗЖИ» АҚ-ның бас директорының кеңесшісі.

***

Осы аптада Ақтөбе облысында екі басқарманың жаңа басшылары таныстырылды. Атап айтқанда, аймақтық Индустриялық- инновациялық даму басқармасының басшысы болып Дархан Ермағанбетов, Кәсіпкерлік басқармасының басшысы лауазымына Ерлан Назаров тағайындалды.

Ермағанбетов Дархан Жанысханұлы 1986 жылы туған. Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе мемлекеттік университетін «Мемлекеттік және жергілікті басқару» мамандығы бойынша бітірген. 2012 жылы Батыс Қазақстан инженерлік-гуманитарлық университетінде экономика магистрі дәрежесін алды.

2008 жылдан бастап мемлекеттік қызмет саласына келіп, білім және кәсіпкерлік басқармаларында түрлі қызметтер атқарды. 2014 жылдың қыркүйек айынан бастап, қазіргі уақытқа дейін Индустриялық-инновациялық даму басқармасы басшысының орынбасары қызметін атқарды.

Назаров Ерлан Асылбекұлы 1983 жылы туған. Қорқыт ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетін, ҚР Президенті жанындағы Мемлекеттік басқару академиясын, Мемлекеттік саясаттың ұлттық мектебін, Дьюка университетін (АҚШ) бітірген.

Еңбек жолын 2004 жылы Қызылорда облыстық Статистика басқармасында маман болып бастады. Кейін Қызылорда, Солтүстік Қазақстан, Ақтөбе облыстарында мемлекеттік қызмет саласында түрлі лауазымдарда жұмыс істеді. 2017 жылдың қаңтар айынан 2019 жылдың ақпанына дейін Ақтөбе облыстық Индустриалық-инновациялық даму басқармасының басшысы қызметін атқарды.

***

Тимур Құлыбаев ХОК комиссиясының мүшесі болып тағайындалды. Бұл туралы ҚазАқпарат ҚР ҰОК сілтеме жасап хабарлайды.

Халықаралық Олимпиада комитетінің басшысы, доктор Томас Бах Қазақстан ҰОК президенті Тимур Құлыбаевқа хат жолдап, оны қоғаммен байланыс және спорт арқылы әлеуметтік даму жөніндегі (Public Affairs and Social Development through Sport Commission, PASD) ХОК Комиссиясының мүшесі атануымен құттықтады.

Аталған комиссия бұған дейін халықаралық қатынастар жөніндегі Комиссия деп аталатын. PASD негізгі міндеттері қатарына ХОК сессияларын өткізу, ұйымның атқарушы комитеті мен ХОК президентіне әлемдегі Спорт пен Олимпизм рөлін дамыту стратегияларын түсіндіру, Олимпиадалық қозғалысты дамыту, БҰҰ және Олимпиадалық ойындардан бөлек өзге де ұйымдармен байланыс орнату жөнінде кеңес беру жатады.

Айта кету керек, Қазақстан ҰОК президенті алғаш рет 2017 жылдың сәуір айында аталған Комиссия қатарына енген. 2018 жылдың тамызында ХОК басшысы PASD құрамын қайта қарап, Т. Құлыбаевты қайтадан тағайындады. 2019 жылы әлемдегі гендерлік және құрлықтық теңдікті сақтау мақсатында Томас Бах жетекші мамандармен бірге комиссия құрамын қайта қарады. Бүгінде PASD құрамында 10 әйел адам және 18 ер адам бар.

***

ҚР Ұлттық банкі төрағасының орынбасары Есжан Біртанов KASE директорлар кеңесінің төрағасы болып сайланды.

Мұндай шешімді Қазақстан қор биржасының (KASE) директорлар кеңесі қабылдады.

Сондай-ақ, KASE директорлар кеңесінің төрағасы болмаған жағдайда, оның міндетін атқарушы ретінде директорлар кеңесінің мүшесі - «Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қоры» АҚ тәуелсіз директоры, «Қазақстан қаржыгерлер қауымдастығы» ЗТБ кеңесінің мүшесі Қадыржан Дамитов тағайындалды.

Айта кетейік, биылғы жылдың 28 наурызында Мемлекет басшысының жарлығымен Есжан Біртанов Қазақстан Республикасы Ұлттық банкі төрағасының орынбасары болып тағайындалған болатын.

***

Тәжияқов Ғалымжан Бисенғалиұлы 2019 жылдың 15 мамырынан бастап «Қазақстан Ұлттық Банкінің Ұлттық инвестициялық корпорациясы» АҚ-ның Басқарма төрағасы және Директорлар кеңесінің мүшесі болып сайланды.

Ғ. Тәжияқов сайлауға дейін «Бәйтерек» холдингі басқармасы төрағасының орынбасары қызметінде болды. Онда активтерді басқару, корпоративтік қаржы, стратегия мен корпоративтік даму, талдау және зерттеу мәселелерімен айналысты. Ғалымжан Тәжияқовтың банк және корпоративтік басқару саласында 15 жылдан астам басқарушылық тәжірибесі бар, соның ішінде «Ситибанк Қазақстан» АҚ, «HSBC Банк Казақстан» АҚ, «ABN AMRO Банк Қазақстан» АҚ-да әртүрлі басшылық қызметтерді атқарды.

Қазақ ұлттық басқару академиясын, Дарем Университетінің бизнес-мектебін (Ұлыбритания) бітірген.

Автор Руслан Ғаббасов
Басты сөздер: Тағайындау,
Жоғары қарай