Ауа райы
Нұр-Сұлтан 16 °С
Алматы 16 °С
валюта бағамы
USD 379.59
EUR 429.43
RUB 5.91
CNY 56.58

Қазақстандағы апта ішіндегі кадрлық тағайындаулар

2018 жылдың 19 тамыз 2018 12:15 257

АСТАНА. ҚазАқпарат - Осы аптада еліміздің бірқатар өңірлерінде кадрлық ауыс-түйіс орын алды. Мәселен, Түркістан, Ақмола облыстары әкімдерінің жаңа орынбасарлары тағайындалса, Ақтөбе, Алматы облыстық әкімдіктеріне қарасты басқармалардың басшылары ауысты. ҚазАқпарат апта ішінде болған осы және өзге де тағайындауларға шолу жасайды.

Сонымен ҚР Үкіметінің қаулысымен Нұрлыбай Сәбит Нұрлыбайұлы ҚР энергетика вице-министрі лауазымына тағайындалды

Сәбит Нұрлыбай 1967 жылы Оңтүстік Қазақстан облысында дүниеге келген. Қазақ политехникалық институтын, А.Яссауи атындағы Халықаралық Қазақ-Түрік университетін тәмамдаған. Мамандығы - инженер-механик, заңгер. Еңбек жолын 1991 жылы бастаған. Әр жылдары мемлекеттік органдардың құрылымында, оның ішінде ҚР Сыртқы экономикалық байланыстар министрлігінде, ҚР Өнеркәсіп және сауда министрлігінде, ҚР Парламентінде және коммерциялық кәсіпорындарда жұмыс істеген. 1998-2004 жылдары ҚР Энергетика, индустрия және сауда министрлігінде, Энергетика және минералды ресурстар министрлігінде, ҚР Жоғарғы Соты жанындағы Сот әкімшілігі жөніндегі комитетте қызмет еткен. 2004-2009 жылдары Астана қаласының Тұрғын үй департаментінің директоры лауазымын атқарды; білім және ғылым министрінің кеңесшісі, Әкімшілік қамтамасыз ету департаментінің директоры, ҚР Білім және ғылым министрлігінің аппарат басшысы; «ҚазТрансГаз» АҚ аппарат басшысы, бас директордың кеңесшісі ретінде қызмет атқарды. 2009-2017 жылдары ҚР Бас прокуратурасының Құқықтық статистика және арнайы есеп комитеті төрағасының орынбасары, бірінші орынбасары болып еңбек етті. 2017-2018 жылдары - ҚР Энергетика министрлігінің Экологиялық реттеу және бақылау комитетінің төрағасы орынбасарының м.а., орынбасары. 2018 жылдың наурыз айынан бастап қазіргі уақытқа дейін ҚР Энергетика министрінің кеңесшісі қызметін атқарды.

Қазақстан Президенті Әкімшілігінің келісімімен Түркістан облысы әкімінің бұйрығына сәйкес, Қайрат Нүкенов Түркістан облысы әкімінің бірінші орынбасары лауазымына тағайындалды,

Қайрат Теміршотұлы 1970 жылы 15 қыркүйекте Павлодар облысының Железин ауданындағы Захаров ауылында дүниеге келген. 1987 жылы Железиндегі ауыл мектебін бітірген соң «Железин» кеңшарында мал шаруашылығы кешенінің жұмысшысы ретінде еңбек жолын бастайды. 1988 жылдан 1990 жылға дейін әскер қатарында болып, кейін «Трестжилстрой» шаруашылық есепті жастар бірлестігінде экспедитор болып істеді. 1992 жылдан бастап коммерциялық құрылымдарда басшылық лауазымдарын атқарды. 2002 жылы Омбы қаласындағы Сібір мемлекеттік автомобиль-жолдары академиясын «Экономика және кәсіпорындардағы басқару» мамандығы бойынша, 2014 жылы П.А. Столыпин атындағы Омбы аграрлық университетін «Жеміс-көкөніс және жүзім шаруашылығы» мамандығы бойынша аяқтады. 2012-2013 жылдар аралығында - Железин ауданының әкімі. 2013 жылы - Павлодар облысы кәсіпкерлік және сауда басқармасының басшысы. 2014 жылдың маусым айынан бастап - Павлодар облысы Ақсу қаласының әкімі, 2016 жылдың сәуірінен бастап Екібастұз қаласының әкімі болып қызмет атқарды.  

Марат Иғалиев Ақмола облысы әкімінің туризм, индустрияландыру, кәсіпкерлік және инвестициялар мәселелері бойынша  орынбасары болып тағайындалды.

Марат Иғалиев 1974 жылы туған, К.Жұбанов атындағы Ақтөбе педагогикалық институтын, ҚР Президенті жанындағы мемлекеттік академия, Алматы  экономика және статистика институтын тәмамдаған.  Саяси ғылымдардың кандидаты. Мемлекеттік қызметтегі еңбек жолын 1999 ҚР Қауіпсіздігі Кеңесі орталығында сарапшы болып бастады. 2003-2009 жылдары аралығында Ақтөбе облысы әкімі аппаратының басшысы, ҚР Президенті Әкімшілігінің мемлекеттік бақылау және ұйымдастыру бөлімінде бас инспектор,  ҚР Қоршаған ортаны қорғау министрінің кеңесші, ҚР Қоршаған ортаны қорғау министрлігі Экологиялық реттеу комитеті төрағасының орынбасары лауазымдарында болды. 2010-2017 жылдары аралығында ҚР Индустрия және сауда министрлігі Сауда комитеті төрағасының орынбасары, ҚР Индустрия және жаңа технологиялар министрінің кеңесші, ҚР Индустрия және жаңа технологиялар министрлігі Атом энергиясы комитеті төрағасының орынбасары, ҚР Индустрия және жаңа технологиялар министрлігі Әкімшілік-кадр жұмысы департаментінің директоры, ҚР Индустрия және жаңа технологиялар министрлігі Туризм индустриясы комитетінің төрағасы қызметтерін атқарды. 2014-2017 жылдары аралығында ҚР  Инвестициялар және даму министрі кадр жұмысы және туризм индустриясы департаментін басқарды. «Казконтент» АҚ төрағасы орынбасары қызметін атқарды. Ол жаңа қызметке тағайындалғанға дейін Ақмола облысы әкімінің туризм жөніндегі кеңесшісі болды.

Ақтөбе облысы әкімдігінде де жаңа тағайындаулар болды. Атап айтқанда, облыстық экономика және бюджетті жоспарлау басқармасының басшысы қызметіне Гүлқасима Сүйінтаева тағайындалды.

Гүлқасима Сүйінтаева 1964 жылы Ақтөбе облысында дүниеге келген. Алматы халық шаруашылығы институтын, Халықаралық академияны тәмамдаған. Мамандығы - экономист, іскер әкімшілік магистрі. Еңбек жолын 1993 жылы №1 Ақтөбе қалалық денсаулық сақтау бөлімінің орталықтандырылған есепшісі қызметінен бастады. Әр жылдары облыстық денсаулық сақтау басқармасының бас есепшісі, Медициналық қызметтерге төлем жасау орталығының облыстық бөлімшесінің директоры, Қаржылық бақылау және мемлекеттік сатып алулар басқармасы бастығының орынбасары, ҚР денсаулық сақтау министрлігінің экономика және қаржы департаментінің директоры болып қызмет атқарды. 2017 жылғы мамырдан бастап жаңа қызметке тағайындалғанға дейін Ақтөбе облысының қаржы басқармасы басшысы болып еңбек етті.

Ал Ақтөбе қаласының әкімі Ілияс Испановтың көмекшісі, қала әкімінің аппарат жетекшісі болған Нұрлан Күнтуов енді облыстық жастар саясаты мәселелері жөніндегі басқарманы басқарады.

Нұрлан Күнтуов 1982 жылы Ақтөбе облысында туған. Білімі жоғары, Қазақ-орыс халықаралық университетін заңгер және «Тұран-Астана» университетін мемлекеттік және жергілікті басқару мамандықтары бойынша тәмамдаған.

«Рика ТВ» телеарнасының бағдарлама бөлімі басшысы, Ақтөбе облыстық сотының іс жүргізушісі, жетекші маманы, ұйымдастыру-талдау бөлімінің басшысы, стратегиялық әзірлемелер және талдау бөлімінің сарапшысы, ҚР Жоғарғы сотының Көпшілікпен және бұқаралық ақпарат құралдарымен өзара байланыс бөлімі меңгерушісінің орынбасары, ҚР Жоғарғы сотының төрағасы хатшылығының бас сарапшысы, Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының жанындағы Соттардың қызметін қамтамасыз ету департаментінің жергілікті соттардың және кеңселердің қызметін ұйымдық-құқықтық қамтамасыз ету бөлімі құжат айналым секторының бас консультанты-басшысының көмекшісі болып қызмет атқарды.

Алматы облысы әкімінің өкімімен Қуанышбек Қалиұлы Қашқынбаев облыстық жер қатынастары басқармасының басшысы лауазымына тағайындалды

Қуанышбек Қалиұлы 1962 жылы туған. Ленин атындағы Қазақ политехникалық институтын, Мәскеу мемлекеттік әлеуметтік университетін бітірген. Еңбек жолын Қырғызстан Республикасында Ыстықкөл кеңшар техникумының жұмысшысы болып бастаған. Әр жылдары «Казлифт» республикалық өндірістік тресінің 1 разрядты электр механигі, учаске шебері, «Электросеть» шағын өндірістік кәсіпорны директорының орынбасары, «Казжилкомонторг» коммерциялық фирмасының тауартанушысы, құрылыс тобының жетекшісі, «Шаруа» АҚ-ның бас маманы, Алматы қалалық жер қатынастары және жерге орналастыру комитетінің бас маманы, «Алматыгеокад» ЖШС-ның Бостандық аудандық жерге орналастыру бөлімінің бас маманы, «Алматыгеокад» ЖШС Әуезов аудандық жерге орналастыру бөлімінің бастығы, «Алматыжеркадастр» КМК Әуезов аудандық бөлімінің бастығы, Алматы қалалық жер ресурстарын басқару комитетінің жетекші маманы, Алматы қалалық аумақтық жер ресурстарын басқару жөніндегі басқарманың бөлім бастығы, «Алматы қалалық ЖерҒӨО» еншілес мемлекеттік кәсіпорнының бас инженері, директордың орынбасары, бірінші орынбасары, директоры, Алматы қаласының жер қатынастары басқармасының бастығы, Алматы қаласы Наурызбай ауданының әкімі, Алматы қаласының ауыл шаруашылығы және ветеринария басқармасының басшысы болып жұмыс істеген.

«Қазатомөнеркәсіп» Ұлттық атом компаниясы» АҚ Директорлар кеңесінің құрамы өзгерді. Атап атйқанда, «Самұрық-Қазына» АҚ басқармасы компанияның директорлар кеңесінің төменде көрсетілген жаңа құрамын бекіту жөнінде шешім қабылдады:  Джон Дудас - Директорлар кеңесінің Төрағасы,тәуелсіз директор;  Ғалымжан Пірматов - Басқарма Төрағасы, Директорлар кеңесінің мүшесі;  Нил Лонгфэллоу -¬ тәуелсіз директор;  Расселл Бэнхам - тәуелсіз директор;  Алик Айдарбаев - Жалғыз акционер өкілі;  Бейбіт Қарымсақов - Жалғыз акционер өкілі; Қанат Құдайберген - Жалғыз акционер өкілі.

2015 жылдан бері «Қазатомөнеркәсіп» ҰАК» АҚ Директорлар кеңесінің тәуелсіз мүшесі болып табылатын Джон Дудас «Қазатомөнеркәсіп» ҰАК» АҚ Директорлар кеңесінің Төрағасы болып сайланды. Осы уақытқа дейін бұл қызметті Қазақстан Республикасы Премьер-министрінің бірінші орынбасары Асқар Мамин атқарып келді.

 

 

Автор: Марлан Жиембай
Басты сөздер: Тағайындау,
Жоғары қарай